03.09.2021
  139


Автор: Балғабек Қыдырбекұлы

Алаяқ

Екі қолын қалтасына салып, қалпағын шалқайта киген бір жігіт жақында Ұзынағаш базарының ортасында «мені кердің бе» дегендей өзіне өзі сұқтанып тұра қалды. Жанынан өткен біреулерді тоқтатып алып, «мен жазушымын» деп таныстырды өзін.


— Болсаң бол!


Осы кезде жазушымыз сөйлеп кетті:


— Кітап жазын 15 мың сом алып едім, сіздей жолдастардың беделінен садаға деп ортаққа салып жіберіп, енді міне қалтаның босап тұрғаны. Содан міне «көкмойындарды» көріп мұрынның қышып тұрғанын көрдің бе?


— Олай болса жүр ендеше!..


Түс қайта бұл жігіттің қошаметшісі көбейді. «Ұзынағашта «көп жүріп қалдық, бұл жердің дәмі кетіп барады. Ал енді бір жерге барып қонақтайық!» деді жаңағы «Жазушымыз». Сонымен ол бастаған бір тоғыз, машинаға отырып алып, Қарақыстақ қайдасың деп тартып кетті.


Қарақыстаққа келген соң, «жазушымыздың» лауазымы үлкейіп, өзгеріп кетті. Айналдырған жарым сағаттың ішінде қазір ғана қастарында тұрған жолдасының тез өсіп кеткендігіне айналасындағылар таңданып қалды. Бұл жолы ол өзін республикалық газеттің тілшісімін деп таныстырды.


— Апырай, мына жігітіміз бара-бара кім болып кетер екен?— деді бірі. Шынында да солай-ау, егер «тілшіміз» мына шоқырақтан танбаса, енді біраздан кейін министр болып алмаса қайтерсің. Я, мына шабытына қарағанда министр де болып алатындай түрі бар.


«Бұл тегін адам емес» дегендер де болды бұл жерде. Несін айтасыз, «ақмағамбеттер» тағы келтіріліп, рюмкалар сендей соғылды.


— Мына шаш босқа түсіп, босқа қасқабас болды деп отырсыңдар ма? Үлкен газетті отыз жыл шығарысамын, деп сөйлеп кетті жігіт.


Кеше де сол газеттің бір қызметкері болып еді,— деді отырғандардың біреуі.


Ей, қой, «бұрынғы туған құлақтан соңғы шыққан мүйіз озыпты» деп, немене айтып отырсың?!—деп зекіп тастады ол тағы да.


Осы Қарақыстақта тұратын Мұсаның үйіне келгенде әлгі тілшісымағымыз тағы бір секіріп түсті. Бұл секірімпаз жігітіміз кәдімгі Суқылдақов еді.


— Құтты қонақ келсе, қой егіз табады деген. Мен бір жүрген қызырмын, шал. Барың болса әкел. Мен үлкен газеттің аға редакторымын, Алматыға барған соң жазуды тура сізден бастаймын,— деді Суқылдақов қасындағы кәрияға. Әрине ол босқа тілші болғысы келген жоқ. Жөні келсе, бірдеме жымқыра кеткісі келді.


Газетке жазамын дегенді кері түсінген шалдың есі кетті:


— Не алсаң да жаза көрме, айналайын,— деп жалынды.


Суқылдақов, ертеде баспа төңірегінде әдеби қызметкер болып істеген. Содан ол бір күні командировкаға барғанда өзін «редактордың орынбасарымын»,— деп таныстырған.


Суқылдақов баспадан шығарылып жіберілгеннен кейін де өтірік тілші болуды қойған жоқ. Қайта ол өтірігін үдеткен үстіне үдете түсті. Ол талай құбылып, талай түрленді. Бір күні ол аяқ астынан зым-зия жоқ болды да кетті. Оны жоғалып кетті деп жоқтай қойған да ешкім болған жоқ.


Арада ай өтіп, апта етіп кеткен соң сол алаяқ Онтүстік Қазақстан облысының Келес ауданынан қарасын бір көрсетті. Күздігүні жел аударған қаңбақтай талай ашық-ауыздарды алдап-арбап, дүниені шарлап жүріп осында келген екен. Келе салып кәсібіне шұғыл кірісіп кеп кетті.


Бұл алаяқ аудан басшыларының біріне келіп: «Мен республикалық қызметкермін, маған машинаңды бересің, колхоздарды аралаймын» деп кеудесін кере түсті. Ол мұның сөзінің төркінін көріп, одан куәлігін сұрады. Куәлік сұраған соң Суқылдақов кенет ашу шақырып, сенін колхоздарыңды аралап, өзіңді орныңнан алдырамын деп қорқытты. Содан бұл әр мекеменің атын жамылған өкілсымақ «Ынтымак» колхозына келді. Колхозда жылдық есеп беру жиналысы өткелі жатыр еді.


Жиналыс басталғанша, Суқылдақов колхоз председателі Оңалбаевтың ашықауыздығын пайдаланып, «үстіңнен мынадай арыз түсті» деп қысып та алды. Алаяқ артынан жұмсарыпты да, «мен сені кәдір білер, адамгершілігі мол адам деп келдім, оны өзіңіз білесіз» деп құлқынын ескертіп, көмекейі босапты. Сөйтіп, колхоз председателі оған арнап ауданға, аз да болса бірдеме жеткізіп бермек болды.


Жиналыста есепті баяндама бітіп, екі-үш кісі жарыссөзге шығып, сөйлегеннен кейін алаяқ сөз алды. Ол: «Мені неге танымайсыздар, мен — Қазақстандағы қазақ атаулыға белгілі Суқылдақовпын. Мен Қазақстанның төбесінен қараймын» деп ол демін бір алып, сөзін қайта соза берді. Бұдан кейін ол осында біраз жұмыстарды «тексеруге келгендігін», оны өзі тексеріп, шешіп қойғандығын, қорытындысын кейін хабарлайтынын айтты. Сөз арасында арыздарың болса қазір тапсырыңдар деп те жіберді. Ең соңында өлшесе бойына сыймайтын бір сөзді айтып салды: «Сіздер келешекте жұмысты жақсы істейді деп республиканың басшы мекемелерінің атынан сенім білдіремін» деді. Шіркіннің беті бүлк етпеді-ау.


Осыны айтты да, ол жиналыстың аяғына қарамай «Жоталы» колхозына жүріп кетті. Колхоз председателіне қағаз жазып, «ендігі сөзді ауданда сөйлесерміз, тапсырманы орындап барғын» деп хат жазып қалдырыпты.


Бұл алаяқ әр колхозға, мекемеге келгенде куәлік сұрағандарға «надансың» деп ұрсып, одан әрі тартып отырды. Әр жерде әркімдермен бөтелкелес те бола кетті. Оларға мақтанып, бөсіп «мен математика ғылымының докторы, профессормын, Кенесары Қасымовтың қатесін тапқан да мен, аспан әлеміне де қатысым бар. Оқта-текте Темірқазықтан да хабар алып тұрамын» деп күпінді.


Суқылдақовтың алаяқтығы Келесте ғана білінген жоқ, өткен жылы Есікті де, бұрнағы жылы Бұғылыда да білініп қалған. Суқылдақов әлі жас жігіт, жасына келе суайттығы Хлестаковтай болмаса да, Қорабаймен бара-бар түседі.


Мінекейіңіз, Суқылдақовпен таныс болыңыздар!


1952




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу