Өлеңдер ✍️

  18.09.2021
  167


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Өзіңсің поэзия Гималайы

Жүргенде жігері құм, арманда адам,
Сен соның азаттығын армандаған
Бірі едің ізгі жанның қармағына
Өлеңнен өзге күрес қармалмаған.
Атар таң аймағына бергенде арай,
Сен мәңгі бұрдың бетті соған қарай,
«Алқыны басылмаған арынды» асау,
Шығандап шың басына шықтың талай.
Халқыңның көкірегіне күй құрағын
Көктетіп,
Тасқындаттың жыр бұлағын,
Паш етіп өңір сырын, өмір сырын
Өлеңнің мұхитына жылжыды ағын.
Шарлады дүниені өктем үнің
Жұмыр жер естімеген әсте бұрын
Қазақтың сахарасын сілкіндіріп,
Өлеңнің жасадың сен Октябрін. 
Тасқынды тау селіндей жыр арнадан
Тасыттың
Сүйсінбейше тұрар ма адам!
Дауысың көк аспанда қалды тұнып,
«Шабуыл өнерге» деп ұрандаған.
Жасадың жүрегімде жыр ұясын,
Ардагер аяулы аға, Ілиясым.
Халқыңа қалдырдың сен бітпес азық,
Байытар рухани дүниесін.
Күн жетіп күн артынан озар ғасыр,
Мұраты сарғайғанның деген ғасыл...
Қаншама топырақта жатса дағы,
Қарайып тот басар ма, тозар ма асыл!
Бұлтты, найзағайлы күндер өтті,
Шалқыды қаз дауысың жарып топты.
Толқытып поэзия қан тамырын
Тоқтаған ақын жүрек қайта соқты.
Бейне бір көктеменің гүлдер айы
Солмайтын мәңгі жасыл гүл маңайы.
Болар да алып тұлғаң тұрар асқақ
Секілді поэзия Гималайы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу