Өлеңдер ✍️

  19.09.2021
  159


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Алғашқы кездесу

Аралап Қайнарды келемін
Гүл бақтың, нұр бақтың өзіндей
Баурайды жаныңды жарқын күй
Алғашқы оянған сезімдей.
Арқасын асқарға сүйеген
Саты үйлер ғажайып мол тіпті-ақ
Ақ күміс шыршалар алыпты
Шынтағынан демеп қолтықтап.
Алғашқы сезімдер жетелеп,
Аралап Қайнарды келемін
Бұл қала тәрізді өзімнің
Бірі ұзақ, бірі қысқа өлеңім.
* * *
Тепла сұлу ән салады
Қайнарды қақ жара сылдырап.
Бір батып, бір қалқып қалады
Өлеңнің жолдары бұлдырап.
Қай сәтте ақында ой тынған
Көкірегің күй болып күмбірлеп.
Өлеңнің жолдары толқыннан
Шығады айқындап, бір-бірлеп.
* * *
Прага! —
Кремль!
Келеміз
Аралап зәулім көп сарайды
Көнерген замана күбірлеп
Қабырғаларынан қарайды.
Ойлантты
оның әр тасында
Өнерлі қолдардан із қалған.
Ұрпақтарға жетіп бүгінгі,
Ұяға қоныпты ізгі арман.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу