Өлеңдер ✍️

  17.09.2021
  175


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Сыр сандық

Сыр сандықты ашып қара.
Ашып қара, сырласым!
Сым пернені басып қара,
Басып қара, жырласын.
Сәкен Сейфуллин

Оқушы дос, алдындағы,
Алдындағы сыр сандық.
Сыр сандық бұл – жан құндағы,
Жан құндағы – жыр сандық.
Сыр сандықтың Кілті2, оқушым,
Кілті, оқушым, қолында.
Сыр сандықтан сыр тоқырсың,
Сыр тоқырсың қонымды.
Теңіз ойдың тереңінен,
Тереңінен бір-бірлеп,
Тердім інжу кемерінен,
Кемерінен күмбірлеп
Сыр төгілді, жүрек сынды
Сыр сандықта сақтадым.
Сыр сандықтан тыңда сырды
Тұтатар ой шақпағын.
Ен даланың сырын тіздім,
Сырын тіздім орманның.
Таудан алдым,
бұлттан үздім,
Өрнектеп ой толғадым.
Көктемеге би билеттім,
Би билеттім жыр еттім
Толқынына әлдилеттім,
Әлдилеттім жүректің.
Өмір мұхит жағасының,
Жағасының гүл бағын
Араладым
және осыдан
Бұлбұл үнін тыңдадым.
Тіздім жырдың ақ маржаның
Ақ маржанын даралап,
Ақ маржанды ақтар, жаным,
Ақтар, жаным, саралап.
Ақын – бала!
Сыр айтады ол,
Сыр айтады сеніп тым...
Бірде шат, бір мұң айтады...
Сырымды ұқсаң, мені ұқтың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу