Әңгімелер ✍️
Оқымысты саудагер
Қарыс жерді аяғымен баспай, жеке меншік «Москвичінен» түспейтін Павел Петрович Калмаков бума қап бірдемені арқасына көтеріп, Шортандының орта көшесін жарып өтті. Мұндағы жұрт тегіс білетін бұл адамның қара балшық, су болған киімін, өрт өшіргендей терлеп-тепшіген түрін көрген, біраз бала шулап ере жүгірді. Тек дала ғана ма, бір қызығы бұл күні Калмаковтың артынан есік алдында күн шуаққа арқасын қақтап, мүлгіп отырған мысық атаулының барлығы мияулап еріп, қоғадай құйрықтарын қойқаңдатып, оны өз үйінің шекарасынан өткізіп жіберіп қалып жатты. Мысықтардың ащы тарғыл мияуы кейбір жүйкесі жұқарған әйелдердің ұрысына тап болып қораларға қуып тығылды.
— Мурка құрғыр! Жағыңды қарыстыр. Немене, Павел Петрович тышқан арқалап бара жатыр ғой деймісің? Сонша мәуілдегені несі-ей?!—деген бірер әйелдің даусы да шығып қалды.
Я, тышқан емес екен. Бірақ тұмсығын Шортандының білікті адамы арқалаған балықтың иісі жарып бара жатса, табиғатта иісшіл болып артық жаратылса,. оған Мурка байқұс қаншалықты кінәлі! Дегенмен тап берген иелерін көріп. үй астындағы жазғы желдеткіштерге сүңгіп-сүңгіп мысықтар жоқ болысты.
Қабын арқалаған Павел Петрович сол тартқаннан тура село ортасындағы дүкенге келді. Пора-пора болған терін сүртуге де шамасы келмеген. Ол кірісімен мұндағы сатушыны адам да демей, арқасындағысын былқ еткізіп тастай беріп, таразыны жұлқып өз жанына тырылдата сүйреп тартып алды. Таразының екі күс тұмсығы шоқысқан құстарша кезек көтеріліп Павел Петровичтің қылығын жақтырмағандай тұштаң-тұштаң ете түсті.
— Павел Петрович! Сізге не болған?—деген сөз оның құлағына да кіріп шықпады. Мемлекет саудасы жайына қалып, таразы оқымыстының қолына көшті. Сөйтіп ол сатушының қарсылығына, ойбайына қарамастан онымен қатарласа. салғыласа тұрып балығын өлшеп сата бастады. Аздан соң тіпті дүкен таразысын сатушыға билетпей біржола алдына тартып алды.
Нақ осы кезде «Павел Петрович балық сатып жатыр!» дегенді естіп, село тұрғындары дүкенге ағылды-ай кеп. Олардың бәрі де мұнда балыққа зәруліктен ындынын салып келген жоқ, бірі ғылым кандидатының балық сатумен шұғылданғанына таңданса, екінші бірі шынымен-ақ сол ма екен деп, ал үшіншісі көре кетейікші деп әуесқойлықпен, сайқымазақтықпен кіріп шығып, сапырылысты. Бір көруге тұрғындарға мұның өзі қызық та болды. Қызық емегенде ше?! Институттың ғылыми қызметкері, оқымысты адам үлкен басына, ағарған шашына қарамай, сауданы ұятсынбай таразыдан тартып алып жатса, мұның өзі қызық емегеңде не?! Балық сатуға құнығып кеткен.Павел Петрович жұрт.тың. көп жиналғанын да байқамай,, тіпті олардың өзін тамашалап, келекелеп келгенімен Ісі жоқ, бармақтай балықтың килосын 25 тиыннан сатып, қара терге түсіп, қолы дірілдеп, Мольердің Сараңындай қалт-қалт етіп таразы жанында тұрды. Бұл жерде таразының балықты басын басқызбағандықтан Павел Петрович талай-талай ұрыс та естіп жатыр. Бірақ көнтерілі, кәнігі саудагердей ол оларды елей қоймайды.
Бір ит балық артық шықса жаны бірге шыққандай болып тұрған, қалт-қалт еткен оқымысты саудагердің бағанадан бері осыны көріп, кіжініп тұрған сары әйел келгенде бір шу қайта көтеріліп кетті.
— Алмаймын, таразы тартқан жоқ,— деп сары әйел шынашақтай балықты таразының балық салынған табағына сала беріп еді. Павел Петрович барбиған саусақтарымен таразыны бас салды. Таразының гірлі басы қоқаң етіп жоғары көтеріліп кеткенде әйел шынашақтай балықтың бірін қайта алып, таразыға тағы тастап жіберді. Он ы Павел Петрович үлкен саусақтармен теңізден әлдене ілген шағаладай-ақ жұлып алып еді, балығы құрғыр жылп етіп қолынан шығып кетіп еденге сылқ ете түсті.
— Қойшы, құрсын қызғанғаның қызыл итке, саған-ақ қалсын! — деді әйел әлден уақытта.
Жеңілді білем! Aл Павел Петрович бұл сөзді естіп, өзінің үнемшіл саудагерлігіне мақтанып, мұртынан күліп қойды. «Жеңілдің бе, бәлем!» деп тұрған секілді.
Балық саудасы қызып, бір шамадан кейін бітіп те кетті. Сөйтіп Шортандыда орналасқан Бүкілодақтық астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты егіншілік бөлімінің меңгерушісі Калмаковтың бір күнгі саудасы осылай аяқталды. Тұрғындардың сол күнгі әңгімесі, жыры да, кызығы да Петровичтің балық саудасы болды. Біpi оның ептілігін, бірі оның браконьерлігін айтып, енді бірі оның әншейін пайдакүнемдігін айтып күлісті. Дегенмен көбі-ақ оның саудаға ыңғайын, қалт-құлт еткен саудагерлігін ешқайсысы да жоққа шығара алмады, Аяқтаған судан балық ұстау оңай емес деп даурыққандар да, қызыл кеңірдек болып қырқысқандар да кездесті.
— Япыр-ай, төрт жүз сомды місе тұтпауы-ай!
— Япыр-ай, балық аулағышы-ай. өзінің!
— Қанағатсызы-ай!
— Оңай табылған олжа ғой, бұл,— деп тоғыз саққа жүгіртушілер де көп. Ал, Павел Петрович мұның бірің де елеген жоқ, шаршап қалған екен, балық саудасынан түскен ақшаға сыра сатып інгіп, терлеп-тепшіп ләйліп кете барды. Бірақ бұл жолы оның артынан бағанағыдай мысық біткен мияулаған жоқ тек көпке дейін сөз еріп жүрді.
1964
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter