Өлеңдер ✍️

  16.09.2021
  200


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Қыз сыры

Оқулығын ашып қойып алдына,
Бір нүктеге қараудан көз талды ма,
Әлде іркілген жасын тыйып алды ма,
Кірпіктерін жиі қағып қалды да,
Сырлы сұлу ауыр басып аяғын,
Терезеге барған шақта аядым.
Тітіреніп тұла бойы дірілдеп,
Соғып жүрек дем алысы жиілеп...
Қараңызшы, түсіп кеткен иінін,
Ауырлығын көрсетпей ме күйінің?
«Отты көзін қадағанда елжіреп,
Келші, қалқам, деп тұрғандай келшілеп.
Тілдесуді телміруден ерсі деп
Ойлай ма екен, неге іркілді ыстық леп»
Дегендей бір ақ жүзінде із тұрды
Үнсіз жүдеп ауыр ойда қыз тұрды.
Жанарына ұялаған жан нұры
Жалт еткенде сездім осы бір сырды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу