Әңгімелер ✍️
Жағал ешкі
«Көк қала» совхозынан түскен арызды оқып болғаннан кейін Әділбек ұзақ ойланып отырды. Япырай, осыған сенуге бола ма? Совхоздың отыз мыңға тарта қойынан мың тоғыз жүзі, екі жүз жетпіс жылқының жиырма үші жоқ дейді арыз. Сонда мұның өзі қойдың жеті проценті жоқ болғаны ғой. Бірақ Әділбек бұған сенгісі келмеді. Дегенмен арыз артында адам бар, еріккеннен жазбаған болар. Оның үстіне бұл ерегіскен адамның жазған арызына ұқсамайды, ешкімді атын атап, түсін түстеп айтпайды. «Мемлекет малы кім көрінгеннің жемі болып кетіп жатыр. Егер мемлекетке кішкентай да болса жаныңыз ашитын болса, онша малды түгендеп керіңіз»,— деген. Не істеу керек? Мұның атына әдейі жазып отырған жоқ па, мұны. Олай болса мұны тексермеуге бола ма? Бұл арыз екінші рет түсіп отыр. Алғашқы арызды ауаткоммен ақылдасып еді, совхоз директоры Майып жылап-еңіреп, «ойбай, малымыз қыстауға айдаудан қалатын болды, күздеу желініп болды, мал жүдеп кететін болды» деп, әйтеуір «болды-болдыны» көбейтіп, жеделдентіп, ауатком ағасын көндіріп, малды алыстатып отарға айдатып жіберіп еді. Енді міне, жырақтағы мал қыстайтын Қараадырға бару керек. Жазда да аузы-мұрны жоқ, бір домалақ арыз түскен соң аудандағы, жақсы санақшы Ырысбайды шақырып алып, басқарманың бас зоотехнигі бас етіп жеті адам жіберіп, «Көкдаланың» көк лағына дейін санатып еді, мал дін аман, бәрі түгел болды. Содан бері бас зоотехник ол совхозға барып мал сақауға бетінен басады.
Ойлана келе Әділбек малды санау керек деп шешті. Сонымен нақ сол күні-ақ озат совхоздардан төрт-бес адам шақыртып алып, «Көкдаланың» қысқы мал отарына келді. Совхоз директоры Майып мұны ести сала өз денесін өзі ауырсынса да отарға төтендеп тартты да, Әділбектер келгенде алдынан шықты. Әділбек ештеме сұрамай-ақ Майып малдың түп-түгел өрісте жайылып жүргенінен хабар берді де, арқарлардың мал отарларына араласып жайылып жүргенің ұзақ мылжыңдай әңгімелеп айтып кетті.
— Мына Серек тастың төңірегіне, жарықтық, арқар толып кетіпті. Қайдан ауып келгенін қайдам, жігіттер ит қосып, машинамен қуып кермек екен, ауылға қонақ келеді, үркітпеңдер арқарды деп тыйып тастадым,— деді. Бірақ «қонақтар аулаймын десе» дегенді айтпады. Талай арыз тексеріп, талайдың тамырын басып сөздің төркінін танып үйренген Әділбек, бәрін біле тұрып-ақ, арқар әңгімесіне мән бермеген, тіпті естімеген болды. Комиссия мүшелері ішіндегі оқуды жаңа бітіріп келген жас зоотехник жігіт қана елеңдеп еді. Әділбектің сыңайын танып, ол да үнсіз, дымы ішінде қала берді.
Әділбек бүгін қойды ұзатып жаймауды ескертіп, қысқа-қысқа тапсырма берді. Комиссия мал санауға шұғыл кірісті. Екінші ферма басқарушысы отыздар шамасындағы Еркен жиырма үш отар қойын түгел Көркембай қойшының қыстауына айдаттырып келіп, комиссия мүшелерін машинамен аралатып шықты. Малдың комиссия жалпы қонын байқасын дегені болар. Ерен қайта Көрісембай қыстауына келгенде ғана тіл қатты:
— Міне, баққан малымыз осы, жиырма үш отар, енді біз отарларды сіздерге бірінен кейін бірін шұбатып берейік. сіздер санай берулеріңізге болады,— деді. Алдымен шопандардың тізімі алынып, отарлар тізім бойынша саналды. Түске дейін комиссия қойды санап, он жеті қойдың кем екенін анықтады. Мұны естіген совхоз директоры Майып кәдімгідей шыжбақтап:
— Түгел еді ғой,— дей берді.
— Комиссияның есебі дұрыс,— деді Ерен.— Он жеті қой кем.— Ол асықпай-аптықтай екпе болып өлген жеті қойдың актісін комиссияға ұсынды. Акт заңды жасалған, мал дәрігерінің де, ауылдық Совет депутатының да қолы бар.— Мынау өлетін болған соң бауыздалған бес қойдың етінің орталық қоймаға жіберілген накладнойы. Мұны біздің тілімізде еріксіз сойылған дейді,— деп Ерен күліп қойды.— Үш қойдың еті бүгін ғана жіберілді. Екі қойдың еті жеуге жарамсыз болғандықтан көмілді. Олардың актісі мынау,— деп басқарушы қағазды Әділбек алдына қойды. Басқарма бастығы қағаздан аудандық малдәрігерлік емдеу орнының басылған мөрін көріп, көңілі орнына түсті.
— Әлгі арқардың,— деді Майып Әділбекке қарап аты-жөні жоқ дарылдай сөйлеп,— құлжасының мүйізі тіпті үш оралып кетіпті. Өзі майдан баса алмайды.— Жас зоотехник тағы елпең етіп, бірдеме демек еді, Әділбектің жақтырмағанын көріп тыйыла қалды.
Күн таңертеңгідей емес, қабағын түйіп. қар қылаулай бастады. Әділбек қарашаның аяғында күннің бұзылатынын біледі, тіпті оны ауа-райы бюросы айтпаса да жұрттың бәріне мәлім жағдай. Қар қылаулауы әлдеқалай көңілін көтере түскендей. Майып қайта сөз қозғады:
— Япырай, мына күн мал санатпайын деп тұр-ау. Әдеке жаурап, ауырып қалмасаңыз екен. Бағанағы арқарларды айтам-ау, малмен араласып жайылып жүр. Жануарлар тіпті адамнан қорқуды қойыпты.— Басқарма бастығы осы жерде шыдамай кетті білем. Даусы қаттырақ шықты:
— Сенің баққаның қой ма, әлде арқар ма? Ферма басқарушысы қайда? Бірінші фермада отыз үш отар қой бар екен. Қане, қайдан бастаймыз,— деді Әділбек. Майыпты қайтарып тастады.
Бірінші ферма басқарушысы дүрдиген көнтек ерінді, шүйдесінің бәрін май басып кеткен, бүйрек бет, қара жігіт екен. Бұл жағына келгенде өзінің бастығы Майыптан айнымай қалған. Тіпті бұғағы да салбырап кеткен. Ол ауыр денесін зорға қозғап Әділбек жанына келді. Япырай,— деп ойлады Әділбек мынау Шоқат екі жылдың ішінде қалай өзгеріп кеткен. Сырықтай, арық жігіт еді, енді түйенің жарты етіндей болып тұрысы мынау. Майыптан айнымай қалыпты-ау. Шоқаттың сөзі тұрпайылау болды:
— Санайтын, бізге сенбейтін адамдар, қалай санайтынын өздері біледі де. Мал түгел, қалай санаймын десеңіздер де еріктеріңіз. Табандарыңыздан таусылып, босқа әуре болып жүрген ездеріңіз.
Шынында да малды қалай санайтынын Әділбек өзі айтты:
— Барлық отар осы Отарбек қыстауына тегіс айдалып келе берсін, шетінен санап жібере береміз.
Алғашқы отар айдалып келді. Неге екені белгісіз шопан қой бастап келген жағал ешкіні «кебенек те кебенек» деп аудан адамдары тұр-ау демей, балағаттай бастады. Әділбек жағал ешкіні тілдейтіндей себеп таба алмады. «Оңбаған жағал кебенек, қалған бір құлағыңды тағы кесіп алып, шұп-шұнақ қылайын ба!..» Әділбек енді ғана байқады, жағал ешкінің жағалдық белгісі аз болатындай, бір құлағын түбінен кесіп шұнтитып тастапты. Қой саналды, бұл отардың малы түгел болды. Бейпіл ауыз қойшы да нақ жаңағы жағал ешкіге сыңар болайын дегендей басындағы қара елтіріден тігілген құлақшынның оң жақ құлағын ішіне жымырып киіпті. Бас киімнің бір құлағы іште тұрғандықтан, ол қойшы басына сыймай шошиып төбесінде қалған да, түсірулі сол құлағы салпаң-салпаң етіп бос жүр. Қойшының өзінде ерекше бір көңілділік бар, тек ара-тұра анайы сөз айтып қойғаны болмаса, езуі жиналмайтын сайқымазақтау жігіт екен. Қап-қара мұрты қияқтай болып өзіне жарасып та тұр. Өңі де көрікті, қыр мұрыны бетіне ерекше тұр береді. Қарашаның аяғындағы қара суық бетінің ұшын сорып, қызартып жіберіпті. Тіпті ол да әдейілеп еңлік жаққандай, өлеңдігіне көркемдік құйғандай. Қоралы қой саналып біте бергенде қойшы тағы айғай салды:
— Шек, кебенек көлгір жағал-шұнақ қойды қайда бастап барасың. Шек, былай...
— Бейпіл сөйлемесеңші, Турабай!— деді Майып. Гүрілдеп, жек көріп айтты. Онысы татып кеткен айран ұрттаған адамның бетіндей тыжырынған жүзінен байқалды.
Күн еңкейіп екіндіге таянды. Күннің кезі көрініп тұрғанымен суық ауа ішті алып, селкілдетіп жауратып барады. Жиырма отар саналып бітті. Әзірге мал түгел. Жиырма бірінші отар айдалып келді. Қақ алғашқы саналған отардағыдай жағал ешкі бастап келді. Нақ сол сияқты оның да бір құлағы жоқ. Жағал ешкінің артынан құйрығын зорға көтеріп қазақы қара қой кетіп барады. Шопан шоқша сақалды егде кісі, үстіндегі әкімі тым сыпайы. Бұл отардың да қойы түп-түгел болды. Қойшы отарын айдап бел асып бара жатты. Арада екі-үш отар өткенде өңкей қара қой айдалып келді. Осымен үш отар қара қой өтті. Үшеуінде де кетпен құйрық қара төбел қой ақсап барады, 671 қой, есептегісі де сол. Дұп-дұрыс.
Күн кешкірді. Кешке қарай күн суыта бастады. Сондықтан да малды санау тездетілді. Қар ұшқындап, одан Итжоннан қызыл тұрып, ызғырық өңмеңнен етіп барады. Комиссия мүшелерінің кейбірінің киімі күздік екен, олар тіпті тісі-тісіне тимей сақылдап кетті. Мұздай түссе екен дегендей Майып оларға қарап күліп қояды. Малдың жеткізілуі кешеуілдеді. Бірақ оның есесіне санауы тездетілді. Отыз үшінші отарда да бағанағыдай бір ақсақ ақ қой бар екен, үшеуі де қазақы. Неге қазақы?
Санақ бітті. Совхоздың жиырма тоғыз мың жеті жүз жиырма төрт қойы түп-түгел. Тек алғашқы саналған екінші ферманың он жеті қойы болмаса, бірінші ферманың тіпті бір шұнақ лағы да кем болмады. Бәрі түгел. Шоқат былай етейіп өзгеріп кеткені болмаса, өз ісіне мықты екен-ау деп ойлады Әділбек. Неге екені белгісіз бағана алғаш көргенде мал нақ осы фермадан кем болар деген еді. Ділінде сол күдік тұрған да қойған. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты. Тіпті соңғы есеп берген уақыттан бері бір қозының шығын болмауы мұндағылардың игілікті ісін көрсетпей ме!? Шіркін, ферманың бәрі осылай, айына бір тұяқ шығын бермей тұрса ше! Санақ біткен соң Майып та, Шоқат та жұртқа жауырынын көрсетіп, ірілеу сөйлеп, паңданып, иегі аспанды кездеп шыға келді. Майып тіпті басқарма бастығының көзінше бір шопанды тілдеп те жіберді.
Санақ кеш біткендіктен комиссия ферма басына қонып қалды. Киіз үйдің салқындығы ма, жоқ кешке дейін аяғынан тік тұрып мал санап шаршағандықтан ба, комиссияның басқа мүшелеріндей емес, Әділбек кепке дейін ұйықтай алмады. Қашанда ұйқыны ой, дақ қашырады. Алдымен совхоздың бірінші фермасынан бір тоқтының кем болмауына қуанып та, таңданып та жатып еді, содан ол аудан малшыларының жайын ойлап біраз жерге кетіп қалды. Бағанағы бейауыз қойшы да есіне түсе кетті. Оның «шек, шек кебенек, жағал шұнақ...» дегенін ойлағанда шошып кетті. Өйткені... Өйткені, япырай, ә, сол ешкінің бәрі неге жағал, ал жағал ешкінің бәрі неге шұнақ? Қойшы неге сол «жағал-шұнақты» қарғап тұрып, бұған бір түрлі сырлы көзқараспен қарады? Жо-жоқ, бұған солай болып көрінген шығар. Бірақ ешкінің неге үшеуі де шұнақ? Япырай, бұл ой бағана көріп тұрғанда неге ғана келмеген. Бірақ мал түгел. Ендеше аппақ адамдарға күйе жағып жүрген жалақорларды қалай жазалау керек. Тұра тұр. Арызқойды жазалау! Апыр-ау, үш қора қара қойдың бәрінде бір-бірден неге кетпен құйрық қара төбел қой ақсақ болады. Шынында солай ма? Тұра-тұр. Міне, міне, пәленің басы нақ осы жерден шығып жүрмесін.
Нақ осы жерге келгенде Әділбек өз ойынан өзі шошып кетіп, жастықтан басын көтеріп алды. Жұрт шырт ұйқыда. Бәрі қаннен-қаперсіз. Ал сонда деп ойлады ол қараңғыда басын көтеріп отырып, менің ойлағаным арам ой болып, мал түгел болса менің бұл елде не беделім қалады, бұдан кейін бұл ауданда мені адам деп санайтын бір адам да таба алармысың! Мұңдай мұндар ой адамға қайдан келеді. Ой, мүскін басым-ай! Бірақ... бірақ. Қалай? Не істеу керек? Жо-жоқ, жағал ешкінің бәрі бірдей шұнақ болуы мүмкін емес. Әр отар сайын-ақ жағал ешкі болуы мүмкін. Текені жағалдан салған болар. Ал шұнақтығы ше? Қара қой қанша қора болды екен, ә? Әлде мен шын күдікшіл болып кеттім бе? Мен шынымен шатасып жатқан жоқпын ба? Адамға сенбеу адамшылықтың ісі емес қой. Мен де адам болмай шығып жүрмейін. Ауданның барлық қойшысы алдында пәлеқор атанып, масқара болып қалмайын.
Әділбек қайта жатты. Көзі ілінбек түгіл тіреуіш қойғандай бақырайып, түндіктегі жалғыз тесіктен көрінген жұлдызға қадалып қалды. Бір тоқтамға келмес бұрын ол ойын електен тағы бір өткізіп алды. Жағал-шұнақ, кетпен құйрық, қара төбел қой, өзі ақсақ. Ақсақ ақ қой үшеу. Үшеуі де қазақы. Соңғысы отыз үшінші отарда. Бірақ ақ қойдың ақсағы он бес, жиырма болуы да мүмкін ғой. Неге үш ақсақ қой — қазақы?
Әділбек түнделетіп тұрып, қонған үйден екі-үш шақырым жердегі почтаға барды. Ол ауданмен рациямен сөйлесіп қайтты да, ұйықтап кетті...
Таңертең гүр етіп тоқтаған машинадан дабырлап сөйлеп түскен көп адамның даусынан малды ауыл оянып кетті. Ноябрьдің қара суықты соңғы күні сағат сегізден кеткенде ғана күн шығып келе жатты. Үлкен отыз адамдық автобустан түскендердің ішінде малды ауыл танитын ауданның бас зоотехнигінен басқа ешкім де жоқ еді. Ояна келіп апыл-құпыл киінген Әділбек келгендердің ішінен басқарманың бас зоотехниктің аудандық милиция бастығын шақырып алды да, бұйрықты келте берді:
— Бірінші ферманың отыз үш отарына адамдарды бір-бірден қой. Мал комиссия бармай қорадан шықпайтын болсын. Жолдастарға қатты ескерт, мал өргізілмесін.
Түске таман бір де белгілі болды. Жағал ешкі де, кетпен құйрық қара төбел қой да, ақсақ қазақы ақ қой да бір-біреу ғана екен. Қара қой да бір-ақ отар болды. Жағалшұнақ кешегі бейпіл ауыз шопан қорасынан ғана табылды. Оның малы түгел екен. Шайлаған, қабырғасы көрінбейтін күзгі отар өріске беттеп барады. Қияқ мұрт, қыр мұрын шопан Турабай жирен жорғасын салдыртқан күйі ат басын Әділбекке тіреді:
— Егер менің шұнақ жағал ешкім болмаса түк таппай жерге қарап қайтатын едіңдер!— деді де шыбын-құйын болып, жиренін құйғыта жөнелді. Комиссия мүшелері жылқы санауға аттанды. Ауданнан келгендер машинаға мінді. Олардың арасында Майып пен Шоқат та бар еді. Ол екеуінің кезі жалғыз құлағы селтеңдеп, сақалы тұштаңдап қойды өріске бастап бара жатқан жағал ешкіге түсті. «Кесер ме еді, сыңар құлағын, кебенектің,— деді Майып түнеріп. «Құлағын қайтесің, басын де»,— деді Шоқат қосарлана. Бірақ олардың қолы артында еді...
1985
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter