Өлеңдер ✍️

  18.09.2021
  151


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Көп пенен аз

Өмірде не аз, сонда даралық мол,
Қашанда азға көптей жетпейді қол.
Орманда не өспейді? Бәрі шынар
Емес қой әрбір аздың негізі сол.
Жайқалып жер көмкерер жаздың гүлі,
Жаудырап, жанар баурап алуан түрі
Бәрі әсем,
бірақ бірі Раушан емес,
Аңқыған жұпар исі аздың бірі.
Жақұт тас, Ақық, Меруерт көп қой Маржан,
Ешбірін дей алмаймыз құнсыз, арзан.
Бәрі асыл,
бірақ бірі Гауһар емес,
Құбылып, көрген көздің жауын алған.
Жүйрік көп,
емес бірақ бәрі дүлдүл,
Сайраған құстың бәрі емес бұлбұл.
Әр көптің аз атанған дарасы бар,
Ойлантар жаратылыс заңы бұл бір.
Осылай тізе берсем, сараланып,
Аздың да біраз жерге барары анық.
Адамнын талғамында шек бола ма,
Аз сиреп іріктесек қалары анық.
Аз аты аз,
емес оған дала тұнған,
Сондай бір сыры бөлек жаратылған.
Қазақтың аз қызының бірі – өзің
Шынардай көп ішінде дара тұрған.
Тәнтіміз мінезіңе кішіпейіл,
Жасқа да, жасы үлкенге беріп пейіл.
Жүргенің ақ жарылып, ақтарылып,
Шуақтай аймағыңа төгіп мейір.
Едің деп жастайыңнан өнерге икем,
Не дейін,
Еңбегіңе қандай сый тең.
Тасытып ел мерейін шың асырып,
Жасай бер әппақ жанды ару Бикен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу