Әңгімелер ✍️
Казино
І
Құдайсыз қоғамға, имансыз адамға бәрі рұқсат... ештеңе жат емес екен. Ал мұндай мұндар дүниеде өртті жүрек, дертті сана ақылға қонақ бермей, асау сезімге ғана бой алдырмақ.
Жошы “Пирамида” казиносына кіргенде алдынан еліктей елеңдеп Есілай мен құмархана иесі лақса кәрі, бірақ қытайдың өмір ұзартар “адам шөбін” үзбей қолданудың арқасында ширақ қимылдайтын, жұдырықтай ғана бұхарлық жебірей шалы жымиып қарсы алды. Төс қағысқан амандықтан соң Жошы сұңғақ та сұлу Есілайдың бетіне ернін тақап, ыстық демі балғын жүзін шарпып, аман-саулықтың мезіретін істеді. Есілай “майлы клиенттің” шынтағынан еппен ғана іліп алып, қудың қауырсынындай қалқып, “орыс рулеткасы” — орыс бәсі дейтін аты шулы үстелге әкелді. Үстел басында бұл бұрын кездестіре қоймаған ығай мен сығай қыз-жігіттер отыр екен. Бұлар әйгілі “алтын жастар” ғой.
Көң құны көтеріліп кетіпті...
Көңілі көшеден нілдей бұзылып келген Жошының жыны құрыстады да қалды. Аптаның жұмасында ғана ойнайтын, басқа күндері бас сұқса — Есілай үшін ғана... Жұмада таныстары да жолығып қалатын. Бүгін тіпті жым-жылас. Зауқы соқпаса да көңге қомақты бәйге тікті. Ойынды бірақ ұзаққа созғысы келмеді, бір айналымнан қайырып, қызыл шараптан екі тартып, Есілайды қолтықтап жоғарыға өрледі.
Екеуі де қолтықтасқан күйі темір бағанға қысыр жыландай оралған бұрама сатының шыны табанын басқан. Бұл бір ұшар басын үшкілдей қосып, үшбұрыштана біткен төрт қабырғасын қос қабат көк әйнекпен жапқан, Мысыр пирамидасы үлгісімен көтерілген көшірме ғимарат еді. Ішіндегі мүлік-мүкәммалына дейін әйнектен жасалған-ды.
Бір ғажабы казиноның ойын залы, кафе-бар, би алаңы секілді бірінші қабаты мен қонақ үй сияқты дем алатын бөлмелерден тұратын екінші қабаты арасындағы төбе де мөлдір шыны болғандықтан адамдар сұлбасы анық шалынатын. Жоғарыдағылардың не істеп, не қойып жатқаны төмендегілердің көз алдында бозғыл әйнек бетінен бұлаңыта танылатын. Сондықтан болар, кейбір пенделер ойынды қыздырар-қыздырмаста жоғарыға аңсары ауып, еріксіз интим бөлмелерге асығатын-ды.
Қабырғаларын шыны перде тұтқан шағын құжыралар іші де жұмақтай: жуынатын-шайынатын жеріне шейін тас тағанды жылы еден. Жоғарыдағы жұмбақ сұлбалардың нәпсіні иітер қимыл-қозғалысы төмендегілердің аң сезімін қытықтап, байыз таптырмай ынтықтырып әкетуші еді.
Олар жайымен көтеріліп, қос қатар шыны бөлмелердің арасындағы дәлізбен жүрді. Қапталдағы бозғыл әйнек қабырғаларының бедеріндей айқаласқан, аймаласқан, шарап ішіскен боз сұлбаларға сырғыта көз тастап, екеуі де “меншікті мекені” — күллі әйнек пирамиданы тіреп, қақ ортасынан жарып өткен болат діңгекті кіндік бөлмеге кеп кірді. Шыны еденнен төмендегілердің абыр-сабыр іс-әрекеті, ал шыны қабырғадан көршілердің нәпсіні қытықтар қылықты қимылы көзге ұрады. Ашық-шашық тәндері бозаң суда жүзген балықтай бұлаңытады.
Ірге жағына текшелеп көрпе-жастық жинаған шығыстық сәкі үстіне Жошы сылқ етіп отыра кетті. Сонда ғана:
— Бүгін шаршап тұрсың ғой, — деді Есілай.
— Күні бойы тыным таппадым.
— Шешін! Шешіндірейін, — деп қыз қырықтан енді асқан балуан тұлғалы жігітті шешіндіре бастады. — Қазір массаж жасаймыз... суға түсесің, су жаңа мерседестей боласың... а-а-ай, жаным-ай! — Әндетіп те жіберді.
Жошы жұмсақ, бірақ әлеуетті әйел затының қолына сүйсіне түсіп:
— Жаным-ау, сен менің құтқарушымсың! — дей берді.
— Ә-ә, солай ма?! Әйел — адамзаттың құтқарушысы... ал еркек — дүниенің жұтатушысы. Біліп қой, мырзам!
Жошы үнсіз қалды.
— Мырзам, кішкене шыдай тұр! Астыңа сәкі батып жатқан шығар, қазір көрпе жаямыз... ә-әй-әй, ботам, әй-әй! — деп әндете түсіп, Жошының бөксесіне отырып алып, май жаққан алақандарымен арқасын уқалай, соққылай түсті. Жошының бой-бойы балбырай иіп, құрыс-тырысы жазыла келіп, тәні шоқтай тұтана бастады. Жастық қуат еркін алып, кенет аударыла беріп, Есілайды бауырына бүктей басты.
— Ақырын, Жошы, ақырын... асықпа... асықпашы! — деп жас ару алқына сыбырлап, жас жігіттің дегеніне көне берді.
...Екеуі де әлден уақытта суға жуынып келісімен, үнсіз қалысты.
— Сен неге үйленбейсің? — деді Есілай. — Жағдайың да бар... Қыздарың да көп.
— Жо-о-оқ, қателесесің! Қыздарым жоқ, сенен басқа... Сенімен танысқалы он шақты ай болды ғой, ешкімге жолаған емеспін.
— Өтірік!
— Рас! Рас айтам.
— Онда маған үйлен. Әлде мен ұнамаймын ба?
— Ұнайсың. Саған-ақ үйленер едім. Сен менің өмірімде шын жақсы көрген, қатты ұнатқан “екінші адамсың”...
— Бірінші кім?
— Ол мектепте болған... Мен оны бақытты қыла алмадым... Сені де бақытты ете алмаймын.
— Сен емес, Жошы, мен сені бақытты етемін! — деді кенет Есілай жұлып алғандай.
— Ол сенің қолыңнан келмейді. Тіпті құдайдың да қолынан келмейді...
— Мүмкін емес! Қалайша?
— Солайша... Мен басымды баяғыда-ақ көңге тіккем. Бұл — “орыс бәсінің” басы.
— Қойшы, жаным, қайдағы жоқты айтпашы?!
— Жарайды, айтпасам — айтпайын... Сен өзің кінәлі!
— Қойшы, Жошы, кінәламашы мені?!
— Кешір, Есілай! Кінәні біреуге арта салу — менің бір жаман әдетім, — деп Жошы жас қызды құшағына алды.
— Сен неге “басымды көңге байлағам” дедің? Сол қыз үшін бе?
— Иә, сол қыз үшін болатын. Ол кезде... ал қазір басқа үшін... Сен оны түсінбейсің!
— Неге? Түсінемін... Жасым болса жиырманың үшеуінде. Айтшы! Айтып көрші, түсінуге тырысайын!
— Қорықпайсың ба? Мен мектепті бітірер көктемде сүйген қызымды өлтіргім келген...
— Қойшы, қорқытпашы! Сен әдейі айтып жатырсың, менен өзіңді алыстату үшін, — деп Есілай өкпелей қалды.
— Тіпті де ондай ойым жоқ, бірақ ол қызды өлтіргім келгені ақиқат. Онымен бірге өзімнің де өлгім келген...
Есілай Жошының бауырына ене түсті.
— ...Жарайды, қойдым!
— Жо-жоқ, айт! Айта бер.
— Қорқып жатырсың ғой.
— Иә, бірақ естігім келеді... Айтшы! Қызық екен!?
— Бәріне кінәлі — әкем... Әкем о қызға “ешқашан да үйлендіртпеймін” деді. Жолаушы болма деді. Шешем мен әжем мені жақтады. Олар — ана ғой... Мен мына тұрған Қаскелең ауданына қарасты “Райымбек” ауылында, “апамның баласы” боп, сол ауылдағы мектепте оқитынмын. Әке-шешем кішкене қарындасыммен Алматыда — қызметте. Албырт шағым, әкемнің бір ауыз сөзіне бола атжалмандай қасарыстым да қалдым. Қояншығым қозып кеткен. Не істеуім керек? Бір-ақ жол: қызбен бірге өлу керек. Қашу — бесполезно. Әкемнің қолы ұзын, өзі органда істейді... Қызға барып айттым. Ол да жылай-жылай келісті. Түнде елу сом2 беріп, көрші үйдегі баладан “обрез” мылтығын алдым. Таңертең малды табынға қосқан соң, ауылдың батыс жағындағы жота басына шоқтала орын тепкен көп зиратқа бет қойдым. Бейітті төбе тып-тыныш, көктем күні астында маужырап қарсы алды. Күнгейден Алатаудың қоңыр самалы еседі. Үстіме қолпылдатып киіп алған күпәйкені шешіп, оның ішіне тығып әкелген шолақ мылтықты жерге төсеген күпәйке астына тастадым. Мамыр ауып, шөп көтеріліп кеткен мезгіл. Тап төбемнен тыныш бейіт үстін тербеп бозторғай шырылдайды. Дүние көтерілген күн нұрымен құлпырып тұр. Аруақтар да тыныш. Менің ат тұяғындай дүсірлеп соққан жүрегім сабырға келген. Тіпті өзімнің қазір өлетінім де өтірік секілді... Алатаудың ақшаңқан басы асқақтай түсіп, мені әлде бір ерлікке шақыратын сияқты. Кенет ұлы таудан қуат құйылғандай бір күй билеп алды. Осындай ой мен сезім тоғысында отырып, биік төбенің етегіне шұбарала шыт көйлегі желбіреп кеп қалған сүйгенімді де байқамай қалыппын. Оның “Жошы!” деген үрей билеген (әйтеуір, маған солай көрінген) дауысы әлі күнге құлағымнан кетпейді... Орнымнан қалай атып тұрғанымды білмеймін. Қолымда — шолақ мылтық. Жоғарыда тұрып: “Кел! Кел! Бері кел!” деп айқайлаған болдым. Міне, сол сәтте ол бетін алақанымен басты да, үнсіз жылап тұрды. Бір минутқа жетпейтін қысқа уақыт маған мың жылдай боп ұзақ көрінді. Кенет ол жалт беріп бұрылды да, ауылға қарай ағараң қағып, құстай ұшып жөнелді. Мен болсам, мүлгіген қорым басында қалшиып қала бердім. Ол менің махаббат пен сүйіспеншілік туралы адал көңіл, пәк сезімімді сол сәтте жүрегім мен жанымнан біржола суырып әкетті. Әрине, мен оны ол кезде білгем жоқ. Бойымды біртіндеп ашу кернеді. Әкеме емес, сүйген қызыма деген. Ол күллі сенімімнің иесі еді, соның күл-талқанын шығарды. Тап соған ерегескенде, өлмеуге бекіндім. Мен оны қайтып көргем жоқ... Бәлкім, бейіт басында сүйгеніммен емес, тұңғыш рет ажалыммен бетпе-бет ұшырасқан шығармын. Білмеймін. Содан бері бойымды бір суық сезім — қатыгездік кернеп алған. Ол әлде бір сілкініс күтеді. Ақиқатында сілкініс жасағысы келеді. Мен бүгін соны тауып келдім.
Қойнында тілген таспадай созыла түсіп, тәні мен тәні өріліп кеткен Есілай:
— Қандай көңілсіз әңгіме?! — деді. — Тапқан сілкінісің мен емес пе ем?!
— Жоқ, сен де емес, сенен зорғылар да емес... Оны өзім ғана білемін. Тіпті, тәңірі де сезбейді. Жүрегім тастай қатып, сезімім шоқтай сөніп қалған — ғажап! — деп өз-өзінен масаттанды.
Қыздың қылаусыз тәні тітіреді.
ІІ
Жошының айтқаны хақ еді. Жан дүниесін алмас ішкендей өткір, суық бір сезім билеген. Салқын сабырға қатыгездік иектеп алған. Осы бір қабаған қатыгездік оны қаладан шығар ұзын жолға салған-ды.
Қаңтардың аязды ақшаңқаны. Кеше жауған көбік қар Ташкент күресінен Алатаудың шыңына дейін ақ кебіндей орап тастапты. Күн құрық бойы көтеріліп, дүние жіпсіп келеді. Астындағы ақ түсті “Ауди” көлігі де қашқан қояндай заулайды.
Қала ішінде қыстыққан көңіл де көтерілейін деді. Бірімен-бірі жарысқан көлік ағыны алысқа шақыратындай. Бірақ бар болмысын билеп, санасын иелеп алған сұмдық қатыгездік сезім сейілер емес. Ол жүректің ең бір әлсіз жеріне бекіп, беріш боп байланып қалған.
Байланатын да жөні бар — қатыгездіктің... Оның алғашқы дәнін еккен де сол. Әкесі. Сосын шешесі. Мұның төрт, бәлкім бес жасында бір-біріне пышақ ала жүгірісті. Бұл тұңғыш рет қызыл қанды көріп шошынған. Қатты шошынды! Қайсысының білегін орып кеткені есінде жоқ, әйтеуір диван үстінде шоқиып отырып, үн-түнсіз бақылай, бақырая қарап қалғаны жадында. Сол бір сұмдық қанды сурет мәңгі есінде тұтылған.
Абырой болғанда, тілі байланып қалған жоқ. Екі-үш күннен кейін Алматы іргесіндегі “Өзбектен”3 әжесі келген, бұл сәбилікпен бар сырды жайып салған. Қайран апасы бір ауыз сөз айтпастан мұны алып кетіп еді-ау! Содан он жылдық мектепті тәмамдағанша “Ақ апасының” қолында еркелеп өсті ғой. Сөйткен апасының басына ат ізін салмағанына да жылдан асыпты.
Көлігін баяғы сүйген қызы құйын-перен қашатын етекке қаңтарып, ай тұрпатты айдары андағайлаған қалың қабірлі төбеге көтерілді. Белбеуіне бекітілген былғары қораптан ұялы телефонын алып, өшіріп тастады. Биік төбе басынан манаураған Алатауға дейін түп-түгел көзге шалынады.
Жан-жақты түгел шолып шыққан соң, аузына мұсылмандықтан білетін “Бісмілла, рахман рақым!” деген жалғыз ауыз сөз түсіп, жүзін сипаған болды. Күртік қар сірестіре жауып тастаған өлі мекендердің арасын жападан-жалғыз омбылап жүріп, ортаға таман жатқан Ақсөңке әжесінің тамына жетті. Қысқа қоныш етігінен қар кіріп, сирағы мұздады.
Қызыл қыш кірпішпен төрт құлақтап көтерген зиратқа іштей тағзым етті. “Апа, кешір! Мен ақымақпын. Бүгін өзіңізге бас иіп кетуге келдім. Ендігі тағдырым қалай тайқарын білмеймін... білетінім — сіздің мейіріміңіз. Сол ғана сүйеу, сол ғана медет. Қош, апа! Қоштасуға келдім, енді жолым түсуі екіталай... Кеш, апа!”
Тобығына дейін еніп кеткен қар мұздатып бара жатқан соң, тез қозғалып, көлігіне қарай құр аттай адымдады. Етекке түсісімен көлігіне отырып, аяқ киімдерін шешіп, ішіндегі қарын сілкіп тастады. Шұлығы су болып қалыпты. Көлік қалаға қарай жылдам қозғалып кетті.
Ауылдың құбыла бетіндегі қорым басында тұңғыш рет құран оқылмады...
Бейітті төбе етегінен ендеп шықпай жатып, құлағына “Жошы!” деген дауыс естілгендей болды. Оған бірақ көңіл аударғысы келмеді. Әлгі дауыс тағы қайталанғандай болды. Сонда ғана сәп салды: апасы ма? Баяғы сүйгені ме? Тым-тырыс. Көлік үнінің бірқалыпты сырылы ғана.
Өз-өзіне сенімді Жошының десе де ойын әлгі бір емексі дауыс бүлдірді. “Жошы!” — үрейлене айқайлаған сол бір сүйгені мұның сенімін сетінетіп, сезімін сөгіп кетті ғой. Кейін үйленді, сәби де сүйді, бірақ әйел затына деген суық бір сезім қалып қойды. Сол сезім ажырастырып та жіберді. Оған да еш қиналыссыз, қайта құтылғанына көңілі жайлана келісті. Тіпті бауыр еті — баласына да суып кеткен.
Тек сайқал сұлуларға саңылауы ашық. Олардың да ішінде Есілай есеңгірете тартып, өз ұйығына батырып әкеткен. Ал қалғандары — құр құмарлық құрбаны... Есілайға жолыққалы жылмаң сылқым-салдақыларға жан далбаса жалаңдағанды қойғаны рас.
Бұған бүгінде Есілайдың сұлулығы мен сол Есілай “Хрусталь Храм” атаған казиноға деген жеңсікқұмарлығы жетеді. Өйткені бәрі өткінші, бәрі жалған. Сайқал сұлу мен “Хрусталь Храм” сұлулығы, құмарлығы не, тәйірі, бейіт басында сүйгені ыдыратқан сенім мен сүйгені күйреткен көкіректегі сұлулық сарайымен салыстырғанда...
Мұның құмарын тарқататын, азартын ашатын — казино. Есілайдың айдар таққан “Хрусталь Храм”, “Пирамида” да жел мен уақыттың жемі. Бір-ақ сәтте күйрейді. Адамның көкірек қуысындағы жан сұлулығы емес, адам қолы уысындағы тән сұлулығы ғой. Бар-жоғы быт-шыт болар шыны ғана. Шыны... шыны-адам... шыны-қоғам... бәрі де шытынағыш. Тәңірінің тәлкегі — бәрі... Жо-жоқ. Адамның арсыздығы. Ал құдай жоқ. Жо-о-оқ!
“Құдай жоқ! — деді Жошы ішінен тағы да, ұлы күреге көлігінің дөңгелегі тие бере. — Құдай бар болса, дүниені шыныдай шытынатпас еді. Құдай жоқ болғандықтан да адам ойына келгенін істеп жүр. Жер бетіндегі адамға “все дозволено!” Өзі үшін өте мәнді осындай бір оппа ойға бекіді.
Өшіріп тастаған қалталы телефонын қосты. Сол-ақ екен шілделіктегі шегірткедей шырылдап қоя берді.
— Алло! Әке... Қайда болушы еді, зиратта жүрдім... Апамның басына барғам... Жарайды, ертең хабарласам... Иә, ертең. Шешем ешқайда қашпас... Бүгін уақытым жоқ.
Астанадағы әкесі екен. Жошы телефонын қайта айырып тастады. Жол үстінде ешкім мазасын алғанын қаламады. Көлігін бірқалыпты жүріске салды. Сол-ақ екен әлгі бір “құдай жоқ” деген оппа ой қайта орала кетті. Сайтанның сапалағындай сарт етіп ғайыптан оралған ой оспадарлықпен үйіріп әкетті.
— Құдай жоқ, өлім ғана бар.
— Иә, өте дұрыс айтасың: құдай жоқ, ажал бар... — деді әлдебір дауыс.
Жошы өз-өзінен таң болды. Қасында ешкім жоқ. Дауыс ішінен — іш жағынан шығатын сияқты. Ішкі жағынан естілгені де хақ.
— Сен кімсің?
— Ажалмын.
Жошының бойына қорқыныш кірді. Қолы дірілдеп, көлігі де қу түлкінің құйрығындай бұлғаң-бұлғаң қақты.
— Өтірік!
— Сенбейсің бе? Онда көзіңе көрінейін!
Оң жағындағы жолаушы отыратын орында әлдебіреу пайда болды. Өзі қырын отыр. Пошымы — адам. Бірақ не әйел, не еркек екені — жұмбақ. Жошы енді шындап састы.
— Бісмілла! Бісмілла!
— Жалбарынбай-ақ қой. Сен құдайсыз пендесің... құдайдың құлы емессің. — Жошы тіл қата алмай, аяқ-қолы тырысты да қалды.
— Сіреспе! — деп зірк еткенде, жұлын-жүйкесі жазылып, көлікті игеріп алды. — Сен әлі өз парыз-қарызыңды өтеп біткен жоқсың. Мен жаныңды әзірге ала қоймаймын.
— Онда неге жанымда отырсың?
— Сен маған сенбедің ғой, көзіңе қолақпандай боп көрінейін дедім.
— Менің ішімнен шықтың ба? Сайтан емеспісің?!
— Не десең — о де... Мен бүгіннен бастап сенің қасыңнан табыламын. Керек болса, ішіңде отырамын.
— Неге?
— Е-е, сорлы! Адамға ең жақын — Ажал. Құдай алыста... тым-тым жырақта. Сондықтан да тағдырың үнемі қыл үстінде тұрады. Ал сенің қасыңда аранымды ашып үнемі мен жүремін. Сен бейшара үнемі үреймен өмір сүресің. Міне, өмірдің шекер балдай мәні.
Жошының бойындағы діріл басылып, өз-өзін билеген сабырға келді. Ажал да қырындаған қалпы тас қарақшыдай мелшиіп отыр.
— Адам атаулы — ажалды... — деді Жошы. — Әркімнің өз ажалы жоқ. Ажал — ортақ. Өйткені құдайды да біреу, ол бәріне ортақ дейді ғой... Ал сен — бар-жоғы елессің. Мен сенен сескенбеймін, сенбеймін!
— Сескенбе! Сенің сескенбегенің... ең бастысы — сенбегенің керек: маған да, құдайға да.
— Сенбеймін!
— Сенбе! Міне, мен де жоқпын...
Жошы жалт қарады. Әлгі жолаушы Ажалы жанында жоқ. Оның үні Жошының өз ішінен құмыға естілді. Бір ғажабы бұл құлағымен емес, күллі ой-санасымен сезінді.
“Жоққа сенбе! Көзіңе көрінбесе — сенбе!”
Қыр арқасынан құмырсқа жүріп өткендей болды. Жонынан шып-шып суық тер шықса керек. Жүзін де, тіпті рөлді қос уыстаған қолын да тер жауып кетіпті. Көлігі мүлде баяулап қалыпты. Жошыны әлдеқандай ыза буды. Жүрісін үдетті.
Қойын қалтасынан алып “экстезидің” бұршақтай түйірін ауызына тоғытты.
ІІІ
Бесін ауа бесті күліктей бүлкілдеп жеткен көлігі шыны казино алдына тұмсығын тірей тоқтады. Жошы асыға адымдап құмарханаға ентелей кіргенде Есілай да, баяғы жебірей шалы да қарсы алған жоқ. Құмаршы атаулы әлі бастарын көрсете қоймаған “Пирамида” іші де самаладай жарқырамай, бозалаң сәуле құшағына еніпті.
Жошы екпінді кірсе де, кідіріп қалды. Мұны әлдебір қызметші байқап қалса керек, лезде Есілай арғы жақтан көрінді. Іле-шала жебірей қожайын да шықты. Әңгіме қысқа қайырылды да, көзі қанталап тұрған Жошы екі-үш тал көк қағазды қожайынның қолына қыстырып, Есілайды ай-шайға қарамастан ерте жөнелді.
Жол бойы екеуі ләм-мим деспеді. Медеудің ұлы шатқалына қарай созылған даңғыл бойымен “Бутаков сайына” жетпей солға бұрылып, биіктің үстіндегі жазаңға көтерілді. Түйе бойы қорғандап тастаған алып қорғанның қақпасына кеп тірелді.
Қашағасы кісінің жуандығындай сом баған темірден, оюлы есігі кез бойы болаттан шегенделген сырма қақпа электр қуатымен сырыла ашылып, арғы жағынан полиция киімін сықита киген күзетші көрінді. Ол таныс көлікке қолын шекесіне апара ізет жасап, кедергісіз өткізіп жіберді.
Қос қапталындағы соқпаққа қымбат тас төселген ұзын жолдың өзі көк гранитпен өріліпті. Жазда жап-жасыл түсті кигіздей тұтқан газон аппақ қар жамылып, тырбық шыршалар көкпеңбек тартып тұр. Соқпақ бойы кісі бойы сап түзеген неон шамдары мен түрлі аң-құс, тіпті балықтың әсем мүсіндері көз арбайды.
Биіктің күн тиер төбесіндегі күллі алабын алып жатқан төрт бірдей коттедж үйдің сән-салтанатына Есілай аузын ашып қалды. Айналасы тай шаптырым алаңқайлы аулалары бар әр коттедж ортағасырлық барокка үлгісімен салыныпты. Төрт ғимараттың аулалары да белуардан келетін шағын, кірпіш қорғандармен бөлініпті.
Бұлар төр жақтағы сұлу ғимарат алдына кеп тоқтады. Есілай өңі түгілі түсінде көрмеген көркемдік пен байлыққа еніп кеткенде, көмейіне тас тығылып қалғандай жұтына да алмай қалды. Самырсын сасыған ауа, есігінің тұтқасынан төбедегі аспалы шамына дейін алтынмен апталып, табандағы еденінен қабырғадағы түпнұсқа суретке шейін күміспен күптелген, неше түрлі ағаш жиһаздар мен мүлік-мүкәм-малдар жас қызды есеңгіретіп-ақ тастады. Құтты ертегілер әлеміне кіріп кеткендей күйге түсті.
— Ғажап! — деді сәлден соң.
— “Сұмдық” де...Осынша дүниенің керегі қанша әкеме?! — деді Жошы.
— Неге? Керек... маған ұнайды.
— Әйелдерге бәрі керек... бәрі ұнайды! — Кекете күлді. — Еркекке не керек?
— Хім! Білмеймін. — Иығын қиқаң еткізді.
— Бәрі — ақымақшылық... адам баласының озбыр өзімшілдігі. Бұлар қолынан келсе, Алатауды да қапсыра құшақтап жатқысы бар.
— Бөліп-бөліп алды емес пе?! — деп қалды қыз да.
— Әкем сияқтылар... Сонда қайда көтеріп кетпек? Ес жоқ.
— Қойшы, Жошы, әкеңді кінәлай бермеші! Ол кінәлі емес қой...
— Сонда кім? Мен бе? Иә!.. Мен... мен кінәлі... Осы байлыққа ие бола алмай жүрген. Бар-жоғы күзетшімін... Үйдің сыртын — полиция, ішін мен күзетемін. Ха-ха-ха!
Ол ызалана, долдана күлді. Жошының бойын жыны билеп, балуан денесі құрыстана түсті.
— Есілай, “экстезиді” әпер! Күйіп барам. Әкел! Әкел бері, — деді бір түйірін тілінің астына тастап жіберді. — Сен де іш! Қазір кайфке кіреміз... Өзіңе де жеңіл болады. Қаның қызып, құмарың тез қанады...
Жошы қызды қыпша белінен тартып, танауын қыздың ұзын мойынды алқымы астына тыға берді.
— Маған ішуге болмайды!
— Өтірік қылымсымашы!
— Рас айтам, жаным!
— Неге? Не боп қалды?!
— Аяғым ауыр...
— Қойшы, ей! Кімнен? Менен бе?!
— Сенен.
— Мүмкін емес! Сен сақтанып жүрсің ғой.
— Үстінен көтеріп қалыппын.
— Өтірік! Мені ызаландыру үшін... то есть, сынау үшін айтып тұрсың.
— Шын айтам!
— Сайқал! Сы... сы... сен өтірікшісің.
— Құй сен, құй сенбе, — деді Есілай сабырлы күйі. — Мен оған өкінбеймін... Ал сенің оған керегің шамалы... Ол маған керек.
— Мен жынданатын шығармын. О, сайқал-ай! Сайқал жайлаған өмір-ай!
— Жынданбай-ақ қой! Саған ауырлық түсірмеймін... “Хрусталь Храм” аман болсын! Сенің мына байлығың — менің нәрестемнің садақасы... Осыны біліп қой!
— Есілай, бұл менің де байлығым емес... болса — дүниеқоңыз әкем мен шешемдікі. Өңшең доңыз... Сен де осыны біліп қой! Жә, доғарайықшы осы әңгімені!
— Доғарсақ — доғарайық. Сен маған сенген жоқсың... Сенбегенің де жөн.
Жошы үндеген жоқ. Бар ашу-ызасын басу үшін Есілайды құшағына тартты. Есілай да “кет әрі” емес еді... “Экстези” қырық градусқа дейін температурасын көтерген ер жігіттің де, жас қыздың да бойларын жастық жалын, қайратты қуат кернеді. Саналарын тұман тұтып, сезімнің ырқына беріліп, шала мас күйге енді.
Әлдебір уақта бүйірлерінен бүлкілдете массаж жасаған ыстық ваннада жас балаша мәз-мейрам боп суға шомылысты. Ыстық судан соң екеуі салқын бассейн суынан тез сергіді. Сәулелі бір сәт саналарын сілкіп, нұрға бөледі.
Жошының кеуек кеудесі де бір толып қалды. Оған баяғы бір балалық шағы — бақытты шағы... алаңсыз шағы оралды. Ол да түс секілді. Алыс та жақын “Райымбек” ауылы. Әжесі.
— Сенің әкең кім боп істейді? — деген Есілай дауысы ойын бөліп жіберді.
— Генерал, — деді керенау ғана, — “кэнбэшник”.
— Хім, бәсе! Ал сен не істейсің осы?
— Жұмыссыз бейбақ... жо-жоқ... күзетшімін. Мына “Золотой храмды” күзетемін.
— О-о, ол үлкен қызмет! Ал мына үйлер кімдікі? Оларда адамдар тұра ма өзі, мен ешкімді байқамадым ғой?!
— Жаным-ау, онда да мен секілді шерменделер бар. Олар бірақ балалары емес — шын күзетшілер. Полицейлер бізді “Собаки Баскервили” дейді.
— Иелері қайда?
— Қайда болушы еді?! Астанада... Алматыда... Қарағандыда...
— Қалайша?
— Солай. Бірі — Астанада аса үлкен қызметте... Бұрынғы министр. Үлкен кісінің қасынан шықпайды айналсоқтап. Құтты ауылдағы ауру қой — айналма... Енді бірі — Қарағандыда комбинаттың бастығы... Тағы біреуісі — Алматы қаласының ішінде тұрады. Бұл жер — курорт сияқты ғой.
— Хім!.. Енді түсінікті.
— Жо-о-оқ, — деп Жошы дауысын созды, — сен түсінбедің... шахмат ойнайсың ғой.
— Әрине, мырзам!
— Біз — пешкалармыз. Ал мыналар — піл, ферз дегендей... кентаврлар. Иә-ә, кентаврлар, бірақ қу құлқынның кентаврлары.
— Түу, Жошы! Қайдағыны айтасың, кентаврың не тағы?
— Ә-ә, мен образбен айтып жатқаным ғой. Қазір біз кентавр қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бізге де нағыз кентавр — Кесек Кентавр керек. Кентаврға тән алапат күш керек. Кентавр сілкініс қана біздің сансыраған санамызды тоқымдай қағады. Альпіден атылған Везувий вулканындай оятады.
— Жә-жә! Ақырын! Өзің Везувийге айналып кетпе! Хи-хи-хи! — деп Есілай сықылықтай күлді.
— Айналам! Айналса несі бар? Алатаудың Альпіден несі кем? Ұлы Везувий вулканы күллі Еуропаны дүр сілкіндірген... Адамдары содан былай тазарған.
— Хи-хи-хи! Кентаврым менің, — деп қыз жігіттің қайратты қара шаштарын салалы саусақтарымен ұйқалақтай берді.
— Көр де тұр... күлме! Әлі өзің куә боласың.
Жошы әлеуетті саусақтарымен шыбықтай қыз тәнін сығымдай берді.
— Ауырттың ғой жанымды, ақырын!
ІV
Олар нәзік бір әуеннен оянып кетті. Жошының ұялы телефоны Джузеппе Вердидің тәтті әуезімен бөлме ішін тербеп тұр екен. Жұқа шілтерлі ақ перде боз сәулеге бөгіпті.
Апыл-ғұпыл жиналды. Шұжық пен ірімшік тіліндісін тістеріне жүре қыстырды. Жошы Астанадан келетін испандық жүрдек поезға, Есілай “Хрусталь Храмына” асыққан.
Тыс бозторғай тоңғысыз жылы екен. Қаңтардың ортасы емес, көкектің іші сияқты. Алматыда осындай бір қыстың қысқа “шілдесі” түсетіні бар. Бүгін де сол шуақ қым-қуыт қаланы бауырына алыпты. Күн қаражағал қарағайлы Алатау биігінен аса қоймаған мезгіл. Екеуінің де көбең көңілі көтеріліп сала берді. Көлік те коттедждердің айналасына егілген ергежейлі шыршалар арасында жүгіретін тиіндей жеңіл сырғыды. Ұлы таудың етегіндегі биік белеңнен төмендегі күреге дөңгелегі тиісімен, ұйқысыз қаланың қарақұрым көлігі ағысына араласты да кетті. Көп көліктің бірісі, көп пенденің тірісі боп кете барды.
Жошы Есілайды құмарханаға жеткізіп тастап, таңғы көлік “тығыны” басталмай тұрып вокзалға да жетті. Жұрт аяғы саябыр. Вокзал басы бос. Поездың келуіне әлі де біраз уақыт бар. Жошы олай-бұлай сенделді. Көңілін құлазу сезімі биледі. Анасы тағы да ренжіп келеді-ау деген ой оралды.
Әкесі астана Ақмолаға көшкенде кеткен. Шешесі бірақ қия баспай-ақ қойды. Мұның Мунирадай кішкене қарындасының оқуын сылтауратып қалып қойған. Оның ақыры — әкесі әлдебір жас қызға (қызмет іздеп барса керек) “бұт артып” (шешесінің айтуынша), сәбилі болуымен, “тоқал иісі жөргек иісіне” (бұл да шешесінің сөзі) аууымен тынды... Бұл екеуін де кінәлай алмайды. Тіпті әкесіне бүйрегі бұратын сыңайлы, інісін көрсем бе деген қызығушылық сезімі бас көтеріп қоятыны бар.
Ал азулы әкенің арқасында өз басы тоқты күн кешіп келе жатқаны да рас. Жоғары оқу орнын бұлғақтап жүріп бітірді, сырғақтап жүріп жұмыс та істемеді. Жалғыз тұрды, жалқы жүрді — апасы дүниеден өткелі. Қызық пен қыз, думан мен бұзықтық болмысын бұзды. “Экстези” ермекке айналды. Шаңырақ көтеріп те қарық қылмады. Соққыға жығып, сотталып кете жаздады... Адамға тән азды-көпті адамшылық іс тындырған жоқ. Ақ көбік ақшаның үстінде арам күн кешіп жүр. Міне, қырықтан да асыпты. Алды — тұман, арты — қараң. Кім кінәлі? Әрине, өзі... бір өзі.
Кенет поездың үзік-үзік шақырған дауысынан ойын да, бойын да жиып алды.
Анасымен амандасты. Анасының көзінің алды көлкілдеп тұр екен. Жол бойы ұйқысы қанбаса керек. Жылау да бар секілді. Жер ортасына келгенде оңай деймісің!.. Жошыда аяушылық сезім оянғандай болды.
— Әкең енді жоқ. Ол мен үшін өлген, — деді кенет.
Жошы рөлмен алысып, үнсіз қалды.
— Сен неге үндемейсің? Безбүйрек! Сен де соның сыңарысың...
— Естігім келмейді. Ол сендердің шаруаларың. Басымды қатырма! Онсыз да қатып жүр...
— Бәріне сен кінәлі! Кемпір екеуің кінәлі!
— Апамды араластырма! Оған рақмет айтыңдар! Сен екеуіңнің өстіп шалқып жүргендерің — сол кемпірдің арқасы... Апам өлді, сендер де тентіреп кеттіңдер... Аруаққа ауыз ашушы болма!
Шешесі сазарған күйі тамағына өксік тығылып, үнсіз булығып қалды. Қалған жолда көзінен ыстық жас парлап, ұлына тілсіз түйілді де отырды.
Жошы да сыр бермеді. Көктөбе бауырындағы пенхауз үйдің алдына асыға жетті. Он бір жасар қарындасы мен үй сыпырушы әйел жүгіріп шықты. Анасын мәре-сәре қарсы алды. Бұл ауыр чемоданды есіктің ауызына қойды да, табалдырықтан аттамастан аттанды.
Көлігін шұғыл бұрып жатып, қасына қайыра жүгіріп келген жалғыз қарындасын маңдайынан иіскеді.
— Сау бол! — деді мейірлене: “Сен ғана пәксің... бұлар бұзад-ау!” Бұл сөзді бірақ айта алмады.
Былай шыға бере жолаушы отыратын алдыңғы орындық үстінде жатқан ақ конвертті алды. Тысында “жиырма мың” деген санды көрді. Әкесінің шешесінен беріп жіберген “сыйы” — мұхиттың арғы жағынан жеткен көк қағаз ғой, дүниені мылтықсыз жаулап тұр. Санаңды да, анаңды да сатқан сұмдық сайтан қағаз.
Жошы қойнына сүңгітті. Жүрек тұсы шымырлап кетті. Оқыстан сайқал күлкі естілді. Дауыс көк желкесінен естілді. Рөлге жабысып келе жатқан бұл есінен танып қала жаздады. Маңдай алдындағы айнаға қарады. Артқы жақта тірі пенде жоқ.
— Мен алжасқан шығармын, — деді күбірлей.
— Жоқ, алжасқан жоқсың... Бұл — мен, өткенде ауылдағы қабірстан басынан ерген досыңмын.
— Жо-жо-оқ... мүмкін емес!
— Бәрі мүмкін, пенде-ау! Сайтан қағазды танисың, бірақ сайтаныңды танымайсың. Хи-хи-хи!.. Танып ал.
Тап жанындағы орындықта адам сұлбалы мақұлық пайда болды. Жошы оқыс тежеуішті басып, сайтан-сапалақты бас салды. Ол бірақ ұстала қоймады. Ербеңдеген қолы ауаны осқылады.
— Хи-хи-хи, сорлы! Уысыңа сыймаймын... Сайтанды сарала қамшы ғана сойып сала алады, тілләсін сол ғана ала алады... Ал сенде аттың асыл тері сіңген қамшы жоқ. Хи-хи-хи!
Сапалақ орнында қала берді. Ауаны қармаған Жошы еріксіз түзеліп отырды.
— Жеңілесің... Жер боп жеңілесің. Мен сені жеңгелі қашан?! Анау көк қағазды мешітке апарып бермексің. Апарып бер, бірақ аз ғана мөлшерін ғана бересің. Әйтпесе мен сол жерде-ақ өртеп жіберем! Ал он бес мыңын алып қайтасың! Оны өзіңе маза бермей, көңіліңді лайлап жүрген жайға жұмсайсың... Сөйтіп бір сілкініс жасайсың. Ол және зор сілкініс болмақ. Нағыз Адам баласына тән сілкініс... Жә-ә, жолың болсын!
Сапалақ сұлба ғайып болды...
Жошы аң-таң күйде орталық мешіт алдынан бір-ақ шыққанын өзі де сезбей қалды. Көлік ішінде отырып қомақты қағазды қойнынан суырды. Бес мың долларды бөліп алды да, қалғанын көлік қобдишасына тастай салды.
Ол сапалақ сұлбаның айтқанын бұлжытпай орындады. Оны саналы түрде емес, бей-жай бір халде, құтты робот секілді үн-түнсіз атқарып шықты... Әлден уақта “Пирамидаға” қарай ағызып келе жатқанын аңдады. Сонда ғана өзін тер жауып, үсті малмандай екенін сезінді. Бірақ бұрылып кете алмады. Есілайға жолыға шығуға бел байлады. Қу жанына бір пана болса, сол талдырмаш сұлу пана болатындай көрінді.
Казинода Есілай болмай шықты. Екі күнге жебірей шалынан сұраныпты. Жошы шарқ ұрып жалдап тұратын пәтеріне барды. Онда да келмепті. Ұшты-күйлі жоғалыпты.
Күн кешкіріп қалыпты. Ауада дымқыл сыз білінеді. Қаланың түтін иісі де танауды ашытады. Көк аспанды бұлт бүркей бастапты. Еріксіз үйге қайтуға ойланды. Тым-тырыс жатып қалғысы келді.
V
Қаланың абыр-сабыр жініккен жұрты мен апақ-сапақта арындаған көлігі арасынан сыналай сырғып, тау бөктеріне де таяған. Бесін ауа батыстан түйіле көтерілген бұлт та тау бауырына иек артқан еді. Жошы коттеджіне жете бере қара жаңбыр да шелектеп құя жөнелді.
Төңіректі әп-сәтте қараңғылық басты. Бұл қаңтардың жаңбырына таңдана есігін аша бергенде, жарқ-жұрқ найзағай ойнап, дүн-дүние көктегі дүлей бір жарылыстан жаңғырығып кетті. Көлігінен асыға шыққан Жошының кенет көз алдында жап-жасыл жай оты көк төрінен найзаша қадалды. Ет жүрегі дір ете шошынып, қарашығы лап ете түскен шыршадан тана алмай қалды. Төбесінен құйылған салқын суды да сезінбей, қарақшыдай қалқиды. Кісі бойы шырша лаулап қоя берген.
Күлтеленген инесі майдай жанған еуропалық Альпі шыршасы Жошыға тірі адам лапылдап жатқандай әсер етті. Қақпа-қамал аузындағы шағын үйшіктерінен атып шыққан полицейлер де ұшып-жығылып жетіп, жалпақ тұмсық күректермен қар лақтыра бастады. Бірақ жай түскен жасыл шырша төпелеп құйған жаңбырды да, күректеп лақтырған қасат қарды да елемеді. Шатырлап жанып, аз ғана уақытта қара сояуға айналып үлгерді.
Жошы үйге кірген соң да көз алдынан лапылдай жанған Альпі шыршасы кетпей қойды. Ыстық суға шомылып шығысымен, шұрылдап тұрған қарнын тоңазытқыштан алған қазы-қартамен жұбатты. Телевизорды қосты. Хабар-ошар тыңдаған болды. Жүрегі құрғыр бірақ беймаза күйден арылмады. Диван үстінде дөңбекшіп жатты да қойды.
Мұның осы бір отамалы ой-сезіміне ортақтасқысы келгендей, баяғы сайтан-сапалақ сұлба аяқ жағынан тағы да пайда болы. Жошы иен үйде тіксініп қалып, үнсіз аяғын сермеп-сермеп қойды. Сапалақ тұлға бірақ бит шаққан құрлы көрмеді.
— Хи-хи-хи... — сықылықтап күлді. — Сорлы!
— Мүсіркеме, малғұн! — деді Жошы.
— Сорлысың, өтің жарылса да, жүрегің қабынса да... Мойындайсың!
Сапалақ тұқырта түсті.
— Сорлы емеспін!
— Онда неге еркің жоқ? Еріксізсің... Жаңбырдың тамшысындай да еркің жоқ.
... Жошы үндемеді.
— Тілің тұтқырланып қалды ма?! Солай. Адам туралы, қоғам туралы, тіпті өлім туралы ойланасың... Бірақ бір істі жүзеге асыруға келгенде жігерің жетпейді.
— Жетеді, — деді Жошы міңгірлеп.
— Өзіңді құрбан ете аласың ба?
— Алам.
— Міне, адам... Нағыз Адам... Көп пендеден биіксің. Ал олар ондай іске бара алмайды. Сені де әлі көреміз. Өлім мен өмір бетпе-бет келгенде сыналасың.
— Сына. Сынап көр!
— Несі бар — сынаймын. Құрбандыққа бара алу — еркіңді билей алу... Қоғамда ондай пенделер аз. Адамның Адамы ғана қоғамға қозғау салады.
— Мен баяғыда-ақ бас тіккем... Сол кезде сен неге қасыма келмедің?
— О-хо! Ол бір қиын кез. Сен сүттей ақ, судай мөлдір, сәбидей пәк едің... саған жолау мүмкін емес-ті. Қазір қоқыс толы лас қорапсың. Он жеті жасыңда жалын едің, бас тігетінің де рас болатын. Ал қазір білмеймін... сенбеймін! Сен қазір мені де сазға отырғызып кететін сайтанның өзісің.
Жошы бір сәт өз-өзінен тіксінді. Сайтаннан айырмашылығы жоқ екені де ақиқат.
— Өлу оңай, — деді сапалақ сұлба. — Өле білу керек. Тізеңді бүкпей, тік тұрып өле білу — ең үлкен ерлік... Сенің менен күштілігің де, құдай берген керемет қасиетің де өле алуыңда. Адам өлімі арқылы бәрін де жуып-шайып жібере алады... Тазарады! Мен үшін ең үлкен қасірет те осында.
— Өлімді түсіне білу керек, қорқудың қажеті жоқ, — деді Жошы.
— Ғажап! Менің ойымды дөп бастың... Сенде жүрек бар... жігер бар... өлмес сана бар. Бас тігер бел буу бар. Қоғам да осыны күтуде... адамдар да күтуде... Сен тек өз еркіңді іске асыра білуің ғана қалды.
Сайтан-сапалақ ризалықтан атып тұрып кетті.
Жошы да кең холл ішінде сенделе жүрді.
— Тап қазір қоғамға қарымды қимыл, әлеуетті әрекет керек. Тек сонда ғана адам өз-өзін ақтай алады. Қоғам кінәлі болса да, оған бәрінен бұрын кінәлі — адам... Кінәлі сайтан емес, кінәлі — сен! Бүлінген дүниеге бүлдіргіш пенде керек. Сенің күнің енді туып келеді. Әлі-ақ астан-кестен етер күш құйылады саған. Сонда ғана сайқал қоғам сауыға бастайды.
— Сайтан иектеген қоғам ғой.
— Сайтан емес, сайтан билік иектеген сайқал қоғам... Билік пен қоғам жыланның тіліндей екі айырлы болып көрінгенмен, кіндігі бір егіз құбыжық.
— “Сиям егізі” дейсің ғой.
— Сол билікті тудырған да керенау қоғам. Қоғамның өзі кінәлі! Адамның өзі кінәлі! — Сапалақ сұлба мұны айнала шеңбер жасады.
Жошы:
— Сайқал билік сойқан әрекет тудырады... — деді тістеніп.
— Сойқан емес, әділетті әрекет тудырады.
Жошы жол таба алмай қалды...
— ...Әділеті жоқ адам адуын мінез танытады. Шексіз билік шектеп шығып, ақыры әділетсіз қоғам суық қолды сұғанақтыққа барады. Тексіз тағайына тартады, — деді сайтан-сапалақ пәлсапасын шегелей түсіп.
— Қатерлі қоғам — матаулы адам, — деді Жошы да.
— Дау жоқ. Тарпаң қоғам, соқыр сана үстемдік құрғанда жұрт сансырап, қоғам қорғаншақ күйге енеді... сондықтан саусоқыр қоғам саналы пендесінің пешенесіне жазылардай сорақы шешім шығарады.
— Ол не? — Жошы қызына сұрады.
— Ол — ойран... Дүние түбі — ойран.
— Қалайша?
— Салқын сана сабырлы шешімге келеді. Кісенді білек, сезімді жүрек шұғыл кіріседі. Суық ақыл, ыстық жүрек сұмдық әрекетке бет береді. Ол сонарда соқпақ салған бөрідей жалғыз жортады: жалқы күй кешіп, жалынусыз аттанады. Соқпақ сорабы — сойқан лаң... ойран қоғам, сайран адам...
— Жоқ. Мүмкін емес! — Жошы лажсыз міңгірледі.
— Бәрі мүмкін! Келешегің көздеулі...
— Өтірік.
— Құй сен, құй сенбе! Қазіргі қилы қоғамда, қиян дүниеде таразы басы тең емес. Бір-ақ жол қалғаны да бек. Қыран қалықтап шыға алмас, құмай қиялап жете алмас биік билікке буынсыз жерден пышақ ұру... Сырқат сананы сауықтырар, қасіретті қоғамды құлан таза айықтырар сол ғана. Меңіреу ормандай пәңгі қоғам да сілкіне оянады.
Жошыны қайраққа ұсталған қанжардай жаныды. Көз алдына найзағай түскен алау шоқ шырша келді...
— Жай түскендей қылам! — деп тісін қайрады.
— Ол оңай емес, ең алдымен өлімге дайын бол!
— Дайынмын! — Жошы жігерлене түсті.
— Қайдам?! — деп күдіктенді сайтан-сапалақ. — Адам үшін өлу оңай емес. Ол пенденің бір күйден екінші күйге өтуі... Ақиқатында ажал адамға Алладан да жақын.
— Мен басымды тіккенмін... баяғыда-ақ.
— Иә, ол кезде албырт едің, жас сұлуды кәміл сүйген едің... Қазір қайдам, қуланып, арамданып, адамдықтан алыстап алғансың?!
... Жошы үнсіз мойындады.
— Әне, үндей алмай қалдың. О дүниеден келдің, о дүниеге кетесің. Осы аралық — ғапыл бекет...
— Шаһид кетем! — Жошы бір-ақ кесті.
— Өзіңмен бірге “жастығыңды ала жат!”
— Жатсам — жатам! — деп Жошы да қанына қарая түсті.
— Ғажап! — деп сайтанның өзі таңданды. — Жалпы, адамды өлтіру қиын емес, көк аспан да қабылдай алмас күнәні көтеріп, жер басып жүру ауыр... Біреуді өлтіру үшін алдымен өзіңді-өзің өлтір. Суық ақылың мен үрейшіл сезіміңді билеп, рухыңды сынап көр.
— Сынаймын!
— Оған уақыт — таразы...
Жошы сылқ етіп отыра кетті. Сайтан-сапалақ та сағымдай сусып, ғайып болды.
VІ
Бозала таңнан тұрды. Бойы да жеңіл. Сергек. Бірақ опатты ой (коттедждің де, казиноның да күлін көкке ұшыратын) мен апатты әрекет (біріне өзін байлайды, біріне көлігін сайлайды) бір сәт те есінен шықпады. Өз-өзін ордалы да қордалы ойға бекіндірген. Жошы асығы алшысынан түскендей алшаңдай басты. Көз алдына мәңгілікке мызғымастай етіп салынған мысырдың тас пирамидасы үлгілес көк әйнектен қапсырмалана көтерілген казино келді. Ет жүрегі жарылатын мина сағатындай сыртылдап, текше табалдырықтан түзге асыға, сескенусіз аттады.
Алдында өлім есірігі билейді...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter