Әңгімелер ✍️
Бір салым тұз
— Құдағи келіпті!
«Құдағи келіпті» деген сөз қырық-елу түтіннен құралған кішкентай Қарасаз ауылына жай оғынан да тез тарады. Байқұс Нұргүл жалғыз қызы күйеуге кетіп жалғыз қалып, не одан хабар ала алмай ішкені ірің, жегені желім болып жүр еді, жақсы болған екен десті естігендер.
Аздан кейін-ақ ауылдың әр бұрышынан кемпір-сампыр, қатын-қалаш жосылып Нұргүл үйіне тартты. Бәрі барын киіп, барынша сәнденіп, құдағидың әкелген қоржынының аузын сөгуге асықты:
«Қоржын сөгу» ол жұртқа үлестіретін шүлен емес. Құдағи әкелген қоржынның аузына қашанда біраз тиын-тебен тігіледі. Ауылдағы ең құрметті әйел, не жасы үлкен, не жолы үлкен, не бір ауылға келген құрметті қонақ — осылардың біріне «қоржын сөгу» құрметі тиеді де, басқалар соның аузына, қолына қарап отырады. Сонан соң құдалар жағынан келген қоржынды шын мәнінде сөгіп, ішін ақтарады. Аузына тігілген азын-аулақ ырымды жолына, жосығына қарай ауыл әйелдері пышақ ұшынан бөлісіп алады. Біріне аз, біріне көбірек тиіп, көбіне-ақ талайдың өкпесін кептіріп, аузын бұртитып, қабағына кірбің орнатып кетеді. Шын мәнінде, ойлай келсек абысын-ажынға, ауыл үйге осының да үлкен жарасымдылығы, тәрбиелік мәні бар. Өйткені бұл ең алдымен ағайын-туған, жекжат-жұраттықтың ұйытқысы. Өкпелесу, өкпе жазысу осының бәрі де жақындықтан, не өзін сол адамға жақын санаудан туады. .Қатысы жоқ, ай даладағы бір қайбана қазаққа өкпелермісің. Оған өкпелегенде не бітеді? Алты аласы жоқ, бес бересі жоқ кісіде не жұмысың бар. Өкпелеу — ол да наз білдірудің бір түрі. Тек ауырлау түрі. Одан жеңілдеу түрі де болады. Мысалы көңілдің шиткіп қалуы. Ол кейін бір-екі ауыз сөз сөйлескеннен соң-ақ жазылып, иі қанған қайыстай жөнге келе береді. Кейде ондай өкпе-наз той-томалақ өткен соң белгілі болады, ауылдың адуын кемпірлері, жайқар жеңгейлер ол өкпені жазуды келесі жиынға қалдырып қояды. Бажайлай келсең соның бәрі есепсіз емес, бұрын әлде бірдемеден тәртіпсіздік көрсеткен, не орынсыз сұғанақтық жасап, бірдемені артық жырымдап кеткендер, не аса момындығымен үлес ала алмай құры алақан қалғандар, бәрі де абысын-ажын ойында, өздері таразылап, өздері пішеді. Онысы атам заманнан келе жатқандықтан ба жалпы сүдінін алып қарағанда әділетпен астасып, дәл шығып жатады.
Өткен жолы Көркембайдың құдасы келіп түскенде қоржын аузын Қартбайдың қара қатыны Қырмызы сөгіп еді, сол күні қой кезегі келіп, әлгі Назтай келін ауылда болмаған екен. Үлесін ала алмай ұмыт қалыпты. Сондағысы екі-үш сом. Оны әлгі аузы жылдам Айрангүл жүз құбылтып айтып, біраз жерге апарып тастаған-ды.
— Егер әділеттілік қолынан келмесе құйысқанға қыстырылған тезекке ұқсамай жайына жүрмей ме?! Шағын ауылдағы азғантай әйелді түгендей алмаса, кісілікте нем бар! Үстіндегі көк шәйі көйлегін етектеп кие алмай, қырыс-тырыс қалпымен келіп еді, бар істі қырыс-тырыс қылып берекесін қашырды.
«Алақандай ауылдан қайын аға шығарамын ба», деген екен бір кері келін. Сол айтқандай, азғантай ауылда жасырын сыр да болмайды. Айрангүл сөзі сырланып-боялып, өңделіп-жөнделіп сол заматта-ақ Қырмызыға жеткен. Содан бері ол кешенің басында тұратын Ұлтайға себепті де, себепсіз де бара беретін. Ондағысы ауылға келген ендігі қоржынды сөгу кезегі Ұлтайдікі еді. «Егер құда түсетін үйдің жеті ата болған жекжаттарының бірі арадан киіп кетпесе» дей отырып, Ұлтай Назтай келінді ұмытпаймын деп уәдесін беріп еді. Жаңа «құдағи келіпті» деп естісімен Қырмызы кек шәйі көйлекті бұл жолы өтектеп киіп, Ұлтайға жөнелген. Енді міне, оны қояр да қоймай отырып, жұрттан бұрын ертіп шықты. Бұл екеуі ғана емес, кешеде көлбеңдеген көйлектер нақ осы бір сәтте көбейіп-ақ қалып еді. Бәрі де құдағи қоржынынан дәмелі.
Жаңа құдағи келмес бұрын Нұргүлдің де, оның үлкен абысыны Қантайдың да ойында ештеме жоқ еді. Тек қызына өкпелегенін Нұргүл өзінің ең жақыны Қантайға айтып еді. Өкпелемей қайтсын, ері Құтбек өлгелі бері осы қыздың болашағынан басқа тілеу тілеп пе еді, құдайдан Нұргүл. Жесір әйел жанын жалдап, тісін қайрап дегендей аянбай жұмыс істеп, бар тапқан-таянғанын оқудағы жалғыз қыздың аузына ұстап еді. Ол оқып адам болып шықса, оның қолына барып отырамын деген ой Нұргүлдің үш ұйықтаса ойында болған емес. Отыз бес жыл отасқан Құтбектің қара орманын тастап ол еш жаққа жылыстап кетпек емес еді. Сөйтіп оқу бітіреді деп қуанып жүргенінде, бір күні қызынан хат келді. «Сүйгеніме кеттім, мені іздеме»,— деп екі-ақ ауыз сөз жазыпты. Нұргүл қызының күйеуге кеткеніне ренжіген жоқ: «Түбінде кетеді ғой, жат жұрттыққа жаратылған бала ғой»,— деп қоятын, тек айтпай кеткеніне өкінді. Жұрт қайдан білсін, жесір қатын той жасап бере алмайтын болғандықтан қызын қашырып жіберген ғой дейтін қу ауыз табылмаушы ма еді. Жаңа ғана абысыны екеуі осыларды тағы бір еске алып, електен өткізіп, «бұл қай жаққа кетті екен» десіп қойып еді. Кеткен бағытын білмесе де тірі екендігін көңіліне дәтке қуат қылып еді.
Сол әңгіме аяқталмай-ақ бір жалғыз әйел қақпадан кіріп келе жатты.
— Құтбектің үйі осы ма? — деді әйел жапырайған танауын оң жаққа қарай бір қисайта тартып жіберіп.
— Иә, осы, — деді ойында ештеме жоқ Нұргүл.
— Сіз Нұргүлмісіз? — деді де, ары қарай жауап күтпей сөзін жалғап кетті. — Мен Сіздің қызыңыз Қуанның енесімін, Сіздің құдағиыңызбын. Кәдімгі осы ауылдың адамдарынан айырмасы жоқ, көк көйлегі, оның сыртында жеңсіз, етегі шолақ көкірекшесі бар әйел. Ауылшылап жүрген адам сияқты. Осы біздің құдағиымыз деп Нұргүлдің ойына келе қойып па!? Аяғына кигені өкшесі аласа шолақ бәтеңке. Қолында сойған қойдың басы сыймайтын, көнетоз қос баулы қапшығы. Құдағидың келісі бейне бір «Мына сіздің үйдің жанындағы дүкенге келіп едім, содан кіре кеткенім, — дегендей немесе бұзау іздеп жүріп кіре кеткен, әлде от ала келген әйелдер сияқты. Нұргүл де, оның жанында тұрған Қантайдың да түсі өзгеріп, қуқылданып кетті. Шынын айтқанда құда деген ең болмаса екі-үш адам келмеуші ме еді, ел аман, жұрт тынышта жалғыз әйелді құдалыққа жіберген аулында еркек кіндігі жоқ, не деген ел десіп екі әйел аңырап тұрды. Тіпті абысынды екі әйелдің абыржып сасқаны сонша, құдағиға «үйге кіріңіз!» деп айтуға мұршасы-шамасы келмей қалды. Әлден уақытта барып үлкен абысын:
— Құдағи болсаңыз қош келіпсіз, қадамыңызға гүл бітсін, үйге кіріңіз, төрлетіңіз, — деді. Бірақ екеуі де сенбегендей состиып, мәлелдік-көңілсіздік басып тұр еді.
Құдағи үйге кірді. Төрге шығып отырды. Өзі сияқты жапырайған көнетоз қоңыр қапшығынан көсеудей, тарамыс қол түйіншек ақ орамал алды. Абысынды екеудің көзі құдағидың қолында. Шешілген ақ орамалдың ішінде төрт-бес пряник, бір сом жиырма тиынның жарты килоға не жетіп, не жетпейтін қарамелі. Түйіншек ішінен кішкентай шүберекке түйілген тағы бірдеме алды. Оны жазып жаңағы орамал үстіне қойды. Онысы бір салым түз екен.
Алыңыздар, дәмдес-тұздас болайық! — деді құдағи абысынды екеуіне қарап. «Қой көрмесек те той көрдік, ешкілі байдың қызы едік» дегендей, о заманда бұ заман жаңа қыз алған жерден жалғыз адамның келгенін, оның дәмдес болуы осы он түйір конфет пен бір салым тұзға қарап қалғанын кім көріпті. Абысынды екеуі осы құдағи бізді келеке етіп отырған жоқ па дегендей ыржиып, ғамкүнденіп, қапыл аттанып тұрды.
Мұндайда адам жаман ойға жүйрік келеді. Баяғыда Нұргүлдің Алматы жанындағы дүнген колхозына барып, бір тойдағы сұмдықты көргені бар-ды. Келін түсірген үйдің маңдайшасында келесі күні таңертең қара шүберек ілулі тұрды. Ауыл кісі өлгендей, үн-түнсіз. Сөйтсе қара шүберек түскен келіннің ары таза емес, енді ол бұл ауылда қалмауы керектігін аңғартады екен. Мына құдағи да сондай бірдеме сездіртіп отырған жоқ па дегендей, Нұргүл секем алып еді. Сонан соң барып екі абысын құдағи «дәм татыңыздар» деп қоймаған соң бір-бір шымшып тұзды аузына салып, сынық конфеттерді қолдарына алды. Осы бір сұрықсыз көрінісінің куәсі болмақтай айналасы тай шаптырым келмейтін ауылдың Ұлтай бастаған кемпір-сампыры бірі жантаңдап, бір шойтаңдап, енді бірі басы қақшаңдап, аяғы қаздаңдап кіріп-кіріп келісті.
— Ұйбай-ау, — дейді Айрангүл,— біз кірмей жатып құдағидың алдына құрақ ұшып жатыр ма! Ұйбай-ау, мынау он түйір прянигі несі? Нұргүл-ау, мына бір жапырақ орамалыңа жол болсын!
Өзі де ағайын туғанға не бетін айтарын білмей тұрған Нұргүл байқұс шыдай алмай көз жасын сығып далаға шығып кетті.
Бірақ далаға шыққан Нұргүлдің көңілі орнына түсе бастады. Жана есік алдына шығып кеткен үлкен абысын Қантай Көркембайды шақыртып, мал сойғызып жатыр екен. Ішек-қарын аршуға әйелдер де кірісіп кетіпті, тіпті мұрыны жерде жатпайтын көрші-көлемнің иттері де ырылдасып-таласып жиналып қалыпты.
— Бәлкім, — деді Қантай басу айтып, — әлгі бізге күйеу болған баласынан басқа ешкімі жоқ, жалғыз жандар шығар. Жанашыр туысқан-туғаны болмаған соң кембағал адам өзі келмегенде қайтсын. Анау Бәтиді бері шақыр, бауырсақ пісірсін!
Нұргүл жасынан шамдағай, жылдам кісі. Аузы сөйлеп тұрғанда қолы тынымсыз жұмыс істеп жататын, құртты құртқа қосса да, жүнді жүнге қоспайтын өте бір пысық адам еді. Аздан кейін-ақ торсиған қызыл бауырсақ пісіп, ысылдап, екі иығынан демін алып ақ самаурын да келіп қалды. Мұндайда жөн сұрауға шебер Көркембай құдағидың барлық бала-шағасын, туған-туыстарын, жеті ата, жеті пұстысын қыздың ұзай салып, сонау Қызылсу Шардан бірақ шыққанын бәр-бәрін біліп алды. Нұргүлдің күйеу баласы алты ұлдың кішісі екен. Тіреп тұрған алты ұл мың шақырым жерге құдағиды жалғыз салт бас, сабау қамшылы жібергенін әңгіменің ұзын-ұрғасынан отырғандардың бәрі де естіді. Бірақ мұндайда намысшыл келетін абысын-ажын бірі сыр білдірмей, бірде біреуі бетін жасырып шымшыса да, құдағиға көрсеткен жоқ. Тек кіріп-шығып жүрген абысын-ажынның «осындай қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заманда...», «алты ұлы тіреп тұрып...» деген піші-пішісі естілмей қалмады.
Әлден уақытта Нұргүл үйінде сойылған қазақы қоңыр қойдың сорпасына тойып ағайын-туған, абысын-ажын үйлеріне беттеді. Келгендер бір-бір шымшып алғанда құдағидың түйіншегіндегі бір салым түз жұрттың алдына жетіп, артына жетпей қалды. Оны кейбір сайқымазақ қалжыңбас қулар молырақ қамтып, артқыларға әдейі орамалды шымшытты. Тек Айрангүл шыға беріп:
— «Ел-елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» деген осы екен ғой. Әдірам қалсын ондай заң, — деп ернін бырт дегізді.
Бекер обалы не, абысын-ажынның бір де бірі, тіпті Айдаргүл де Нұргүл атына қайбар айтқан жоқ. Сонымен қоржын сөгуге келген Ұлтай да, оның қошеметшісі Қырмызы да салы суға кетіп, «шешесін жалғыз жіберіп алты ұл қалай отыр екен», — деп біріне бірі қарап құдағиға аяушылық білдірді. Ұлтай тағы да кейінгі бір құдалардың түсуін күтетін болды. Назтайдың алатын үлесі де кейінге қалды...
1980
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter