15.09.2021
  136


Автор: Балғабек Қыдырбекұлы

Төрт комиссия, Павленкомен бесеу

Жалтыр станциясында күннің жалап тұрған бір суығы еді. Кезекті поездан екі адам түсе қалды да асығыс басып келіп, станцияның вокзалына кіре берді. Үстінде теміржолшылардың киімі бар, сырт қараған адамға сұстылау бұл азаматтарға вокзалда отырғандар ығысыңқырап жол берді. Олар бірден станция бастығының кабинетіне тартты.


— Сұстылау адамдар, бұл кім болды екен,— десті жолаушылар.


— Жол бастықтарының бірі шығар,— дей салысты көпшілігі.


Аздан кейін станция қызметкерлері ерсілі-қарсылы сапырылыса бастады. Олардың әбігер болатын жөні бар: Комиссия екен. Келген Қарағанды темір жол басқармасы, Ақмола жол бөлімінің поезд жүргізу жөніндегі ревизоры Иван Иванович Сорокин болып шықты. Ол жалғыз емес, жанында тағы бір көмекші бар. Сонымен екеуі техникалық тексеру жасамақ болды. Олар станцияның документтерін аударыстырып қараған болып, өткен айда істелген жұмыстарға үңіле бастады.


Осы кезде гүрілдеп-сарылдап Ақмола жақтан тағы бір поезд келді. Поездан теміржолшыларша сыпа киінген тағы бір адам түсті, ол да адымдай басып вокзалға кірді. Беті станция бастығының кабинеті. Кабинет бұл жолы құлыптаулы болып шықты. Құлыптаулы болғанда станция бастығы бір жаққа кыдырып кеткен жоқ, келген комиссияны ертіп, соған бірдеңе көрсете кетіп еді,—Станция бастығын көрдіңіздер ме?—дейді ол отырған жолаушылардан.


— Осында Ақмоладан келді дейді, біреулерді ертіп сыртқа шығып кетті.


— Кім екен ол Ақмоладан келген. Мен де Ақмоладан келіп едім,— деді ол.


Мейлі өтірік, мейлі рас болсын, онда жолаушылардың жұмысы не, жайына отыра берді. Келген кісі олардан әр нәрсені сұрап мазалай берген соң жолаушылар да оның қандай мансап иесі екенін білгісі келді. Бұл да Қарағанды темір жолының Ақмола бөлімінен келген комиссия екен. Лауазымына келсек алдыңғыдан бір кем емес,— коммерциялық аға ревизор. Фамилиясы — Тоқжұманов.


Тоқжұманов та іске кірісіп кетті. Тексеріп, тергеп жатыр» Ол алғашқы комиссия сияқты алдыңғы айды ғана бағдарлап, байқап қойған жоқ. Аяқты алысқа салды. Тексеруді әріректен бастады. Көретіні коммерциялық документтер, жүктің салмағы, ауыр-жеңілі, ұзын-қысқасы алысқа бара ма, жақынға бара ма, барып жеткені қанша, кеткені қанша, қалғаны қанша? Сөйтіп екі комиссия екі столға отырып, арасындағы станция бастығын зыр қақтырып, бірі олай сүйреп, бірі былай сүйреп, тексеріп жатқанда шығыс жақтан станцияға тағы бір поезд келе жатыр еді.


Поезд күтіп отырған жолаушылар бұл поездан кім түсер екен деп тағы қарай қойды. Поездан тағы екі адам түсе қалды. Олар да вокзалға қарай аяңдады.


— Сіздер комиссия емессіз бе?— деп сұрады есік жақта отырған сайқымазақтау келіншек. Келген қонақтар бұл бізді қайдан біліп қойды деген кісіше, біріне бірі қарады.


— Я, комиссиямыз, станция бастығы бар ма екен?


— Бар болу керек. Сіздер қонақ үстіне қонатын қонақ болып тұрсыздар. Өздеріңіз үшінші комиссиясыз. Станция бастығы сіздерге қызмет етіп қалай үлгірер екен?


Бұл келген екі адам да Қарағанды темір жолының Ақмола бөлімінен келіп отыр. Фамилиясы — Осипов Кузьма Иванович. Лауазымы — бөлімнің поезд жүргізу техникалық секторының бастығы. Көмекшісі және бар. Келген жұмысы осы станциядан жөнелтілетін экскаватордың ұзынын, көлденеңін өлшеп қайтпақ. Бұрын жөнелтілген машиналардың жайын білмек. Енді жөнелтілетін машиналар туралы нұсқау бермек. Сөйтіп үш комиссия станция бастығының шарадай басын шапшақтай етіп отырғанда, бұл үшеуі аз болды дегендей жергілікті комитеттің председателі Қаржанов бастаған тағы бір комиссия табан аузында пайда бола кетті. Ол өзінше бірдемелер тексерген болып вокзал айналасынан шықпады. Ара тура станция бастығының кабинетіндегі үш комиссияға қосылып, төртінші комиссия болып іс жүргізді.


Осы төрт комиссияның төртеуінің де бітірген ешнәрсесі жоқ. Кеңседегі документтерді ақтарып, құлаш-құлаш актылар жасады. Алып-жұлып кеткен ештеме жоқ болып шықты. Сөйтіп үш күн отырған комиссия ештеме таба алмай өз жұмысын аяқтап, аттанып кете беріп еді...


Ақмола жағынан жалғыз паровоз келіп тоқтады. Ішінен ақ тон киген біреу шықты да су ішіндегі қоғаша толқып, вокзалға қарай жүрмек болды. Бірақ ол өздігінен жүре алмады. Оның да соңында бір көмекшісі бар екен, қолтығынан алып, сүйей жөнелді.


Сусыны қанғанша ішкен «ақмағамбеттен» оның бет-аузы ісініп, екі көзі қанталап кеткен. Бұл кім екен деп үңілгенімізде магистральдің Ақмола бөлімінің локомотивтер бастығының орынбасары Владимир Павленко екен. Ол да станция бастығының кабинетіне бармақ болды. Павленко кабинет алдындағы тар залға сыймай екі қабырғаға кезек соғылды. Оның жанындағы көмекшісі сыр білдірмеген болады. Павленко біреуді қағып кетіп: «Менің кім екенімді білесің бе, сен түгіл, маған барлық составты сүйрейтін паровоздар да бағынады» деді.


Комиссия келсін-ақ! Бірақ осынша комиссия бір уақытта неге жіберіле берген. Жолдың Ақмола бөлімінің бастығы мұны неге ескермеген?


— Әлде Ақмола жол бөліміндегілердің басқа станцияда жұмысы жоқ шығар,— деп күліседі жолаушылар. Көп комиссия осылай үйме-жүйме келіп, бітірген ештемесі жоқ, бәрі теңселіп станцияда жүріп жатты...


1954




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу