Өлеңдер ✍️

  17.09.2021
  231


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Заңдылық

Тізіліп ескен,
Қатары қаздай,
Сыңсыған ағаш
Орманның іші.
Қос жасыл шырша
Қосарын жазбай,
Тәрізді тұрған
Үлкен мен кіші.
Кішісі: Шіркін!
Осынау ерен
Болсам-ау мына
Шыршадай биік.
Ол жақын менен
Тұрғанын көрші,
Төбесі сонау
Көк бұлтқа тиіп.
Дегендей көкке
Телміре түсіп,
Өседі бойлап,
Күн Нұрын сүйіп.
Қарасақ ойлап,
Көңілге түйіп,
Жастықтың дәйім
Арманы – биік!
Ал үлкен шырша
Байсалды ғана
Қояды оған
Көз қырын салып.
Жастыққа жалын
Жарастық тапқан,
Қызығып іштей
Тұрғаны анық:
«Балапан едің.
Келесің өсіп,
Көктемі жанның
О, жарқын жастық!
Өкшелеп қуып
Келеді уақыт,
Құтылдық қалай,
Қай жаққа қаштық?» —
Дегендей үлкен
Шырша тұр сұлық.
Заңды ғой аңсау
Кейінді қалған.
Дейміз бе заңсыз
Биікті қалап,
Қыранша құзды
Еткенді арман!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу