Өлеңдер ✍️

  20.09.2021
  209


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Сынақ

Өмір – ұласқан сынақ,
Басталады қаз басқаныңнан.
Сүріне-жығыла жүріп,
Дүниеге көз ашқаныңнан,
Аймақтан ала алғаныңнан,
Оған өз қосқаныңнан,
Сынақшы көңілден табылып,
Кәдеге өз асқаныңнан.
Жастықта жалындап
жана алмасаң сын.
Өмірге «кірпіш боп
қаланбасаң» сын.
Бір айтып, бір кесіп
Сертінде қала алмасаң сын,
Қиынға бара алмасаң,
бөгетті ала алмасаң сын.
Жан қияр адал дос танып,
Шын серік бола алмасаң сын.
Ұя сап
тұғырға қона алмасаң сын,
Шаңыраққа тіреуіш
бола алмасаң сын.
Кең тұсау,
ұзын арқау өсіріп,
Өмірді жалғамасаң сын.
Мол пішіп, кесек турап,
Азамат бағанды өзің
барламасаң сын.
Қарттықта абайламасаң сын,
Алды-артыңа
қарайламасаң сын.
Әріңе қарай киіп,
Әліңе қарай ішіп,
Сүйкімнің қамын ойлап.
Сый-құрмет нәріне бойлап
Әрекет ете алмасаң сын,
Абырой мәніне
жете алмасаң сын.
Жаспенен жағалассаң сын,
Әр іске килігіп аралассаң сын,
Сақалды саудаға салып,
Салмақты бағалассаң сын,
Ауытқып әділеттен,
Көрінеу жаза бассаң сын.
Ойлап ем,
өмір сынақшының
Осы сынынан аман өттім.
Азамат қарызын
Адал,
Тер төгіп тамам етті.
Оның құр далбаса екен,
Сынақтар кезекпен алмасады екен.
Жаңбырдан соңғы
Саңырауқұлақша туындап,
Өкшелеп жармасады екен.
Әр кезде алдыңнан шығып,
Өзіңмен арбасады екен.
Осылай ғұмырың бойы
Жолыңнан сынақ кетпей,
Самайыңды ақ күміс шалып,
Аздан соң ол дағы қалып,
Алатаудың ақ шыңындай
Алып басыңның өзін
Аппақ қар басады екен. 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу