Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
14.09.2021
258
КҮЗГІ БҰЛТТАР
Ала қаздай
Аспанның бауырымен қалықтаған,
Ала жаздай,
Тұрақ таппай,
Көшуден жалықпаған,
Мазасыз
Күзгі бұлттар.
Қайда айдап барады сендерді?
Тынымсыз жел-ызғырықтар?
Көнбіс, көнгіш,
Момақан
Күзгі бұлттар.
Үскірік қызуыңды ұрлап алып,
Қаңтар туса қалтырарсың,
Осындайда денеңді нұрға малып,
Күнге арқаңды қыздырып қал,
Күміс кірпік
Күзгі бұлттар.
Сауырыңнан аққан тер ме,\
Сары қурайға жабысқан
Ақ қыраулар - мұзды мұрттар?
Сабылса да сабырдан арылмаған
Салмақты
Күзгі бұлттар.
Мұхит көктің төсіне сап кемеңді
Көсілте бір жүздіріп қал.
Сахарадан сауық іздеген
Сайраншыл
Күзгі бұлттар.
Кім білсін, әлденендей сый күте ме,
Қарайды маңай саған үздігіп бар,
Салқын лепті күзгі бұлттар,
Күзгі бұлттар...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter