Өлеңдер ✍️
Туған жерге сағыныш
Алыста жатқан ауылды аңсаймын,
Астана жақтан елеңдеп кейде.
Сағынып жүрек, сарылған сайын,
Сарала қаздай өлең жетпей ме?
Шаһардан жеріп тастан қаланған,
Құлын шағымның құнын жоймаймын.
Тас жарып шыққан бастаудан алған
Бұлақтай мөлдір күнімді ойлаймын.
Ыстықсың ескі жұртым-ау маған,
Бабамның даңғыл белгісі жолың.
Қарашығымда бұлтың аунаған,
Өкпетім бөлек болмысым едің.
Көкжалдар жортқан көне жотаңда,
Тасыңның тарих төркіні кілең.
Бөрі боп кірген өлең-отауға,
Бөрілі тауым бөлтірігің ем.
Қызылтасымның қысын армандап,
Қызарып батқан күннен сұраймын.
Түлкі аулап қайтар тұсынан барлап,
Қансонарыңды кімнен сұраймын.
Аягөз-бұлақ қан тамырымда,
Бүлкілдеп соққан тағдырымбысың.
Табиғат сыры тартады мұңға
Дарытқан бойға барлық үлгісін.
Жанымның сырын жасырмай кетем,
Жарқ ете қалсам жасындай жырлап.
Әлемде сірә, асыл бар ма екен,
Тарбағатайымның тасындай қымбат.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter