Өлеңдер ✍️

  19.09.2021
  186


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Армысың, Бағдат!

Армысың, Бағдат!
Өзіндей тарих шежіре,
Толқытып, баурап,
Себепкер болдың сөзіме.
Ойларым кейде
әл-Фарабиге ілесіп,
Жүретін еді
Оқшаулай соғып өзіңе.
Нәсіп боп міне,
Өзіңмен бүгін жүздестім,
Мен қазақ елінің
Ақ даласында түзде өстім,
Бавилония,
Басра, Бағдат, Қос өзен,
Таныссың маған
Тарихыңды да біле өстім.
Таныған мынау
Бүкіл әлемнің алабы,
Ұстаз деп білген
Данышпан ойшыл дананы
Құшаққа алдың,
Менің бабам – Әбунасыр әл-Фараби
Ауаңды жұтып,
Құмыңды басты табаны.
Жасымнан қанып
Оқығам араб дастанын,
Бәйіттеріңнің
Ғазалдарыңның танып астарын.
Естай ақынның
Қорланын іздеп,
Өзіңді
Білемін шырқап
Әніне асқақ қосқанын.
Шымырлап аққан
Сарқылмас көзі бұлақша
Мың бір түн жетіп,
Біздің елге де жыраққа.
Кеп жүректерде
Ақындық отын тұтатып,
Талапты ерді
Мінгізген талай пыраққа.
Ендеше достық
Тамыры жатыр тереңде,
Сыймайтын мынау
Аз ғана арнау өлеңге.
Көңілден адал
Тілерім – бірлік, татулық,
Аспаның ашық
Бейбіт күн тұрсын төбеңде.
II
Қала Бағдат – қарбаласы, қамы көп,
Біреу сорлап,
Біреулердің бағы үдеп
Жүргендей,
Тек тұйық ару мен үшін,
Сыр ашпайды
өзің біліп, таны деп.
Танығаным, өзім барлап көргенім –
Бір Бағдатта екі ұдайлық өргені.
Көне менен бүгінгінің шендесе,
Иықтаса келіп атой бергені.
Жаңбыр жуған қарақаттай жанары,
Шүпірлеген жетелеп топ баланы,
Тұла бойын көме қара жамылған
Араб әйел мұңға көмді сананы.
Европа үлгісімен киінген
Жап-жас жігіт шыға кеп бір бүйірден
Көк мешітке көкке қарап мелшиген
Кірді жайлап тағзым етіп иілген.
Көру үшін біз де кірдік.
Байқадым
Жүзін беріп құбылаға,
айтарын
Әлгі жігіт жан жүректен ақтарып,
Құран сүйіп отыр мүлгіп шайқалып.
Араласаң һарон – Рашид көшесін,
Көңілінде көп түйінді шешесің.
Зәулім үйлер мешіттерден иіндес
Қайтарып тұр биіктіктің есесін.
Машиналар сыймай көше қайысқан
Зымырайды оңға-солға ойысқан.
Ұшырайды Бәдәуидің есегі,
Белі үзіліп, ши аяғы майысқан.
Таңдандырып қайшыласқан жан-жақты
Тепең қағып өте берді салт атты.
Арықтығы көтеремнен тұрғандай
Қозы күрең, ол да кепті андатты.
Бір қолымен елін қорғап соғысып,
Бір қолымен шаруа бағып толысып
Жатқан Бағдат
Контрасты қала екен
Көнесі мен бүгінгісі тоғысып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу