Әңгімелер ✍️
Тоғызыншы сот
Сәулет өнерінің бір маманы Сапақ айыпкер орындығында осымен тоғызыншы рет отыр. Ол біреудің басын жарып, көзін шығарып шектен шыққан қылмыспен немесе мемлекетке қандай болсын бір зиян келтіргендіктен отырған жоқ. Ол сот алдына үнемі әйел мәселесімен келуші еді.
Алғашқы әйелінде оның бір баласы кетті. Сапақ әйелінен ажырасқалы бері оның кызмет орны төрт рет өзгерді. Сол төрт ретте де ол барлық уақытта әйелімен соттаспай баласына алимент төлемеді. Тұңғыш рет әйелі оны сотқа бергенде оның жалақысы жүз сом еді. Әйелі жүздің төрттен бірін кестіріп алды. Сәлден кейін-ақ, оның қызмет орны өзгеріп, сол мекемеде жоғарырақ столға жылжып отырған болатын. Бұл кезде оның жалақысына тағы бір елу сом қосылып еді. Алғашқы әйел екінші соттан жиырма бес процентті алғаннан кейін, іле үшінші сотқа шақырылды. Өйткені Сапақ екінші әйелімен де ажырасып, онда бір баласы кетіп, үшінші сот болды. Мұның өзі қиындау еді. Бір әйелде екі баласы кетсе, оған отыз үш процент алимент беруші еді. Ал жеке-жеке әйелдегі екі балаға не істерін білмей соттың өзі қатты састы. Сонан соң ойлап отырып, екі әйелдегі екі балаға отыз үш процентті бөліп қайта билік шығарды. Іле-шала Сапақ қайта кызмет орнын өзгертті.
Сапақтың кызмет орнының өзгергенін білген алғашқы әйелі қайта сотқа беріп алиментті бұрынғыдан сәл көбейтіп алып көңілі құрғырды тыныштандырып еді. Оның артынан екінші әйел де соттасып ол да өз сыбағасын алды. Бұл екеуі енді жанымыз тынды деп отырғанда үшінші әйел Сапақпен ажырап, соттасып, барлық істің астан-кестенін шығарды. Өйткені бұрын екі'әйел табыстың отыз үш процентін алса, енді үш әйелге елу проценті бөлінетін болды. Бұдан алғашқы екі әйелге қаражат жағынан келер-кетер болмағанымен сот орындаушысы қайта-қайта шақырып мазасын алды. Оның үстіне бұрын мұрагер екеуіміздегі екі бала ғана ғой деп, алғаш соттасқанда алакөз болғанымен кейін үшінші әйелге қарсы бір майдан құрған екеуінің зәре құты қалмады. Амал не, сот Сапақтың соттасу ісін тағы жетінші рет қарап, жетінші рет көзіне шұқып, Сапақты соттай, соттай әбден қажығанын айта отырып билік шығарды. Тіпті халық соты шын тілек білдіріп «енді осы байыпты болғай» деп салды.
Арада аз күн өткен соң Сапақ үйленіпті деген сөз дүңк ете түсті. Одан көп ұзамай-ақ қызмет орны жоғарылап, оның үстіне бір институтқа сабақ беретін болып барлық жалақысы үш жүз сомға көтерілді. Осы кезде бұрынғы үш әйел сотқа беріп, бірақ сот Сапақ ісіне маманданып, тәжірибесі молайып бәріне бір-ақ сот — сегізінші сот құрды. Сөйтіп Сапақ үш жүздің жартысын беpiп үйіне қайтты.
Бір күні Сапақтың төртінші әйелінен бала туды. Тоғызыншы сотты өзі жасатты. Әйелі әйелдер босанатын үйден келген күні-ақ Сапақ әңгімені бастады:
— Күләйхан,— деді ол, әйеліне қарап,— сен екеуміздің бір баламыз бар. Енді мен сенен де ажыраймын.
Әйел бұған қатты шошып кетті.
— Неге?
— Негесі сол, анау үшеуі жүз елу сомды бекер бөліп жеп жатыр. Мен оларға оны түгел жегізгім келмейді.
— Е, сол үшін менімен ажырамақпысың?
Сапақ сәл ойланып отырды да:
— Сен осы үйде қал. Мен сенен ажыраған боламын. Әзірге мейманханаға кетем.
Аз күннен кейін Сапақ төртінші әйелімен сот алдында ажырасты. Бұрынғы үш әйелге бөлінетін жүз елу сом енді төрт әйелге бөлінді. Ертеніне-ақ Сапақ Күләйханға қайта жетіп келді. Некесіз тұрса да қырық сомның үйге артық келгеніне әйелі де қатты қуанды. Ал көршілері:— Арың қайда, олар да балан емес пе?— деп еді, оған Сапақ:
— Арың не, арыңнан ақшам қымбат, ар деген маған ақша бола ала ма? —деп жауапты келте қайырды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter