Өлеңдер ✍️

  21.09.2021
  150


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Сен сынды шоқпарым жоқ қолда сайлы

Сен сынды шоқпарым жоқ қолда сайлы,
Тобым жоқ, мені ешкім қолдамайды.
Япыр-ау жүз жасай ма мына құзғын
Деп мені ешбір пенде қарғамайды.
Аузында ірік-шірік мақал ескі,
Көрерміз кім боларын тоқал ешкі.
Сазарған қайрақсың бір қарғыс өтпес
Естіген қарғыстан тек қарның өсті.
Аға-іні боп жүрген жандар жарасып,
«Ел тірегі ардагерім» санасып...
Бір-ақ күнде бордай іріп жөнелді
Төрт жүз сомның пұшпағына таласып.
Кеп ішінде әр бүлікке бас болып,
«Аға» шықты бауырына қас болып.
Ұяласын таламайды қасқыр да,
Деуші еді, өттім тамағынан ас болып.
О, опасыз ақша, атақ, қандайсың,
Осалдарды ойсырата жалмайсың.
Топыраққа ғана тояр көздерді,
Бұл ғұмырда сен тойдыра алмайсың.
Дүние қоңыз болып өскен жасынан
Мақсаты сол, соған ғана бас ұрған.
Апайшылар айна сатқан көргені,
Соған ұқсап шірік байлық асырған.
Не күтесің құлқын құлы тасырдан.
Ар-ұят деген адамға
Жүре-бара келмейді.
Керісінше кейбіреу
Тіршілік қамын күйттеп,
Өсе келе аз арын
Өзі көміп, жерлейді.
Ары қымбат адамның
Жолы да бола бермейді,
«Арлы арына қараса,
Арсыз жеңдім мен дейді».
Деген сынды күншілдің,
Күйелі ісі үшін де
Арлы ұялып терлейді.
Арынан азған адамдық
Табиғатын қорлайды.
Сары алтын сөзден садаға
Санатқа қоспа ондайды.
Қарадай маған кектеніп,
Білемін жүрсің жек көріп.
Айтыса алмай бет келіп,
Қойып ең неңді тек беріп?
Ісіммен осы сөзіммен,
Осынау егде кезіммен,
Бар қалпым, мына өзім, мен,
Кетем ғой сені қоржынша бөктеріп.
Өзің де сезесің ғой,
Қайтесің, төзесің ғой.
Алам ғой он екі орап,
Салыссаң теңесіп бой.
Ішке бүксең сырыңды,
Ішқұса болып өтерсің.
Жеңіл ауыз жырынды
Білсе, есек боп кетерсің.
Жоқ сенімді серіктес
Қағазға төкпей не етерсің!
Неге мені білемін жек көресің,
Сенен тәуір дегенге кектенесің.
Бүгін алтын санаған көңіліңді,
Мәжбүр етем, әзің ап кеп бересің.
Бойым биік, жүзім ақ сенен гөрі,
Мүсінім бар сергек сән денеңдегі.
Сөйлеп кетсем, аузыңды ашқызамын,
Үйлесімім сазды әсем өлеңдегі.
Тезек теріп қаласың ән шырқасам,
Адасасың түтекте мен бұрқасам.
Ақ-қараны мен сенен тез танимын,
Сен жанаспас биікті мен қырық асам.
Ақ жарылып жүремін ақтарылып,
Әлем ән сап, алдымнан бақтар күліп
Тұрады ылғи бұлтты сәттерім аз
Сирек менде отырар шақ тарылып.
Танымастай бәйгеге қосыларды,
Соқыр деп пе ен жұрт көрмей осыларды?
Пейілім ақ, болған соң жүзім жарқын
Бақыт өзі алдымнан тосып алды.
Жарқыным жала жаппа сен маған,
Mен ылғи өзімнің ақ көңіліме бағам.
Аңқылдап жүріп төтемен кетем, тырнақ бүкпеймін,
Демеймін биіктеу тұрған дәрежелерге жағам.
Жарқыным, жала жаппа сен маған,
Демеймін әсте көңілінен шығып, көптің бәріне жағам.
Жаным қас жалпақ апайға тапсам тек адал,
ақ пейілімнен табам, Көрге де тап осы мінезіммен барам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу