Өлеңдер ✍️

  19.09.2021
  132


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Ұраңқай

Мұрекең айтқан мынау Ұраңқай ма!
Ұраңқай сұлулыққа ұрандай ма!
Аюлы тау төсінде көк Марқакөл.
Көңілден көшпейтұғын құмардай ма!
Мұрекең айтқан мынау Ұраңқай ма!
Ұраңқай сұлулыққа ұрандай ма!
Тараған батар күннен алтын арай
Билей ме, көл бетінде бұраңдай ма!
Мұрекең айтқан мынау Ұраңқай ма!
Ұраңқай сұлулыққа ұрандай ма!
Өрмелеп құзар шыңға қалың жыныс
Тізіліп барып сапқа тұрардай ма!
Қайыңы қалыңдықтай сылаңдай ма!
Терегі теңдесі жоқ сыңардай ма!
Жебесі бұлтты барып бүйірлеген
Шыршасы шың басында шынардай ма!
Мұрекең айтқан мынау Ұраңқай ма!
Ұраңқай сұлулыққа ұрандай ма!
Көк шалғын мұрын жарған гүл
бәйшешек
Альпімен бәсекеге тұрардай ма!
Құбылмай мынау өңір тұра алмай ма!
Төңірек түгел мойын бұрардай ма!
Үзбелеп, өрім талға тізіп ілген
Жемісі қызыл лағыл тұмардай ма!
Көгілдір кешкі ауа тұмандай ма!
Көлеңке сайға түскен мұнардай ма!
Көл беті әбігерлік– балапанын
Түгендеп құс ұяға қонардай ма!
Әйтеуір тамсандырды табындырды,
Аунаған Шүмекті асып сағым нұрды
Жамылып жасыл шындар, қалын орман
Марқакөл айдынына барып тұнды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу