Өлеңдер ✍️
Өзара байланыс
I
Ғажап-ау табиғаттың заңы мына,
Келетін не бар оның шалымына.
Өзара байланысып, бәрі ауысып,
Жатқан ұлы қозғалыс адымына.
Бәрі аян ба, көп нәрсе көз көреді?
Құзырына уақыттың төзбегені?
Бір тәулікте сан саққа түсіп ғалам,
Жоқ пайда боп,
бар сөніп, өзгереді.
Қуанамыз уақыттың өткеніне –
Күттірген бір мерзімнің жеткеніне.
Ісіміз жоқ ғұмырдың бір бөлшегі,
Оралмасқа сонымен кеткенінде.
II
Ойласақ, табиғатпен адам егіз,
Жылдың сол мезгілінен өзге неміз?
Табиғатсыз қоғам жоқ , ал қоғамсыз
Табиғаттың өзін де өлі деңіз.
Қаралықшы азырақ көңіл бөліп:
Қыс кетеді орнына көктем келіп.
Мәңгі тұрмас кейісін, қуанышың.
Секілді ғой көктемге біткен көрік.
Онан соңғы ауысқан жарқын жазың,
Тәрізді ғой рахат жастық шағың.
Жаздай қысқа жастықты таусылмастай
Көріп...
кейін бітпейді оған назың.
Ал сонан соң ауысқан қоңыр күзің,–
Тоқыраған шағың ол солып жүзің.
Үміт, күдік итжығыс көңілінде –
Уақытқа кейінгі қалған ізің.
Қайта оралған қыс – жеткен қарттығың ғой,
Ол келерін ойлап, пау, тартты кім бой!
Жан ауыртпас жайлысы болса нәсіп,
Алдан шыққан жақсылық, мәрттігің ғой.
Табиғаттың тағы бір ғажабы сол,
Қыс қайталап көктемге ашады жол.
Ал адамның көктемі – артында ұрпақ
Тапсырады топыраққа деп торқа бол.
Өлместей боп ойлаймыз тірлік қамын,
Бір асамын, кейбіреу бір жұтқанын
Олжа көріп әрекет ететін бар,
Қалған өмір ойламай бір тұтамын.
Неге дерге негіз жоқ бұған тағы,
Әрекетсіз ашылмақ кімнің бағы.
Бір кеудеде тоғысу жақсы-жаман,
Басында бар әркімнің өмір заңы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter