Өлеңдер ✍️

  18.09.2021
  118


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Алатауы ақындардың

Жердегі әр биіктің бар атауы,
Әділ ғой сізді халық дана атауы.
Торқалы тойыңызға құтты болсын, –
Дей келдік, ақындардың Алатауы.
Қарт ата, сыңғыр көмей, жез таңдайлым,
Жеткізер құрметімді сөз таңдаймын.
Балғын ән, балауса жыр жүрегімде,
Оянған шырылынан «Боз торғайдың».
«Туған ел», «Қайран жастық», «Дина келін»,
Естілсе алты қырдан жиған елін.
Шырқатып, шығандатып, шың басынан,
Қайырып, сорғалатып құйған едің.
Демеңіз тақылдаған мұнысы кім,
Аймаққа менің де аян күміс үнім.
Жармасқан тұлпар өнер тізгініне,
Әйгілі Сара ақынның сіңдісімін.
Ән мен жыр халқымызға ырыстайын,
Гауһар су, мөлдір ауа тыныстайын.
Тұрғанда сіздей үлгім, мен неліктен,
Ұқсауға өзіңізге тырыспайын.
Кене ата, сомдап соққан ән естісін,
Тойыңа жиналған жұрт тағы естісін.
Дәстүрді өзі салған жалғастырып,
Ал, алқа, шырқап берем «Ақ ешкісін».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу