15.09.2021
  238


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Оны Фархад деуші еді

(Поэмадан үзінді)

Мөлдір аспан.
Таудан ескен самал жел
Құшағында
манаурайды жасыл бел. Шынында қар —
ару салған ақ шәлі,
Етегінде
көктем, жасыл бақшалы.
Фархад келеді
құз-шыңдарды қиялап,
Жас жанына арман құсы ұялап.
Махаббаты басшы болған жас жігіт,
Тағдырымен сайыс құрып, бәс тігіп.
Жанары от жас қыз көріп Шырындай,
Армандаған өзге ешкімге бұрылмай.
Махаббатқа тағдыр тезі құрылмай
Қалған ба әсте ақ түтекке ұрынбай...
Жадау тартқан, жабырқаған реңі
Айығар ма, табылар ма бір емі.
Мәңгі үзілмес арқауындай жырының,
Құша алар ма жан шипасы Шырынын.
Мынау шыңнан дария суын құлатса,
Құрақ өссе, құмда мәңгі гүл атса.
Мынау шөлді мырза етсе жас ұтып,
Алғыс алса ел ырысын тасытып.
Құлағына жетіп сонда бір үні,
Қарсы алар болса ару Шырыны.
Өлкеме сен жан беріпсің дер ме еді!
Халқыма сен нан беріпсің дер ме еді!
Айым болып аспаныма жарасып,
Тұрар ма әлде арман құсым — жан ғашық!
Бақ жұлдызым дер ме әлде аялап,
Болар ма екен бізге де өмір сая бақ.
Жетелеген жеңіп алау сезімі,
Тал бойынан тауып қайрат-төзімді,
Қарсы алдынан шықса Шырын кез келіп,
Жасыл бақ боп шөл жайқалар өзгеріп...
Махаббатқа болар нені теңгеріп,
Өтеді ғой тау бөгетті төңкеріп.
Алаулаған пәк сезімге дем беріп,
Дүниеге өмір себер, өң беріп.
Алау жанын, жас жүрегін тулатып,
Осылайша алыс арман тіл қатып.
Шығандатып, шынды ұрып, шыңға атып,
Тау жаңғырта шырқады-ай кеп бір уақыт...
Hay күйінен оятты да жер-көкті,
Асқар басып, ғарыш асып, ән кетті.
Теңіздейін толқып кетті бай танап.
Тебірене әннің сөзін қайталап.
Көкіректен күңіреніп ән төгіліп,
Құлақ тосып тұнды дала, егіліп.
Көтермелеп жібек самал жел есіп,
Ән шығандап кетті желмен ілесіп.
Бота көзі жаудыраған балбұлақ,
Жүгіруден тыйылды ол да ән ұнап.
Ғашықтармен көне күннен сыралғы,
Сабағында райхан гүл бұралды.
Әнші ұнаса, теңеймін ғой бұлбұлға,
Ән жетелеп алып кеткен бір қырға
Бұлбұл дағы мынау әнге табынып,
Өз әнінен қалды мүлде жаңылып.
Қия жардан орғиын деп сүр елік
Тұрған бойы қалды орнында сілейіп.
Қамыс әннің ырғағымен иіліп,
Көбік шашпай қол құндақта түйіліп.
Ән соңынан ән сорғалап құйылып,
Әлем тұнды өзге үннен тыйылып. ...
Махаббаты сарқылмас ән бұлағы — Міне,
Фархад әлсіреп кеп, құлады.
Әз табиғат оның жанын түсінді:
Гүл жұпарын сусын етіп ұсынады.
Құз қиясын, тау қойнауын ақтарып,
Тас жайылып, жастық болды ақ мамық.
Кілем төсеп пәк құрақтан атырап.
Көк көрпе боп жайқалды көк жапырақ.
Қызыл-жасыл қыр аруы — қызғалдақ
Құлпырады төккен зердей қызға арнап.
Жұпар ауа, жұтқанның бойы елтіген,
Айықтырмақ Фархадты ол да дертінен.
Аясына алды арай таң күліп,
Ауа жарып, жөнелді ән жаңғырып:
Әнге өріліп тоғысты да бай танап,
Аспандады Фархад атын қайталап.
Осы есім күллі дүние қош алған,
«Батыр деген сөз екен, тау қопарған».
Әлемге әйгі Фархад-Шырын бұл әні.
Қанша қалам етер мұны жыр әлі.
Махаббатқа болар нені теңгеріп,
Өтетұғын тау бөгетті төңкеріп.
Туған күні ол тумапты шапағат,
Сондықтан әр кіршіксіз пәк махаббат...
...Сахнада Фархад — Кабул Кари-ді,
Өнерлі жас жүзі жарқын, жаны игі.
Қошеметтеп соқты қауым алақан,
Көзінде әнші: «Барым саған, ұлы Отан!»
Ойхой, мынау қауым коп пе, гүл коп пе..
Әнші разы жасалған бұл құрметке.
Өнер күші-ай, жүректерге жол тапқан...
Деуші еді оны Кабул демей, Фархаджан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу