Өлеңдер ✍️

  17.09.2021
  186


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Бір ғана сәт

1
Асықтырып күміс қанат құс мені,
Айтылар сөз аузыма да түспеді.
Бір ғажайып билеп еді күш мені,
Япыр-ау сол, өңім емей түс пе еді!
Япыр-ау сол, өңім емей түс пе едің?
О, уақыт осы-ay сенің үстемің.
Жөнеліпті-ау бұрылтып бір қаратпай
Әміршім боп сонау болат құс менің.
Сонан бері жыр сенделіп жүр лағып,
Үміт отын бір сөндіріп, бір жағып.
Кілті екен-ау бір тағдырдың бір-ақ сәт
Кірпігіңді алғанындай бір қағып.

2
Үлгермесең жетер жерге, азардан,
Құтылмайсың арылғанша ажардан.
Қадірін айт ұшып кеткен бір сәттің
Айырып дәл қалған сынды ажалдан.
Бір-ақ сәт-ау көңіл көкке өсері,
Бір-ақ сәт-ау типыл болып өшері.
Күллі өмірге бар бақытты, достарым,
Болады екен бір-ақ сәттің шешері.
Тағы осы сәт отты үрлеп жанбаған,
Өрт қылады, мерт қылады, нан маған!
Кейде тірлік тірегі де бір-ақ сәт,
О, уақыт, құзырыңа таңданам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу