Өлеңдер ✍️

  21.09.2021
  293


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Бір тал гүлің бұл маған

Бір тал гүлің бұл маған
Құрметіңнің белгісі.
Қадіріңді сыйлаған
Танымасам, нем кісі.
Жүрек пақыр алғысын
Келеді айтып бергісі
Жеткізер ме бар тұсын
Терсем сөздің зерлісі.
Сөздің қыңыр кезі бар
Кейде ырқыңа көнбейтін.
Көңілде ойдың көзі бар
Айта бергің келмейтін.
Бұзып-жарған циклон сынды,
Сумаң ауыз жайған өсек.
О, бұл күнде өсек бұлды,
Аржағында жатса да есеп.
Доптай қағып жібереді
Ақ көңілді, аңқауларды.
Шың басына шығарады
Жылмаңдарды, жалқауларды.
Әділет деп тақылдама,
Сақ болғайсың ауызыңа.
Сүйенерің болмаса егер
Сиярсың ши қауызына.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу