Өлеңдер ✍️

  21.09.2021
  410


Автор: Серікзат Дүйсенғазин

Қараша өмір...


Қақ төбемнен қаңқылдап мазамды алған,
Қаз боп ұшып кеттің бе, қазан - жалған?!
Жаз дәуренін жоғалтып жол ортада,
Пәк сезімді қайтейін, таза алданған!

Көңілімнің көл мұңын қамыс тыңдап,
Жапырақтай қураған жан ышқынбақ.
Қара таудан құлдилап қыс келеді,
Қарашаның мұңындай қар ұшқындап.

Сұрғылт бұлттың қабағы енді ауырлап,
Көкірекке байланар шер қалыңдап.
Ен далада еңсесін көтере алмай
Қалың тұман көшеді жер бауырлап.

Ызғырық жел жеткізсе қыс дәлелін,
Алай-түлей борайды ішкі әлемім.
Қанат байлап бірге ұшып кетсем бе екен,
Жылы жаққа бетке алып құстар елін?

Тамырына суықтан тоң байланған,
Кәрі ағаштың бұтағы шорға айналған.
Жүрегімде сөнбейдіі жалғыз үміт,
Күздің соңғы гүліндей солмай қалған.

Қазан өтсе қарсы алар қауыс алдан,
Өткен өмір жеткізбес - алыс арман.
Адамзаттың бітпейтін мәңгі аңсарын
Жүз жыл жырлап өтсем де тауыса алман.

Серікзат Дүйсенғазы
Serikzat Duisengazy

01.10.2020




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу