Өлеңдер ✍️
Өзіңді көріп тон піштім
«Осы сіз, өлең – жанның азығы» деп...
«Ойлап жаз, ой өлеңнің қазығы» – деп
Кінәлап алдыңызға барғанымда
Өмірден өлең түгіл қажыдым деп.
«Не дедің, қайталашы алдыма кеп,
Қажытқан өмір жалғыз сен бе екен тек!
Мынау шаш текке ағарды деп пе едің, сен
Мен мұны деп жүрмін-ау есті тентек.
Өмірдің тұңғиығы, жарқабағы,
Бұрын-соң қай ғазизді жалмамады.
Бұйдалап, үмітке ертіп, дедектетіп,
Кімді ол бұлан қаға алдамады.
Есіңе неге алмайсың сен өткенді —
Қалқаман – Мамыр,
Ендік – Кебектерді?
Аттай дәл жиырма жыл оқысаң да,
Осыны мен айтуым керек пе еді?
Жез таңдай, күміс көмей ақын Сара,
Қазақта қыз өтіп пе еді одан дана.
Ол керген қорлықты сен көрген жоқсың,
Қажыдым-мажыдым деп тантырама.
Сайраған сандуғаштай әнші Майра,
Майраға сөз танылды қашан майда?
Дегендей «Әр заманда бір сұрқылтай»
Шықса егер жазбағаның оған пайда.
Көніп пе олар соған жаманынан,
Көрді ғой өскен орта, заманынан.
Отаның, партияң бар өз кінәңнен
Үзілсең өспей жатып сабағыңнан.
«Бұл жұрттың тыныш жүрсе іші кебеді,
Саспа оған қашан болсын шындық жеңеді.
Қырсық-сор қаптап келіп қонсадағы,
Еңбегің өзі-ақ оны басқа тебеді». —
Деп төпеп, бір жымиып миығыңнан,
Шыға алмай түнек ойдың тұйығынан,
Арқалап мен апарған қара аспанды
Түсіріп сан қайтардың иығымнан.
Сонымен жүрегімнен алдың орын,
Білмеймін қаншалықты тапты қоным.
Көңілімнен көгершіндей Ұшқан жырым
Өзіңді керіп апай, пішкен тоным.
Жүруші ем көкірекке түйіп сыр ғып,
Ағымнан ақтарылдым бүгін жыр қып.
Кешірім, аға-інілер ашық кетсем,
Айтылар сәті жеткен бұл бір шындық.
Көк тұйғын көкірегімнен ұшырғаным
Шындық қой айтпан несін қысыламын.
Өсірген жүрегімде гүлім бұл жыр,
Өзіңе Мәриям апай, ұсынамын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter