Әңгімелер ✍️
Жатбауыр
Жан-жағын тау-жоталар қоршаған шағын ауылдың өкпе тұсынан өңмеңдей кірген үлкен қара джип автокөлігі шеттеу орналасқан ақ үйдің алдына келіп тоқтады. Машинадан екі адам түсті. Бірі — отызды орталап қалған жігіт ағасы да, екіншісі — ондар шамасындағы жас бала. Сәнді киінген, үсті-бастары жып-жинақы, қаланың адамдары екені көрініп тұр.
Екеуі есік алдында аз-кем орысша шүлдірлесе қалды да, өзара мақұлдасқандай бір-бірлеріне бастарын изесе ішке кірді. Ас бөлмеде ақ сақалды ата мен ақжаулықты әже шүйіркелесіп шай ішіп отыр екен, бұларды көре сала жүздері жайнаң қағып, орындарынан көтеріле берді.
— Ой, қарақтарым-ау!..— дан басқа аузына сөз түспеген кемпір немересін бас салып, бетінен сүйіп, бауырына тартты. Бірақ, немересі құшағын жая ұмтыла қойған жоқ, жақтырмаған кейіп танытып, меңіреу адамша мелшиіп тұра берді. Оған қарап жатқан әжесі жоқ, асты-үстіне түсіп, еміреніп-ақ жатыр.
Ақсақал алдымен ұлын құшақтады. Бетінен сүйіп, маңдайынан иіскеді. Ұлы да көптен көрмеген әкесін қаусыра құшақтап, сағынғанын білдіргендей, қатты-қатты қысып қойды. Кезек шешесіне келгенде де көзінен мөлдір мойыншақтар қалай сырғанап кеткенін өзі де байқамай қалды. Анасы емес пе, баласын да айналып-толғанып, мейірленіп-ақ жатыр. Бірақ, қанша жерден қалбақ қаққанымен, немересі атасына да ыстық ықылас таныта қоймады. Оның туған атасы мен әжесінің үйіне келгені қаперіне кіріп те шығар емес, мүлде жат ортаға тап болғандай сезімде тұр. Аймалап бауырына басқан атасының құшағынан сытылып шығып, жеңімен бетін сүрткіштей берді:
— Тфу, как он воняет!..— деп келе жатыр еді, әкесі «Всё хватит, прекрати» деп көзін алайта жекіп тастады. Абырой болғанда, оның не дегенін атасы мен әжесі түсіне қойған жоқ. Атасы «Ой, өсіп кетіпсің ғой, жігіт болды деген осы» деп келіп, басынан сипай беріп еді, немересі бұлт етіп, бұрылып кетті. Қолы ауада аз-маз асылып тұрып қалған ақсақалдың ашаң жүзі лезде сұрланып шыға келді, бірақ жөпелдемеде артық-ауыз ештеңе айта қоймады. Қаны қашқан қалпында орнына сылқ етіп отыра кетті:
— Қалай, балам? Алматыңда не жаңалық, құда-құдағи аман ба? — Дауысы жарықшақтана шықты.
— Аман-есен! Сол өздеріңіз көргендей!..— деп кеудесін кере демін алып, сөзін әрі жалғады, — Сабина екеуміз осы каникулды пайдаланып Дубайға барып келсек деп едік!..
— Жайшылық па? — деді қарт елең етіп.
— Ел көріп, жер танып дегендей, қыдырып қайтпақпыз!.. Даниялды қалдыратын жер таппай, өздеріңізге алып келдім. Сіздердің қастарыңызда қалса, алаңсыз боламыз ғой. Әрі әкелмейсің деп ұрсушы едіңіздер, енді ие болыңыздар!
— Қалдыратын жер таппай...— Ығыбай ақсақал қитыға қалды, — Әйтпесе әкелмейтін бе едің?!.
— Е, неге ие болмаймыз, ие боламыз! — деді бәйбішесі оның сөзін жуып-шаймақ болып. — Немеремізге қарамай не көрініпті!..
— Құдалар қайда? — Шалдың дауысы қатқылдау шықты. Кемпірдің іші қылп ете қалып, жөпелдете:
— Құдаларыңның қайда екенін қайтесің! Аман болса болды да! — деді оның алдын орап. — Қал-жағдайлары қалай, өзі?
— Құдағиыңыз Мысырға кеткен. Қайтар уақыты да болып қалды. Бір-екі күнде келіп қалар! — деді Ержан ағынан жарылып. — Ал құдаңыздың жай-жапсары өзіңізге белгілі ғой, сеніп тапсыру қиын. Әрі бала олардікі емес, сіздердікі ғой!..
— А, солай ма?.. — деді ақсақал жантайып жатқан күйі. Дауыс ырғағынан іште бір өкпе-реніш барлығы анық аңғарылады, бірақ басын ашып ештеңе айта қоймады.
Бибіжамал шешей қайыра шай қойып, дастарханға құрт-май, бауырсақ пен талқан, печение мен кәмпиттер әкеп қойды. Даниял бірден кәмпитке қол салды.
— Шеше, айраның бар ма? — деді Ержан анасына еркелеп, — Әбден сағындық қой!
— Бар, қарғам, бар. Қазір... — Босағадағы тегештен бір кесе айран құйып берді. — Даниал да ішсін!..
— Ой, бұлар айран іше ме? Жаманның ішіне май жақпайды деуші ме еді?!.
— Сүт құяйын!
— Бұл құдаларыңызға тартқан. Сүт түгіл, сүт қосылған шайды да ішпейді! Қара шай ішіп, қара нан жейді! Болмаса, сок-пок ... — деді күлімсіреп.
— Құдаларға тартқан... — Ақсақал ызбарлана түсті.— Енді туғаннан солардың тәрбиесінде болса, бізге тартады дейсің бе?!.
Ержан артық қыламын деп, тыртық қылғанын сезе қойды да:
— Тәрбиелеңіз, сол үшін алып келдім ғой!.. Қазақша үйретіңіз, еңбекке баулыңыз! — деді ақталған болып. — Қарап жүргенше біруақ қолғабысы тисін! Аямаңыз, жұмысқа салыңыз! Қалада істейтін жұмыс та жоқ қой, жалқаулау. Ал мінезі өзіңізге тартқан, тым тынымсыз, төбелес десе дайын тұрады.
— Ой, әдірем қал, әдірем қалғыр! Маған тартса жаман болмаса керек еді, нағашыларына ұқсап кеткен бе, қалай?! Енді біздің тәрбиеге көне қояр ма екен?!
— Неге көнбесін! Еті де, сүйегі де өзіңіздікі, ешкім қолыңыздан қақпайды. Тіл алмаса, әкесін көкесіне тантыңыз! Бізді аямаушы едіңіз ғой, керемет қорқушы едік!..
— Әй, «аюға намаз үйреткен — таяқ» екенін білесің ғой! Содан жаман болдыңдар ма?!.
— Көке, мен сізді кінәлап тұрғамын жоқ, егер айтқанға көнбесе аямаңыз дегенім ғой!
— Бұған қолымыз көтеріле қояр ма екен!
— Неге?
— Енді... өз баламыз емес.
— Сонда бұл кімнің баласы?
— Сенің балаң!
— Мен кімнің баласымын?
— Сен менің баламсың, ал ол сенің балаң!
— Ой, сіз де... — Ержан қолын бір-ақ сілтеді, — Жарайды, қойыңызшы!..
— Ой, сен де бір қыртып-шыртқаннан басқа не білесің! — деді кемпір шалына ала көзімен ата қарап. — Қан-жыныңды шашыратпай, жайыңа отыршы!..
— Сен қойшы-ей, қыстырылмай... — Ақсақал зірк ете қалды.
— Шеше, мен кетейін! — деді Ержан жүні жығылған кейіппен.
— Не болды сонша, келмей жатып кетем деп... — Шешесі үрпие қарады.
— Асығыспын шешей, арғы күні жол жүреміз!
— Әй, қызталақ, кетпе, мен қой соямын, қазір...— деді әкесі де өзінің артық кетіп қалғанын сезгендей, жуасыған сыңай танытып, — Жас малдың етін жеп, сорпа ішіп кет!..
— Жоқ, көке, жұмысым бастан асады! Кеше облыс орталығында болдық. Бүгін аудан әкімімен кездесуім керек еді! Бірлесіп бір іс бастағалы жатырмыз. Соған бола асығып тұрғаным. Әлі талай келем ғой!
— Сонда бүгін аудан орталығында боласың ба?
— Иә. Құдай бұйыртса, ертең таң сәріде шығып кетем ғой.
— Қайда қонасың? Сапаркүлдікіне барасың ба?
— Жоға, көке, қонатын жер табылады ғой!..
— Жарайды, онда! Байқап жүргейсің. Барған соң міндетті түрде хабарлас!
— Жақсы...
— Мен сәлем-сауқыт беріп жіберейінші! — Шешесі бұрыла беріп еді, Ержан анасының қолынан тартып тоқтатып:
— Шешей, оны қайтесіз! Біз шетелге бара жатырмыз! Даниялды алып кеткенде келем ғой!.. — деді.
Бәрі сыртқа шықты. Киім-кешек салынған сумкаларын машинадан түсіріп жатқанда Даниял:
— Я не хочу здесь оставаться!.. — деп жыламсырай бастап еді, әкесі «Что я тебе говорю. Прекрати...» деп қатты жекіп тастады. Ол аузы бұртиған күйі томсырайып қала берді.
Бибіжамал шешей ұлының бетінен сүйіп, қимастықпен қоштасты. Әкесінің де ашуы ізім-қайым жоғалып кеткен, өзін бір кінәлі адамдай сезініп, қалбақ қақты. Ұлы ренжіп кетіп бара жатқандай, көңілі алабұртып, бойын өкініш сезімі биледі. Жүрегі ақырын шанши бастады. Қара джип өңешін соза бір-екі мәрте өкіріп-өкіріп алды да, орнынан қозғала берді.
— Сен де болмайтын жерде қитыға қаласың!.. — деді кемпірі шалына жақтырмай қарап, — Айына-жылына бір келгенде өнбес әңгімені қозғап...
— Әй, басымды ауыртпашы, мен соны бір жек көретіндей... Неге жиі келмейді, неге бала-шағасын әкелмейді?! Ол қайдан шықты, өзі?! Осынау қасиетті қарашаңырақтан түлеп ұшқан жоқ па?! Баласы мынау, бір ауыз қазақша білмейді... Әбден кісікиік боп кеткен...
— Енді олар ойнап жүр дейсің бе?!. Жұмыстары көп, қолдары тие бермейді. Көріп отырсың ғой өзің, асығып-аптығып тамақ та іше алмай кетті.
— Әй, қойшы, жарайды, сенікі-ақ дұрыс болсын! Қанша дегенмен өзіміздің қанымыз ғой, өз қолымызды өзіміз кесе алмаспыз!.. Бала болса да көптен бері келіп тұрғаны осы ғой, қой сояйық!..
— Сойсаң сой, осылардан неңді аяйсың!
— Аяйтын ештеңем жоқ, тек кейде сол ойлағанда...
Ығыбай ақсақал үйден мал соятын өткір пышағын алып шықты да, жанында жаутаң қағып тұрған немересіне:
— Әй, жүр, қой союға көмектес! — деп еді, ол түк түсінбеген сыңай танытты. — Әй, жүр! — деді сосын қолын бұлғап, — Жүр, қызталақ...
Атасының не айтып тұрғанын ұқпаса да, ымын түсініп, соңынан ерді. Екеуі мал қораға қарай жүрді. Даниял малдардан қорқып кейіндеу қалып қойды. Атасы қораға кіріп, бір семіз ісекті артқы аяғынан сүйреген күйі сыртқа алып шықты да, еппен жерге жығып, аяқтарын мықтап байлап тастады. Осы кезде әжесі де қастарына келіп, тізесін бүкті. Ақсақал жүрелей отыра қалып, бата жасады. Түкке түсінбеген Даниял түрегеп тұрған бойында атасы мен әжесіне жаутаңдай қарап, солардың істегенін істеп, қос алақанымен бетін сипады. Әжесі бұған қарап жымиды да, басынан бір сипап, жөніне жүре берді. Ал атасы қойдың бас жағына тақап еңкейді де, қонышынан өткір пышағын суырып алып, «Биссмилла» деп кеңірдектің жоғары жағынан ала орып-орып жіберді. Ісек жанталаса тыпырлап, қор-қор етті, қып-қызыл қан сауылдай жөнелді. Бұндай көріністі алғаш көрген Даниялдың тұла бойы тітіреніп кетті. Атасының қолындағы қанға боялған пышаққа бір, тамағынан қан шашырап қыр-қыр еткен қойға бір жаутаңдап қарай берді.
Атасы қойды әп-сәтте-ақ сойып тастады. Жіліктерін жіліктеп, етін үлкен тегенеге салып, ас үйге апарып қойды да, қасына Даниялды ертіп мал жөндеуге кірісті. Бірі қазақша, енді бірі орысша дым түсінбейтіндіктен, бірінің сөзін бірі ұқпай, әбден қиналды. Атасы бір-екі мәрте жекіріп те алды. Әйтеуір қолымен көрсетіп жүріп, мал қаматты, қора тазалатты, ақырға шөп салдырды. Өмірі қолына күрек пен аша ұстап көрмеген қаланың шөпжелкесі шаруаның ебі мен қыбын таба алмай әбден қиналды. Бәрінен де атасының айтқанын түсіне алмайтыны ашу-ызасын тудырды. «Қызық. Орысша білмейді. — дейді басын шайқап. — Осы уақытқа дейін қалай үйренбей жүр?!. Кеще ме, өзі?»
Әупіріммен малды жайғап, қас қарая үйге кірді. Әжесі ет асып қойыпты. Сәлден соң дастархан жайылды. Ортаға үстіңгі жағына бас қойылған бір табақ ет әкелінді. Атасы құлағын кесіп алып, бұған ұстатты. Ол оған жиіркене әрі бір, бері бір қарап, ақыры мұрынына тақап бір иіскеді де, быжырына-тыжырына дастарханға тастай салды. Етті де жеп жарытпады, сорпадан мүлде дәм татпады. Сумкасынан қағаз қапшықтағы алма шырынымен қоса кәушік ыдыстағы қытырлауық бірдеңелерді алып, жей бастады. Жас етке тыңқия тойып, екі-үш кесе сорпаны бір-ақ төңкерген атасы алақанын жайып, дастарханға бата жасады. Даниял болса ештеңемен шаруасы жоқтай, шырынын ішіп, қытырлауығын қытырлатып отыра берді. Бәрібір сөзін ұқтыра алмайтын болғаннан соң ба, атасы бұған сөйлемек түгіл, көз қиығын да салған жоқ.
Ақсақал сыртқа шығып келді де, жантайып жатып теледидар көруге кірісті. Әжесі дастархан жинастыра бастады. Даниял пешке тақау жайғасып отырды да, қалта телефонын алып, ойын ойнауға көшті.
Сөйтіп отырып, ұйықтап кетіпті, тәңертең көзін ашса, атасы мен әжесі таңғы ас ішуге отырғалы жатыр екен. Бұның оянғанын көрген атасы:
— Әй, шай пит! — деді бар білетін орысшасымен.
Даниялдың ұйқысы әлі қана қоймаған сияқты. Көзін ашып-жұмып біраз жатты да, тұрмаса сөз еститінін сезіп, еріне басын көтерді. Асықпай киініп, беті-қолын шала-шарпы жуа салды да, дастарханға келіп жайғасты. Үн-түнсіз отырып бір-екі кесе шай ішті ме, ішпеді ме, астынан су шыққандай тез тұрып кетті. Атасы мен әжесі қою күрең шайды сораптап қойып, өзара шүйіркелесіп ұзақ отырды.
— Тіл білмегеннен кейін түсінісу де қиын екен-ау! Мейіріңді де сездіре алмайды екенсің! — деді кемпір немересіне көз қиығын қадап, — Байғұс балаға, әбден обал жасапты ғой!
— Обалы әкесі мен шешесіне де... — деді шал дүңк ете түсіп. — Кәпір қылып жіберіпті!..
— Құдаларың да жетісіп тұрған жоқ қой!
— Солардың тәрбиесін көрген бұл қайдан оңсын! Ал сен жұмған аузыңды ашпа дейсің, осыны көріп-біле отырып қалай сөйлемейсің! Қалай күйінбейсің! Әйтпесе, мен сол өз баламды жек көреді дейсің бе?!. Ал енді мынау не?!. Өзіңнің туған немереңмен өз тіліңде түсінісе алмау деген не сұмдық! Бұндайды бұрын-соңды көріп пе едің? Ел-жұрт артын ашып күлетін болды ғой!..
— Қазір біреуге біреу күлетін заман ба?!. Ел не демейді, не десе, о десін! Кімнің аузына қақпақ қоярсың!
— Иә, оны да қойшы, айтса айта берсін! Қашанғы айтар дейсің! Бәрінен де бұрын өзіміз мақау болып қалдық қой!.. Әй...
Ығыбай ақсақал қолын бір-ақ сілтеді де, жаймен көтеріліп сыртқа беттеді. Даниял ілесе шықты.
Күн шайдай ашық. Ауада аздаған сыз бар. Атасы малдарды ашық қоршауға шығарып қойыпты, жақындап келгендерінде көрді: екі қой қоздапты. Біреуі талтайып тұра қалып жаңа туған жас қозысын емірене емізіп тұр, екіншісі бір орнында тұра алмай сырғақтап жүр. Қозысы тәлтіректей басып, соңынан қалар емес. Атасы шарбақ қоршаудың ішіне кіріп, жаңағы қашып жүрген қасқа қойды желке тұсынан шап берді де, басын бұтының екіортасынан өткізіп жіберіп, мықтап ұстап тұрды. Қозысы тәлтіреңдеп келіп емшек тұсына тұмсығын тыға беріп еді, тағы қозғалақтап кетті. Емізер емес. Тыныш тұрар түрі жоқ. Қозыны қолына көтеріп алып, қойдың арт жағына үйкелеп-үйкелеп алды да, қайтадан қоя берді. Сонда да маңайлатар емес. Әбден ыза болған Ығыбай ақсақал қойды алып ұрды да, үстіне қырғидай төне түсіп, қозының аузын емшекке тақады. Сонда барып қара қозы жайлап еме бастады. Осылай әбден әуреге түскен ақсақал қозының ішіне ел қонды-ау деген кезде орнынан тұрып, қойды тұрғызып жіберді. Жас төлді көтеріп ауыз үйге алып келді де, үлкен кардон жәшіктің ішіне салып қойды. Шаршаған қозы дыбыс шығаруға да шамасы келмей, аяғын бүгіп жіберіп жата кетті.
Атасы үйге кіріп кетісімен Даниял көрші үйдің шағын дүкеніне қарай жүгіре жөнелді. Өзінен бірер жас үлкендігі бар ұзын қара бала сауда жасап тұр екен.
— Говори, — деді бұл ішке кірісімен, — что тебе нужно?
— Натуральный сок... Яблочный есть?..
— Есть, конечно, есть... Что еще?..
— Чипси... кериешки...
— Еще?..
— Колбаса... сыр...
— Всё?
— Чёрный хлеб есть?
— А, нет!
— Тогда две штуки «Соверена» дайте.
— Хорошо! — Қара бала айтқанының бәрін бір пакетке салып берді де, калькуляторды басып-басып қалып. — Две тысяч тенге... — деді сақ еткізіп.
Даниял сөзге келген жоқ, жан қалтасынан су жаңа он мың теңгелікті суырып алып, қолына ұстатты. Қара баланың көзі күлімдеп кетті. Сегіз мың теңгесін шытырлатып санап берді де:
— Приходи еще,— деп ерекше ілтипатпен шығарып салды.
Ол алдымен екі тал темекіні жанқалтасына ұқыптап салып алды да, заттарын көтеріп үйге қарай тартты. Келсе, атасы төржақтағы құрақ көрпенің үстінде демалып жатыр екен. Бұны көріп басын көтеріп алды.
— Әй, шо?.. — деді өзінше орысшалап.
Даниял пакеттегі заттарын шығарып, біртіндеп үстелдің үстіне қоя бастады.
— Әй, мыналарың не, одан да ет жеп, ағарған ішпейсің бе? — деп келе жатты да, немересінің қазақша түсінбейтіні есіне түсіп, тілін тістей алды.
Түстен кейін атасы үйдегі қозыны енесіне емізіп көру үшін алып шықты да, енді өзі де бауырына алатын шығар деген үмітпен шарбақ қораның ішіне қоя берді. Қасқа саулық қозысын алдына келсе сүзіп, артына келсе теуіп, маңына жолата қоймады. Аш құрсақ қозы сонда да қоймай, тәлтіреңдей басып барып, енесінің арт жағына тақай берген. Күйлі саулық аяғын екі-үш қайтара сермеп қалды, қозы жалп ете түсті. Соққы басынан қатты тисе керек, сол жатқаннан тұра қоймады. Тіпті қозғалар емес. Мүрдем қатқандай сұлық жатыр. Ақсақал жүгіріп келіп қозыны жерден көтеріп алды да, үйге апарып, жәшіктің ішіне қайтадан жатқызып қойды. Тұрғызып көріп еді, түк шықпады. Мүлде қимыл-қозғалыссыз қалған, басы былқ-сылқ етеді. Бірақ бойынан әлі жан шыға қоймаған, танауы пыс-пыс етіп, ақырын дем алып жатыр. Еш қайран қыла алмасын сезген ақсақал байқастап біраз тұрды да, шығып кетті. Келе сала қасқа саулыққа ала көзімен ата қарады: «Ендігі кезек сенікі. Құрбан айтта құрбандыққа шалармын!». Ол оны қайдан ұқсын, түк болмағандай көк шөптен бас алар емес.
Мал суарды, қора тазалады, арыққа қайыра шөп салды. Бұл жұмыстар Даниялға ұнай қойған жоқ, кежегесі кейін тартып, келмей жатып жалыға бастады. Не бір уақ ойнайтын бала да жоқ. Күнделікті бітпейтін бір шаруа, күйкі тірлік. Мал суарысам деп жүріп, мұз үстінде тайғанақтап, құдыққа құлап түсе жаздады. Абырой болғанда, атасы жанында тұр еді, ұстап қалды. Әйтпесе, құдыққа құлап, құрдымға кетер еді. «Бұндай жерде адамдар қалай тұрып жатыр?!. — деп ойлады ішінен, — Қызықтайтын да дәнеңе жоқ! Бар-жоғы малдың соңында салпаңдап жүріп күн өткізу. Тап бір малдың құлақкесті құлдары сияқты. Таң атқаннан кеш батқанша жағдайларын жасап, балаларындай бағып-қағады, баптап-күтеді. Малмен бірге өздері де мал боп кеткен сияқты».
Ақшам әлетінде малды жайғап, үйге кірсе қозы өліп қалыпты. Атасы оны тау жаққа апарып көміп тастады. Даниял кешкі тамақты тез-тез ішіп алып, теледидардан шетелдік әншілердің шуылдақ әндерін тыңдап жатқан. Аздан соң атасы келді де, теледидардың құлағын бұрап, басқа арнаға бұрып жіберді. Әнші Мақпал Жүнісова ән айтып жатыр екен, соған қойып қойды. Даниялдың қараптан қарап жыны ұстады. «Мен көріп жатырмын ғой, неге ауыстырасыз!» деп салғысы келді, бірақ бәрібір айтып түсіндіре алмасы есіне түсіп, қалта телефонын қолына алып, пештің түбіне барып, тоңтеріс жатып қалды. Әсем әнді құлағы шалған әжесі де жетіп келіп, шалының қасына тізе бүкті.
Сағындым-ау, сағындым,
Көздеріңді сағындым.
Сағындым-ау, сағындым,
Сөздеріңді сағындым.
Сағындым ғой күлкіңді,
Дауысыңды сағындым!..
— Шіркін, келістіріп айтады ғой! — деді Ығыбай ақсақал ризашылығын жасыра алмай. — Әнші болсаң, осындай бол!
— Иә, жақсы айтады. Дауысы құлаққа сондай жағымды, жүрекке жылы тиеді ғой! — деді бәйбішесі де қостай кетіп.
— Бұл ән Заманбек марқұмға арналған дейді ғой!
— Обал болды, қазақтың бір аптал азаматы еді ғой! Өзін-өзі үш рет атып өліпті ғой, соншама не көрінді екен?!.
— Ей, сен де соған сеніп жүрген...
— Әнеукүні телебезерден айтты ғой!..
— Әй, қойшы-ей, басымды ауыртпай, ән тыңдайық!..
Бибіжамал шешей жым болды. Даниял қалта телефонын әрі бір, бері бір шұқылап жатты да, одан да жалықса керек, еппен тұрып, тықыр-сықырын білдірмеуге тырысып, есікті жайлап ашып, сыртқа шықты.
Ай жарық, қара аспанда жұлдыздар жымыңдайды. Күн салқын тартыпты, бойы тоңазып, денесі діріл қақты. Ол төңірекке бажайлай көз салды да, шөп қораның арт жағына қарай жүрді. Салтатты біреу өтіп бара жатыр екен, бұған жалт етіп бір қарады да, жөніне кете барды. «Кеш батқанда нағып жүр екен?!» — деп ойлады іштей. Жан-жағына жалтақ-жалтақ қарай жанқалтасынан шылым алып тұтатты. Біреу-міреу көріп қоятындай түтінін ішіне қарай сорып, темекісін қос қолымен бүркемелей түседі. Баяу ескен салқын самал болмаса, төңірек құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Кенет қара түнді қақ жарғандай:
— Дәниәл... Дәниәл... — деген атасының ащы дауысы шықты. Қапелімде не істерін білмей қатты сасқан Даниял қолындағы шылымын лақтыра салды. Темекінің тұқылы мал қораның жанында шашылып жатқан шөп-шаламның ортасына топ ете түсіп, қызара сығырайып жатты. Оған мойын бұрып қарауға Даниялдың мұршасы да болған жоқ:
— Чё... я здесь!.. — деп атасына қарай жүгіре жөнелді.
— Әй, шо! — Атасының «Сен не істеп жүрсің?» дегенін айтқызбай түсінген ол:
— Я... я, просто гуляю... — Атасы оның сөзін түсінбейтін болғандықтан, жауабына да мән берген жоқ.
— Дабай, кәди! — деді дауысын көтеріп. Немересі жанынан өте бергенде темекінің иісі бұрқ ете қалды. Ақсақалдың түсі бұзылып кетті. Бірақ, қапелімде не істерін білмей, аз-кем уақыт мең-зең күйде меңірейіп тұрып қалды да, кеудесін кере ауыр күрсініп алып, жатын бөлмеге кірді.
Бәйбішесі төсек салып жатыр екен, шалының қас-қабағындағы өзгерісті бірден байқады:
— Тағы не боп қалды? — деді үрпие қарап.
— Ештеңе!.. — Қысқа қайырды.
Енді тіл қатса жекіп ала жөнелетінін сезген кемпір көмейіне кептелген сауалдарды сыртқа шығара алмай, сілекейімен бірге жұтып қойды.
Ақсақал көпке дейін көз іле алмады. Әрнені бір ойлап, дөңбекши берді. Бір кезде ақырын орнынан тұрып, пысылдап ұйқыға басқан немересінің киімдерін ас үйге алып шығып, қалталарын қарай бастады. Телефон, фанарик, сағыз, шоколадтармен толтырып алыпты. Бір кезде курткесінің жанқалтасына қолын сала беріп, жылан ұстап алғандай, тұла бойы түршігіп кетті. Темекі екенін саусағымен-ақ сезді. Алып қарауға дәті шыдамады да, жұмырығына қысқан бойы терезені ашып, далаға лақтырып жіберді. Тершіген маңдайын алақанымен сипап еді, темекінің иісі мұрнын қытықтады. Түшкіріп-түшкіріп жіберді. Қатты шыққаны сондай, бәйбішесі шошып оянып, қасына жетіп келді.
— Неге ұйықтамай жүрсің? — деді көзін ашып-жұмып.
— Ұйқым келмесе, өл деймісің!.. — деп айғай салды.
— Саған сөйлемеу керек пе, енді! — Бәйбішесі кері бұрыла берді.
— Сөйлеме!..— Дауысы қатты шықты.
— Өй, мынаған не болған, өзі?!.
— Әй, тақ әкеңнің аузын...
Кемпір қайыра тіл қатпаған күйі көрпесін тас бүркене жатып қалды. Ақсақалдың бойын ашу қысып, кеудесін ыза кернеді. Немересін жұлқылап оятып, табанда сазайын бергісі келіп бір оқталды да, ойланып тұрып қалды. «Не істесем екен, ә?!.— деп қояды іштей күбірлеп,— Мен бұны түземек түгілі, ойымды айтып жеткізе де алмаймын ғой! Одан да әкесі келгенде түсіндіріп көрейін, өзі жөнге салар! Әйтпесе, менің айтқанымды құлағына ілер дейсің бе, бұл кәпір!»
Ашуын ақылға жеңдіре білген ақсақал қас-қабағы салбырап, түндей түнерген қалпында төсегіне келіп қисайды. Өзегіне шоқ түсіп, күйдіріп бара жатқандай шыбын жанын шыжғырды. Ұйқысы да қашып кетті. Басынан бәрін ысырып тастағысы келсе де, шым-шытырық ойлар шырмауықтай шырмап, маза берер емес. «Біздің ұлдан да бар-ау! — деп қояды, — Ынжық неме... Басқа емес, өз әйеліне де сөзін өткізе алмайды. Бар билікті соның қолына ұстатып қойған. Неге екенін түсіне де алар емеспін. Ақшаны да бір кісідей табады, жағдайы да жаман емес, үйден үй, машинадан машина ауыстырып жүр. Ендеше неге қатынының алдында сонша бүгежектейді?!. Тіпті осы екеуінің қалай табысқанына да таңым бар. Біздікі орысша жарытпайды, ал келін бір ауыз қазақша білмейді. Қызық. Онысымен қоймай балаларын да орысша тәрбиелеп келеді. Енді мынаны қазақ деп қалай айтасың, қазақы иіс мұрнының ұшына да бармайды. Жүріс-тұрысының бәрі ішіңе қонбайды, біртүрлі сұйық... Әй, осының бәрі сол ана ынжық ұлдың кесірі ғой!.. Отбасында кімнің билігі үстем болса, балалардың тәлім-тәрбиесіне соның ықпалы күшті болады ғой!.. Мынаны мен қалай өмірімді жалғар ұрпағым бар деп айта аламын. Ал бұдан тараған ұрпақ кім болмақ?!. Сонда менің үрім-бұтағым бара-бара басқа ұлтқа сіңіп, ұлттығынан ажырап қалмақ па?!. Ай... ай... «Көресіні көрмей көрге түспейсің!..» деген осы екен ғой!.. Ұл келсін, ашық сөйлеспесем болмас! Осы уақытқа дейін мына кемпір де аузымнан қағып, айтарымды айтқызбай келді емес пе! Енді батырып айтпаса болмас!..»
Жүрегі шаншып ауыра бастады. Алақанымен жайлап уқалап қояды. Сөйтіп жатып, көзі ілініп кетіпті. Тарсылдаған дыбыстан шошып оянды. Сасқалақтап ауызғы үйге дамбалшаң атып шықты. Әлдебіреу терезені сындырып жіберердей жуан жұдырығымен ұрғылап тұр. Бір жамандықтың болғанын сезгендей жүрегі дүрс-дүрс етіп аузына тығылды. Көршісі Көшербай екен.
— Өрт... өрт... — дейді бар дауысымен айғайлап.— Өрт... қора... өрт...
— Не дейді?!. — Ақсақалдың есі шығып кетті. Не істеп, не қоярын білмей, жандалбасалап дамбалшаң есік алдына атып шығып, қорасының өртке оранғанын көріп жалаң аяқ тұра жүгірді. Көшербай жанына жанаса беріп:
— Ақсақал, бұныңыз не, мына түріңізбен не істейсіз, киініп шығыңыз! Мен көршілерді оятайын! Әйтпесе сіз бен бізге мына өртті өшіру қиынға соғады, — деп бір-екі ауыз тіл қатты да, қалбалаңдап жүгіре жөнелді. Соның арасынша Көшербайдың ер жетіп қалған екі баласы — Қанат пен Жанат жетіп келді, қолдарында су тола кәтке мен шелектері бар.
— Қораның есігін ашыңдаршы... Малды шығарыңдаршы, малды...
Табанынан сыз өтіп барады, сонда барып өзінің жалаң аяқ тұрғаны есіне түскен ақсақал үйге қарай тұра жүгірді. Алдынан бәйбішесі қарсы жолықты. Оған қараған да жоқ, жанынан қағып-соғып өте берді. Тек:
— Өрт... қора... өрт... — деуге ғана мұршасы келді. Жатын бөлмеге алқын-жұлқын кірді. Немересі пырылдап ұйықтап жатыр.
— Әкеңнің аузын ұрайын, тұр! — деп айғай салды да, көрпесін жұлып алып, май жамбастан оңдырмай бір тепті. Даниял алақтап атып тұрды.
— Әй, дабай! Бажар... Бажар... — Ақсақалдың аузына басқа сөз түсер емес, апыл-ғұпыл киінді де, аяғына етігін қоңылтаяқ сұға салып, қайтадан атып шықты.
Қора лапылдап жанып жатыр. Қанат пен Жанат көк дөнен мен екі сиырды бұзауымен шығарып алыпты. Отқа оранған қой қораның да аузын ашып үлгеріпті, бірақ бірде-біреуі сыртқа шыға қоймаған. Ақсақал жүгіріп келіп, қораның ішіне қойып кеткісі келді. Бірақ, Қанат алдын кес-кестеп бөгей берді:
— Ойбай, ақсақал, қойыңыз. Қойдан жаныңыз артық па, күйіп өлесіз! Көрмейсіз бе, от жалмамаған жері жоқ, енді кірсеңіз, шықпай қаларыңыз айдан анық! — деді жанұшырып.
Аузын жиып алғанша болған жоқ, қой қораның төбесі опырылып ортасына бір-ақ түсті. Қызыл жалын лап етіп, көкке көтерілді. Төңірек жап-жарық боп кетті.
— Қой... қозы... — Ақсақалдың дауысы дірілдеп кетті.
— Малды қайтесіз, өзіңіздің аман қалғаныңызға қуанбайсыз ба? Жаңа кіріп кеткеніңізде ғой, шипаңыз бітер еді! — деді Қанат жанталаса су шашып жатып. — Көрер жарығыңыз бар екен!
— Әй, иә, рас-ау, ә!..
Ақсақал не күлерін, не жыларын білмеді. Өзінің аман қалғанына қуанса да, қойларының бірі қалмай өрт құшағында қалғанына іші удай ашыды. Бірақ, оны ешкімге білдірмеуге тырысты. «Қораның үйден қашықтау болғаны жақсы болды-ау! Әйтпесе, мына жалын үйді де жалмар еді!..» деген ой санасында жылт етіп, өкініші су сепкендей басылды.
Әне-міне дегенше, адамдар да жиналып қалды. Ауылда өрт сөндіретін машина атымен жоқ. Біреулері су тасып, біреулері шашып, енді біреулері үстеріндегі киімдерін шешіп ала салып, отты ұрғылап, өшіруге кіріскен. Қарап тұрған ешкім жоқ. Абыр-сабыр, бәрі де апылыс-ғұпылыс үстінде. Ауылдың тайлы-тұяғына дейін қалмай жабылып жүріп, таң ата өртті де сөндірді-ау! Бірақ, мал қора мен шөп қора түгелдей жанып кетті.
Ел кетіп, абыр-сабыр басылған соң, кемпірі мен немересі үшеуі үйге кірді. Жанталасып жүріп есінен шығып кетіпті, оңаша қалғаннан кейін түндегі оқиға ойына оралып, қаһарына қайта мінді.
— Бәрін бүлдірген сенсің, әкеңнің аузын ұрайын! — Ақсақал ақырып қалды да, немересінің жағынан шапалақпен шарт еткізіп тартып-тартып жіберді.
— Что я сделал? — Даниялдың көзі ақшиып кетті. Жанары жасаурап, иегі кемсең қақты.
— Әкеңнің... — деп тағы тап берді. Кемпірі шалының көтере берген қолына жармаса кетті.
— Саған не болған?!. Ақылыңнан адасқаннан саумысың. Қаршадай баланың не жазығы бар? — деді шыр-пыр болып. — Қызықсың!..
— Осының кесірі... — Ақсақал ашып ештеңе айта қоймады. Кемпірінің жүрегін ауыртқысы келмеді. Тек немересіне алая қарап: — Иттің баласы... — деді кіжініп.
— Бұл не істепті?!. Не бүлдіріпті?!. Не болды сонша?! Өртенер қораң өртенді. Енді соны да осыдан көрмексің бе?!.
— Осы, иттің баласы...
— Сен шал шынымен алжиын деген екенсің!..
— Әй, жапшы-ей аузыңды!.. — деді ақсақал орнына отырып жатып, — Жетер!..
Кемпірі сөзін сап тиды. Дастархан басында да тоң-теріс томсырайып отырды. Бойларына ас бата қоймады. Даниял мүлде нәр сызбады. Аузы-басы бұртиып, көгеріп-сазарған қалпында бір орнынан қозғалмай қатты да қалды. Оның бұл қылығы атасының қитығына қайта тиді.
— Мынау бала емес, пәле! — деді ақсақал оған сұстия қарап, — Отырысын қарашы иттің баласының... Бәтшағардың көзі жаман...
— Бұл өзі кімнің баласы? — деді кемпірі шыдай алмай, — Сонша тілдеп не көрінді саған?!.
— Бұндай баланың барынан жоғы!..— деді ашу-ызадан жарылардай боп отырған ақсақал. — Бала сыйқы жоқ!..
— Ой, саған дауа жоқ екен! Боғыңдай баламен айтысып... — Көмейіне өксік тығылып, орнынан тұрып кетті.
Ақсақал ойланып қалды. Кемсең қағып, көз жасына ие бола алмай бара жатқан кемпіріне жаны ашып кетті. «Қайтсін, тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп тапқан баласының баласы ғой! Жанындай жақсы көреді!.. Мен де жек көреді дейсің бе, осыны?! Бауырыма-ақ басқым келеді, бірақ неге екенін өзім де білмеймін, жылан сияқты сұп-суық! Өзінің іс-әрекеті де біртүрлі... Әйелдің жаны нәзік қой, жаманшылыққа қимайды. Қораның осының кесірінен өртенгенін қайдан білсін!.. Білсе, бұл жылаған жылаған ба, кез келген нәрсені жүрегіне жақын қабылдайтын адам, тіпті қиын болады-ау!.. Қой, не де болса, жүрегін ауыртпай-ақ қояйын!.. Білмей-ақ қойсын!.. Ал мынаны қарашы, атаңа нәлет!.. Талағы тарс айырылып, қасарысып отыр. Бесіктен белі шықпай жатып осындай. Ертең, әйтеуір, жақсы азамат болып шықса, жарар еді-ау!..»
Ауыр күрсіне орнынан көтеріліп, сыртқа шықты. Қора-қопсысының күлге айналған үйіндісі ғана үйіліп жатыр. Жалыны өшіп, мұң тұнған кіреуке жанарымен ұзақ қарады. Күрсінісі де күшейе түскен. Күнде кіріп-шығып жүргендіктен бе, қорасының бұндай ыстық боларын кім біліпті. Бойын біртүрлі бір қимастық сезім биледі. Оның өзіндік себебі де бар, алғаш үйленген жылы өз қолымен салып еді. Содан бері де қырық бес жыл зулап өте шығыпты-ау! Ол кезде тепсе темір үзетін жігіт еді, қазір кәрілік жеңе бастаған қушиған қара шал. Енді қанша өмірі қалғанын өзі де тап басып айта алмас. Қырық бес жылғы ғұмыры осы қорамен байланысты болыпты-ау! Ауылда тұрғаннан кейін қолынан мал үзілген жоқ. Бір кездері қорасына симай жататын. Күш-қуаты кеміп, зейнеткерлікке шыққаннан кейін ғана ғой, мал тұяғын азайтқаны. Ана бір жылдары ұлдарының айтуымен қолындағы бар малын саудаға салып жібергісі келген. Ақырындап сата да бастаған. Бірақ, бәрінен жұрдай болып, есік пен терезеге телміріп отырам ба деп, азын-аулақ алып қалған еді. Ол да жаман болған жоқ, өзіне күнделікті ермек болды. Жұмыс істеп қалған жұмыр басты пенденің қол қусырып қарап отыруы да қиын-ау! Талай рет ұлдарынан сөз естісе де, қалған малын уысынан шығармай ұстап отыр еді. Енді міне солардың айтқанын істеуге тура келетін мезгіл де келіп жеткен сияқты. Он қой мен бес қозы қорамен бірге өртеніп, тұқымдары тұздай құрыды. Ендігі қалғаны көк дөнен мен екі бұзаулы сиыр ғана. «Бұлардың да көзін құртпасам болмас, — деді тағы да ауыр күрсініп, — Шөп-жем дайындамақ түгілі, өзіміздің жүріп-тұруымыздың өзі мұңға айналып барады. Енді қора тұрғызар емес. Оның үстіне кейінгі кездері жүрек те сыр беріп жүр. Балалардың тілегін мен құлағыма қыстырмағаныммен, Құдай қабыл алған сияқты ғой!»
Осы кезде ақсақалдың маңайына ауылдың іске татыр ер-азаматтары жиналып қалды. Ақылдасып-кеңесіп келгендей. Ат арбаға тиеп алған отызшақты түк пен екі-үш қап жемдері бар. Қашанда сөз бастап жүретін Аманбай есімді еңгезердей жігіт ағасы тамағын кенеп алды да:
— Ағасы уайымдай бермеңіз, бәрінен бұрын бас аман болсын! «Бас аманның малы түгел» деген. Ел-жұртыңыз бар, өзіңіз де талай адамға қол ұшын беріп едіңіз, енді олар да қарап қалмас. Кейін қораңызды да салысуға көмектесерміз, ал әзірше шарбақтан шағын да болса қоршау жасап берейік. Жем-шөпке де алаңдамаңыз, әркім қал-қадірінше жәрдем берер. Жер аяғы кеңіп, көк те шығар күн алыс емес қой! — деп жөн-жорасын айтып жатыр.
— Жоқ, бәріңе рахмет! Ниет-пейілдеріңнен айналайын! — деді қарт жанындағыларға жағалай көз тастап, — Ештеңеге әуре болмаңдар! Қоршаудың да, шөптің де керегі жоқ! Қалған малды да сатамын!..
— Қойыңыз, өзіміз көмектесеміз ғой! — деп Аманбай сөзін қайта жалғай беріп еді, ақсақал жұлып алғандай:
— Қарағым, мен айтар сөзімді айттым, енді қинамаңдар! Шынымен көмектескілерің келсе, тездетіп мына малды алатын адам тауып беріңдер! — деді нығарлай сөйлеп.
Қыңыр шалдың алған бетінен қайтпайтынын жақсы білетін ауылдастары одан әрі қыстай қоймады. Аз-кем оны-мұны әңгіме қылысып тұрды да, үйлеріне тарасты. Ешкім де батылы жетіп, «малыңызды сатып берейік» дей алмады.
Қора-қопсысы өртеніп, қамкөңіл болып тұрса да, ел-жұртының ықылас-пейіліне риза болып, бойы сергіп қалды. Көмір қорасының артжағында байлаулы тұрған екі сиыры мен көк дөненінің алдына жігіттер әкелген түктің біреуін бөліп салды да, қайтадан ішке кіріп, жатын бөлмедегі ескі диванға қисая кетті.
Содан кешкі асқа бір-ақ тұрды. Немересі ұйықтап қалыпты. Әжесі оятып көріп еді, ыңырсып тұра қоймады. Екеуі үстелдің екі жағында үн-түнсіз отырып тамақ ішті де, төсек салып, қайтадан жатып қалды. Тағы да шақшадай басын шарадай қылған сансыз ойлар қаумалап, санасын сансыратып-ақ жіберді. Түннің бір уағына дейін ұйқысы келмеді, бір кезде талмаусырап жатып көзі ілініп кетсе керек:
— Әй, Ығыбай... Ығыбай... — деп түрткілеген кемпірінің дауысынан шошып оянып, басын жылдам көтеріп алды.
— Не, не болып қалды? — деді үрпие қарап.
— Әлгі... жж... жо.. жоқ!... — Кемпірі тұтыға берді.
— Кім жоқ?
— Дә... ни... әл...
— Не дейсің?.. — Ақсақалдың түсі қашып кетті.
— Үйді үш айналып шықтым!..
— Тұрғанда бар ма еді?
— Оянсам, орнында жоқ... Сорлы бала бір пәлеге ұшырап қалмаса жарар еді-ау!.. Енді қайттік?!.— Кемпір қыстыға жылап жіберді. — Сен де бір осы...
Ақсақал орнынан ширақ көтеріліп, апыл-ғұпыл киінді де, жылдам басып сыртқа беттеді. Кемпіріне сенбей үйді тағы бір айнала шолып шықты. Қарамаған жері жоқ, ең аяғы үйдің шатыры мен көмір қораға да бас сұқты. Есі шығып кеткені сонша, бір көрген жерін айналып келіп қайта қарайды. Үйге кіріп шкафтың іші мен төсектің астына дейін көз жүгіртті. Жер жұтып қойғандай ұшты-күйлі жоқ. Шынымен сасайын деді, маңдайынан суық тер бұқ ете түсті. «Қайда кетті екен, құрғыр?!. — деді бір сәт ойлана, — Қайда барушы еді, өзі?!. Келгелі әлі үйден ұзап шыға қойған жоқ! Әлде... Жо... жоқ...» Өз ойынан өзі шошып кетті.
Кенет есіне бірдеңе түскендей, көршінің дүкеніне қарай емпеңдей жөнелді. Екі өкпесін қолына алып, ентелеп жеткенін қайтсін, есігінде үлкен қара құлып тұр. Сонда ғана таң ағарып атқанымен, уақыттың әлі ерте екені есіне түсті. «Бұдан басқа қайда бармақ? Ешкімді танымайды да. Тез тіл табыса кететін де бала емес. Қайда кетуі, кімге баруы мүмкін?!.» Ақсақалдың басы қатайын деді. Қайдан іздерін де, қайда барарын да білмей, дал болды. Күнде мал суарғанда баратын жері ғой деп, аяғын асыға басып құдық басына барып, жандалбасалап ішіне үңілді. Судан басқа ештеңе көрінер емес. Ауылда бұрын қой қырқатын қырықтық болған үлкен баз бар еді, әркез ойын балалары кіріп-шығып жүретін. Көңілі солай қарай алып-ұшты. Келсе, бұнда да ешкім жоқ. Терезелері сынған, есіктері шалқалай ашылып жатыр, аңғал-саңғал. Ішіне кіріп, арнайы қазылған қой қырқатын орындарға дейін мұқият қарап шықты. Осы жерде тұрып өзі де талай қой қырыққан. Науқан кезінде бұнда қызу жұмыс жүретін. Қаншама адам еңбек ететін. Кеңшармен бірге бұл қырықтықтың да жаназасы шығарылған. Сол бір өткен күндердің жансыз куәсіндей көрінер ескі құрал-саймандар ғана әр-әр жерде шашылып жатыр.
Бұнда да ұзақ аялдай алмады. Көп ойланып жатпастан бірден ауыл клубына тартты. Бұл да қазір ойын алаңына айналған. Күні бойы балалар осы жерден айналсоқтап шықпайды. Кезінде бұл да ұзыннан ұзақ созылып жатқан еңселі ғимарат еді. Осы жерде түрлі ойын-сауық кештері өтетін, кешқұрым жұрт жиналып кино көретін. Ауыл кітапханасы да осында орналасқан болатын. Кітаптарды көбінесе осыдан алып оқушы еді, газеттер тігулі, журналдар тізулі тұратын. Ал қазір бұл ғимарат та қаңырап бос тұр. Бәрі бүлінген. Ішіндегі құрал-жабдықтары түгіл, сыртқы есік-терезелеріне дейін тонап алып кеткен. Қаржы тапшылығына байланысты кітапхана жабылды да, кітаптар мен газет-журналдарға ие болар адам табылмай, әр-әр жерде шашылып қала берді. Кейіннен кейбір тұрғындар үйлеріне тасып алып, отқа тамызық қылды.
Бұнда да әлі ешкім келе қоймапты. «Енді қайда болуы мүмкін, ә, бәтшағар?!. Қайда жүр екен?..» Өз сауалына өзі жауап таба алар емес. Үйді үйге кіріп сұраудың да ретін таппады. Не деп барады, ұят емес пе, әрі ол біреудің үйіне бара қоятын бала емес қой. Ойы сан-саққа жүгіріп, санасын әбден сарсылтты.
Ауылдың шетінде өзен ағып жататын. «Жуынатын жер іздеп жүр еді, е, дәу де болса сонда кетті-ау!» Ақсақал өз ойына өзі риза болып, тағы да емпеңдей жөнелді.
Өзенді жағалай ұзақ жүрді. Қыбырлаған жан жоқ. Бір кезде есіне әлдене түскендей, үйіне қарай аяңдады. «Мүмкін, өзі үйге келген шығар. Мен мына жақта құр босқа сандалып жүрген жоқпын ба?!»
Кемпірі қалбалаңдап алдынан шықты.
— Не болды? — деді жаутаң қағып.
— Келген жоқ па?
— Келсе, сенен сұраймын ба, құдай-ау!.. Ойбай-ай... ойбай... Байғұс бала жазым болды-ау!.. Ой, Құдайым-ай!..
— Әй, не болды соншама ойбайлап... Жаманшылыққа бастамай, көз жасыңды тый! Қайда кетер дейсің, табылар?! — деді өзі де дүдамал ойда тұрғанмен, сыр алдырмауға тырысып. — Мен білсем, тау-тасты кезіп кетті-ау, сол бала... Ауылдың маңайын шолып шығайын!
— Е, иә, кеше ана тауға шығып жүр еді ғой!.. Тезірек барсаңшы енді, бірдеңе шағып алып жүрмесін!..
Ақсақал көк дөненге ер-тоқым салып мінді де, тебініп қалып, жүріп кетті. Ауыл іргесіндегі зиратқа жақындап келеді. Кеше ғана бұл фәнидің бал қызығына батып, тіршіліктің дәм-тұзын бірге татысып жүрген адамдардың көпшілігі осынау өлілер мекенінен орын алып, төмпешіктің астында жатыр. Әке-шешесі де осында. Өз қолымен бақи дүниеге арулап шығарып салғалы да талай жылдың жүзі болған. Әкесі тым ерте кетті, шешесі бертінде қайтыс болды. Үлкен ұлы да осыдан екі жыл бұрын авариядан опат болған. Келіні былтыр екі ұлын ертіп, шешесінің қолына көшіп кетті. Оның да әкесі жарық жалғанмен ерте қоштасқан. Ата салтымен бауырына салып алған үлкен немересін алып қалғысы келген, бірақ ойлана келе баланың шешесінің жанында болғанын қалап, рұқсатын берген. Әйтпесе, алып қаламын десе ешкім де қолынан қақпас еді. Әбден бауыр басып қалған немересі де көзінен сорасы ағып, қимай қоштасқан. Олар кеткеннен кейін де көпке дейін өзіне-өзі келе алмай, екі дүниенің ортасында жүргендей беймаза күй кешкен.
Ақсақал ұлының бейітіне жақындап келіп, жерге түсті. Тізерлей отыра қалып, аруақтарға бағыштап құран оқыды да, көп аялдамастан қайтадан атына мінді. Жаны жабырқап, жүрегі езіліп келеді. Жас жуған жүзін қайта-қайта қалта орамалымен сүртіп қояды. «Е, құлыным-ай, қайтейін, өлмеген соң жүрміз де құр сүлдемізді сүйретіп... Кезек біздікі еді ғой!.. Сендер жылап қалсаңдар қандай жарасып тұрар еді-ау!.. Құдайдың сенің артыңда бізді қалдырып, жылатып қойғанын көрмейсің бе?!.»
Жүрегі сызып ауыра бастады. Бір кезде жанын көзіне көрсете шаншып-шаншып өтті. Біздей сұққылағаны сонша бүктетіліп атынан ауып түсе жаздады. Бар қолынан келгені алақанымен жүрек тұсын уқалай берді. Бірақ тарқар түрі жоқ. Сұққылап әкетіп барады. «Үйреншікті ауру ғой, қайтер дейсің!» дегендей, оны елең қылмастан, маңайдағы тау-жоталардың бәрін қарап шықты. Адам түгіл, мал екеш мал да көзіне түсе қоймады. Үсті-басын қара тер басып кетті. «Бір пәлеге ұшырап қалмаса жарар еді-ау! — деп қояды ішінен, — Аман болса екен, өзі?!.»
Жүрегі шаншып, кеудесі қыса берген соң, азырақ демін басып алмақ болып, атынан түсіп, үлкен бір жалпақ жартастың үстіне шығып отырды. Ауыл алақанындағыдай ап-анық көрініп тұр. Әрлі-берлі жүрген адамдардың қарасы да көбейген. Үй жағына көз тігіп ұзақ отырды. «Бибіжамал қайда кетті екен?!. Әй, қайда кетуші еді, оны-мұны жинастырып, іште жүрген шығар!.. Әлде ол да ауыл кезіп, немересін іздеп кетті ме екен, ә?!.»
Ауылдың ажары тозып, базары тарқап бара жатқаны сыртқы сыр-сипатынан-ақ көрініп тұр. Тап бір жау ұшақтары бомбалап кеткен секілді. Қираған, бұзылған, иесіз қалған үйлердің қатары көбейе түскен. Істейтін жұмыс болмаған соң, жастардың көпшілігі қала жағалап кетті. Бұрын қандай еді?!. Шаттығы шалқып, ынтымағы жарасқан ауыл еді!.. Қазір ғой, берекесі кетіп, ырыс-құты азайып, жаман әдет-қылықтардың тамыр жая бастағаны. Заманмен бірге адамдардың да мінез-құлықтары өзгеріп, ұсақталып бара жатқан сияқты...
Тағатсызданып, бұл жерде де көп аялдай алмады. Кенет қарсы жотаға шыға келген салтаттыны көзі шалып қалды да, атының басын дереу солай қарай бұрды. Жақындап келгенде таныды, Жұмабек құрдасының кенже ұлы Алмабек екен.
— Ассалаумағалейкум, ағасы! — деді ол екі қолын бірдей ұсынып.
— Уағалейкумассалам! Молда бол, балам!
— Молда болатын жастан өтіп кеттік қой, ағасы! Қал-жағдайыңыз қалай?
— Шүкір, қарағым, шүкір!.. Өздерің ше?
— Жақсы, ағасы...
— Қайдан келесің?
— Ғалымбектің қыстағына барып келемін. Оларға азық-түлік апарып, өзімізге қой сойып әкеле жатырмын.
— Қашан барып едің?
— Ой, таң атпай шығып кеткем...
Ақсақалдың да күткені де осы еді, сөзін аяқтатпай жатып:
— Көзіңе бала түскен жоқ па? — деді асығып-аптыға.
— Мен шыққанда бір бала ана жолмен кетіп бара жатыр еді...
— Қалай қарай?
— Ана жолмен тура «Шағанға» қарай... — деді жол жақты қолымен нұсқай.
Ақсақал ләм-мим деп тіл қатпастан солай қарай тұра шапты.
— Ағасы, не боп қалды? — деді түкке түсінбеген Алмабек артынан айғайлап.
— Кейін айтам!..
Ақсақалдың тап қазір ештеңеге қарайлайтын түрі жоқ. Жолға түсіп алған соң көк дөненнің басын қоя берді. «Таң атпай шығып кетсе, қазір түс боп қалды, біраз жер ұзап кетті-ау!.. Тезірек қуып жетпесем, бірдеңеге ұшырап қалуы да мүмкін-ау!.. Маңайда аш қасқырлар толып жүр. Тіпті тапа-тал түсте адамдарға шабатынды шығарды».
Жон арқасы шымырлап қоя берді. Атына қамшыны аямай басып, дүбірлетіп шауып келеді. Өбектеген өкпек желден жасаурай түскен жанарын алдыңғы жақтан айырар емес. Бар ойы немересін тезірек тауып, аман-есен үйіне алып қайту. Өзімен-өзі күбірлеп сөйлесіп келеді. «Нем бар еді, ұрсып, ұрып?!. Әй, бірақ, нем жоқ, туған немерем ғой?!. Оның жақсы болғаны маған да жақсы емес пе?! Әй, бірақ, әл-әзір бұның бізді, біздің бұны түсіне қоюымыз екіталай ғой!.. Әйтеуір, осы жолы аман табылса болды!.. Егер... Құдай оның бетін аулақ қылсын! Онда... жо... жоқ... Олай болуы мүмкін емес! Жүрек өзі сезеді ғой! Жаманатқа бастап тұрса, Құдай өзі алдын-ала сездіреді ғой!..»
Даниял шынында да ұзап кетіпті. Ауылдан он бес шақырымдай шыққанда ғана қарасы көрінді. Келе жатқан атасы екенін алыстан танып, тұра қашты. Бірақ, қашып қайда барсын, атасы желдірмелетіп жанына жетіп келді де, атынан түсті. Ол тағы да зыта жөнелді.
— Әй, Дәниәлжан, айналайын, мен саған тиіспеймін. — Оның қазақша түсінбейтіні есінен шығып кеткен. — Қайт үйге!
Немересінің қайрылар түрі жоқ. Артына жалтақ-жалтақ қарай қашып барады. Әп-сәтте-ақ әудем жер ұзап кетті. Оған жаяу қуып жете алмасын сезіп, атына қайта мінді. Әбден шаршасын дегендей, біраз жерге дейін желдірмелетіп қуып отырды. Бір кезде өкпесі өшіп, қатты ентіккен Даниялдың өзі тоқтай қалды. Әбден қара терге малшынған, екі иығынан дем алады. Атасы дәл жанына келіп түсіп жатыр еді, тағы қаша жөнелді. Енді ұзай қоймасын сезіп, жаяулап тұра қуды. Тың күш қойсын ба, лезде-ақ қуып жетіп, ұстап алды. Сонда да бұлқынып, бой берер емес. Тап бір арқасына дүре соғып жатқандай, бар дауысымен шыңғырып әлек.
— Дәниәл, ақылдысың ғой!.. Жүр, үйге қайтайық, құлыным! — деп келе жатты да, оның қазақша түсінбейтіні ойына оралып:
— Әй, дабай дом... Алматы пойдош!.. — деді бар білетін орысшасымен.
Бірақ немересінің оған да құлақ асар түрі жоқ. Бар дауысымен айғайлап, бұлқынуын қояр емес. Атасы қатты састы. Ақылмен айтып ұғындырайын десе тілі құрғыр жетер емес, күшке салайын десе, тағы қорқады. Бірақ басқа амал да жоқ. Көп ойланып жатпастан қаттырақ сілкіп-сілкіп қалды да, қабағын тас түйіп:
— Дабай... — деді атын нұсқай. — Шас дом... Потом Алматы пойдош...
— Мы поедем в Алмату! — Ол қашып құтыла алмасын сезіп, әрі атасының қаһарынан жасқанып, бір сәт сабасына түскендей болды. Жылауын да, бұлқынуын да қойды. Ақсақалға керегі де осы еді:
— Да... да... Алматы пойдош. — деді көк дөненін қолымен нұсқап. — Шас дабай дом...
Не айтып тұрғанын қимылынан түсінген ол атасының жетелеуімен солай қарай жүрді. Ер-тоқымға оны отырғызып, өзі арт жағына жайғасқан ақсақал көк дөненін тебініп қалып, ауылға қайтар жолға түсті.
Бұлар үйге келгенде кемпірі есік алдында жүр екен, қуаныштан көзінен жас парлай берді.
— Құлыным-ау, қайда жүрсің? — деді алдынан сүріне-қабына жүгіріп шығып. Бірақ, немересі оның сөзін түсінбеді. Не айтып тұр дегендей, безірейе қарайды. Оған мән беріп жатқан әжесі жоқ, айналып-толғанып-ақ жатыр.
— Қайда жүр екен? — деді бір кезде шалына қарап.
— «Шағанға» барар жолда кетіп барады. Керегетастың тұсына жетіп қалыпты.
— Ойбай, көтек, не дейді!..
— Иә, солай, әрең көндіріп алып келдім. Мынау бұнда тұрақтай қоймас. Бірдеңеге ұшырап қалмай тұрғанда апарып тастау керек!
— Ойбай, қайда?
— Әй, неменеге ойбайлай бересің?!. Қайда болушы еді, Алматыға... Келіннің әке-шешесіне...
— Құдағи қыдырып кетті деп еді ғой!
— Бір-екі күнде келеді деген... Келіп те қойған шығар!
— Қой, ұят емес пе?
— Әй, ұяттың көкесін мына баладан айырылып қалсаң көресің! Одан да аш құлақтан тыныш құлақ! Бұл бізге бала болып жарыта қоймас!..
— Өй, сен өзі не айтып кеттің!..
— Мен шындықты айтып тұрмын!
— Өй, бүйткен шындығың құрысын!..
— Әй, сағат бес болып қалыпты. Таң атқаннан бері нәр сызған жоқпын!.. Көп сөзді қой да, шайыңды дайында... Тілім аузыма сыймай барады... жеп қоймайын!..
— Оңды-солды сумаңдата бергенше, жеп қойғаның жақсы-ақ болар еді!..
Шалының әңгімесін жақтыра қоймай, қыңырая қалса да, аяғының ұшымен басып жүріп дастархан жайып, шай жасады. Даниялдың да қарны ашып қалыпты. Әншейінде жей қоймайтын сары майды бауырсаққа жағып жіберіп, соғып жатыр. Қашып кетіп, елді әбігерге салып қойғаны қаперіне кіріп те шығар емес.
— Мынаның киімдерін дайындап қой, тәңертең жол жүреміз! — деді ақсақал шай үстінде кемпіріне бұйыра сөйлеп. — Апарып тастамасам, ие бола алмаспыз! Көзіңнен бір сәтке таса қылма, тағы қашып кетпесін!.. Кеш түсіп келеді, енді қашса, айырылдық дей бер!.. Хамиттің немерелеріндей ит-құсқа жем болып жүрмесін!..
— Ә, ие, обал болды-ау!.. Оның бетін аулақ қылсын!..
Осы кезде тамаққа тыңқия тойып алған Даниял орнынан көтеріліп, далаға беттеді. Оның артынан ішіп отырған шайларын қоя салып, атасы мен әжесі қоса шықты. Ол дәретханаға қарай томпаңдап жүгіре жөнелді. «Аузы күйген үріп ішеді» дегендей, екеуі бірдей көз алмай қарай қалған.
Даниял дәретханада ұзақ отырды. «Осынша не болды?» — дегендей, қос қария бір-біріне сұпаулы кейіппен қарасып қояды. Сумаңдаған суық ойлар қаумалап, тағат таппаған атасы жақындап барып:
— Дәниәл... — деді жаймен ғана тіл қатып.
— Ау, — Іш жақтан күшенген дауыс естілді. Сонда ғана барып атасының күпті көңілі орнына түскендей болды. Десе де дәретхананың маңайын айналсоқтап жүріп алды.
Көп күттіріп, әйтеуір бір кезде шықты-ау! Содан ештеңеге де қарамастан қайтадан үйге кіріп, төсекке қисая кетті де, қор ете түсті.
— Байқа, өтірік істеп жатқан болуы мүмкін! Әйтпесе, қалай тез ұйықтай қалады, — деді ақсақал кемпіріне тәтпіштей түсіндіріп, — Бүгін түні бойы кезекпен күзетіп шығамыз! Ал таңертең ертерек шығып кетеміз! Әзірше, мен қарап отырайын, сен киім-кешектерін дайындай бер!
Төр жаққа шалқалай жата кетті. Кемпірі дастарханды жиыстырып, ыдыс-аяқты жуды да, немересінің киім-кешектерін жинастыра бастады. Көзінен тарамдалып аққан жас тыйылар емес. Іштен шыққан шұбар жылан емес пе, біртүрлі қимайтын сияқты. Шалына тоқтау айтайын десе, оның да жөнін таба алмай әлек. Бүгінгідей болса, көз жазып қалып, масқара болам ба деп те ойлайды. Сондықтан кесіп-пішіп ештеңе айта алар емес. Әйтеуір, бар қолынан келгені көз жасына ерік беріп, ағыл-тегіл жылады.
Ақсақал әбден қалжыраса керек, жастыққа басы тиісімен көзі ілініп кетті. Біресе пыс-пыс, біресе пыр-пыр етеді. Түс көріп жатса керек, анда-санда «Дәниәл... Дәниәл... қайт... қайт!..» — деп сөйлеп те қояды. Әлден уақытта шошына басын көтеріп алды да, жалма-жан немересі жаққа көз тастады. Оның қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқанын көріп, қайтадан жастыққа бас қойды. Кемпірі қол орамалымен көзін сүртіп жатып, еріксіз езу тартты:
— Не болды? — деді ақырын дауыстап.
Ақсақал басын да көтерместен:
— Түс көріп жатыр екенмін. Тағы қашып кетіпті! — деді сүлесоқ жауап қайтарып. — ұйықтап қалсам, байқай салшы!..
— Жақсы, алаңсыз ұйықтай бер! Керек болсаң, өзім оятармын!..
Әңгіме шорт үзілді. Ақсақал «қор-қор» етіп ұйқыға басты да, кемпірі жол қамына кірісті.
Кешкі асқа Даниял қыңсыланып тұрмай қойды. Атасы мен әжесі одан сайын сезіктене түсті. Тамақ ішіп, дастарханды жиыстырып, төсек салып болған соң кемпірі:
— Сен ұйқыңды қандырып алдың ғой! Азырақ отыра тұр, мен сәл мызғып алайын! — деді шалына сынай қарап.
— Иә, жарайды! — деп келісе кетті ақсақал сөзге де келместен. — Бәрін дайындап қойдың ба?
— Иә, бәрі дас-дайын!
Сырт киімдерін шешті де, орнына барып жатты. Ақсақал бәйбішесін жаңа көргендей оған тесіле қарап аз-кем отырды да, терең ой теңізіне сүңгіп кетті.
Екеуінің өз алдына отау тігіп, шаңырақ көтергендеріне де тұп-тура қырық бес жыл толыпты. Сынаптай сырғыған уақыт-ай десеңізші, көрген түстей зымырап өте шығыпты! Ол кезде мөлдіреген жап-жас қыз еді, қазір жүзін әжім торлаған қара кемпірге айналған. Жарты ғасырдай өмірін бірге өткізді, жақсылықты да, жаманшылықты да көрді, баршылықты да, таршылықты да бастан өткерді. Өзіне ақ-адал жар, ұлдарына мейірімді ана болды. Мінезі де сондай ашық, сабырлы, төзімді, ақылды әйел. Тек үлкен ұлының қазасы өмірін ойран-асыр етіп, жан-жүрегін оңдырмай жаралап кетті. Содан бері күндіз-түні көзінен жас құрғамайтын болды. Қазір ешкіммен ашылып сөйлесе бермейді, томаға тұйық жүреді. Оңашада ой қармап, мұңға батып отырады. Мына жалған дүниеден көңілі суй бастаған сияқты. Артық-ауыз сөз түгіл, әзіл-қалжыңды да көтере алмайтын болды. «Енді қайтсін, — деп қояды іштей күбірлеп, — Баласының артында қалу кімге оңай тиеді дейсің?! Өлмеген соң жүрміз ғой әйтеуір, сары сүйегімізді сүйретіп. Ее... ееее... көрер азабымыз бұл ғана емес екен. Үлкен ұлдан өлідей айырылдық, ал кіші ұлдың көрсетіп отырған шыжығы мынау!.. Туған немеремізден тірідей айырылып... жо... жоқ... суынып... ол бізден безініп, біз одан... жерініп отырмыз!.. О, тоба-ай!.. «Көресіңді көрмей, көрге түспейсің!» деген осы да».
Кейінгі кездері ыңқыл-сыңқылы көбейе түскен кемпірін оятуға қимай, не де болса осы түнді ұйқысыз өткізуге бел байлады. Бірақ, ойлағаны жүзеге аса қоймады, түнгі үштердің кезінде бәйбішесі өзі тұрып алды.
— Шаршап жүрсің ғой, демала берсеңші! — деген сөзіне де құлақ аса қойған жоқ.
— Жол ұзақ, қайта бірер сағат болса да өзің тынығып ал! — деді жанашырлық танытып.
Кемпірінің сөзін құп көріп, төсегіне жантая кеткен, көзі ілініп кетіпті.
— Шал-ау, тұр, уақыт болды! — деген дауыстан оянып кетті.
Жаңа ғана жатқан сияқты еді, таң атып қалыпты. Дастархан жасаулы тұр. Әншейінде түске дейін ұйықтайтын Даниял да тұрып алған, екі езуі екі құлағында, тойған түлкідей жылмаң қағады.
Жуынып-шайынып, шайларын ішіп алды да, сыртқа шықты. Әжесі немересімен қимай қоштасып, бауырына қыса солқылдап тұрып жылады. Ақсақалдың да көңілі қатты бұзылды, жүрегі шаншып-шаншып өтті.
Әкімшілік ғимаратының алдында ауыл мен аудан арасына қатынайтын көк микроавтобус күтіп тұр екен. Жолаушылардың да қарасы аз емес, лезде толып қалды. Қаба сақалды жүргізуші автобусты бір-екі мәрте бебілдетті де, орнынан қозғала берді.
Аудан орталығындағы автобекеттен түскі ас ішіп алып, бесін кезінде Алматыға баратын үлкен ақ автобусқа келіп отырды. Жол бойы ақсақалдың жүрегі сыздап ауырып, кеудесі қысып, әбден мазасы қашты. Ертеңінде таңғы алтылар шамасында өліп-талып Алматыға да келіп жетті-ау! Даниял тағы да таң атпай оянып алды. Қуаныштан жүзі бал-бұл жанып, көкшіл көзі күлім қағады.
Такси ұстап, бірден құдаларының үйіне тартты. Күн жексенбі болғандықтан ұйқыдан әлі тұра қоймапты. Қоңырауларын бебеу қақтырып, әрең оятып алды. Алдымен құдағиы, артынан құдасы көрінді. Даниял жүгіріп кіріп, алдымен нағашы апасын, сонан соң нағашы атасын бас салды. Құшақтасып-сүйісіп, мәре-сәре болды да қалды. Өзара емен-жарқын шүлдірлесіп те жатыр.
— О, куда, калиниз калай? Амансыз... ма? — деді секпіл бет сары құдағиы. Ал құдасы мойнына асылған жиенін құшақтап тұрған бойында:
— Здравствуйте! — деді мұрнынан міңгірлеп.
Ақсақалдың жыны ұстады. Кері бұрылып тайып тұрғысы келді де, ұятты ойлап, өзін-өзі әрең тоқтатты. «Тақ әкеңнің аузын ұрайын!.. Сенің тәрбиеңді көрген мынау қайдан оңсын!» деп қойды ішінен бір сыбап алып. Құдағиы асты-үстіне түсіп, бәйек болып-ақ жатыр. Оның өзі қазақ тілін шала-шарпы біледі, ал құдасы мүлде мақұрым. Іс-әрекетінен қазақылықтың иісі де сезілмейді.
— Калай жеттиниз... куда? — деп құдағиы жөн сұрап жатыр.
— Жақсы жеттік! — Қысқа қайырды.
— Журсенизши... кирсенизши!..
Құдағиы табалдырық жақта состиып тұрып қалған ақсақалды залға ертіп кіріп, жұмсақ диванға жайғастырды да, телевизорды қосып беріп, өзі шай қамына кірісті. Құдасы ләм-мим деп тіл қатпастан жиенімен қоса секеңдеп ойнап кетті. Бірақ оның барынан-жоғы жақсы емес пе?!. Екеуі тілмаш арқылы болмаса, сөйлесе де алмайды. «Осындай мақұлықтың қызын қайдан тауып алған?!.» — дейді ұлына сырттай кіжініп. Келген сайын көретін күні осы. Құдасы тіл білмеген соң тартына ма, жоқ әлде, өзінің мінез-құлқы солай ма, орысша амандасады да, зым-зия жоғалып кетеді. Тап бір жеп қоятындай-ақ маңайына жуымайды. «Менсінбейді ме» дейін десең, өзі шопыр, ұлының айтуы бойынша, мектептің өзін әупірімдеп әрең бітірген. Соған қарағанда адамдық болмыс-бітімінің шама-шарқы осы болса керек.
Шай дайын болған кезде ғана дастархан басына келді. Алыстан ат арытып құдам келіп отыр-ау деген ой қаперіне кіріп те шығар емес. Даниялды жанына отырғызып алып, аузына жылы-жұмсақ пен тәттіні тыққыштап, соған жағдай жасаумен болды. Ол да нағашы атасына еркелеп, аузы-аузына жұқпай, әлденені әңгімелеп, мәз-мәйрам боп отыр. Анда-санда құшақтап, бетінен сүйіп қояды.
Ақсақалдың көңілі ақтүтек борандай алай-дүлей болды да кетті. Кеудесін қызғаныштың қара мысығы тырналап өтті. Ашу-ызасы қайта қозып, қаны басына шапшыды. «Иттің балаларының жараса қалуын қарашы!» — деді жақтырмай. Ас та бата қоймады. Алды-артына қарамай тұра қашқысы келді. Ар-ұятты ойлап, өзін-өзі зорлағандай бір-екі кесе шай ішті де, құдағиының қолқалауына да қарамастан қош айтысып, шығып кетті. Құдағиы самбырлай сөйлеп жүріп, лифтіге дейін шығарып салды, ал құдасы «Досвидание!» деп дүнк етті де, жиенін ойнатқан күйі үн-түнсіз қала берді.
Лифтінің есігі тарс етіп жабылған сәттен-ақ ақсақалдың жүрегі шанши бастады. Миы солқ-солқ етіп, басы зеңіп қоя берді. Ауа жетпей, кеудесі қысып, тынысы тарылып, демікті де қалды. Көзі қарауытып, құлағы шыңылдады. Есік алдына шыққанша демі үзіліп кетердей жан тері шықты.
Екі-үш қадам жүрді де, немересі балконнан қарап тұрғандай көрініп, елеңдей артына бұрылды. Көңілі алдапты. Адам қарасы көрінер емес. Немересін алыстан болса да бір көріп кетуді ойлап, балкон жаққа телміріп ұзақ қарады. Қандай күштің тартып тұрғанын өзі де біле алар емес, әйтеуір, аяғына біреу ауыр қорғасын байлап қойғандай, тырп етпестен қатты да қалды. Ашуға бой алдырып, бетінен де сүймей, қоштаспастан шыға жөнеліпті-ау! Кенет немересінің нағашы атасымен итше жаласып жатқаны көз алдына елестеп кетті де, көңілі сеңдей бұзылып, бұл арадан қарасын тезірек батыруды ойлап, аялдамаға қарай асыға адымдады. Арт жағынан немересі нағашы ата-апасына қосылып, сақ-сақ күліп, мазақ қылып тұрғандай көрінді. «Шіріген жұмыртқа... Шіріген жұмыртқа! — дей берді іштей күбірлеп. — Шіріген жұмыртқа». Оны кімге қаратып айтқанын өзі де анық ажырата алмады.
Айтуын айтқанмен, кеудесін бір қимастық сезім билеп, көмейіне өксік тығылды. Маңдайынан суық тер бұрқ ете қалды. Тұла бойынан жас сорғалап жатқандай, жейдесі лезде-ақ қара терге малшынды. Жүрегі кеудесін тесіп шығардай сұққылап, жанын мұрнының ұшына келтірді. Жанарына тығылған ыстық жасқа ие бола алмай, жас балаша қыстыға жылап жіберді.
«Е, ит тірлік-ай!.. — деді кеудесін кере ауыр күрсініп. — Итшілеген өмір-ай!..»
Бар дауысымен ашына айғай салды. Көзі қарауытып, жүрегі қатты шаншып-шаншып жіберді. Осы сәт жер-дүние шыр айналып кеткендей болды... Не болғанын өзі де аңдай алмады, әйтеуір бойынан әл, кеудесінен жан шығып бара жатқандай, денесі былқ-сылқ етіп, қос тізесі бірдей бүгіле берді. Көзді ашып-жұмғанша етпеттей құлап түсті. Қара шаң бұрқ ете қалды.
Сол сәт төңіректі қап-қара түнек басты. Қарт құлаған жер өзінен-өзі ойылып жүре берді, алдымен шыңырау шұңқыр, артынша-ақ алып құбыр пайда болды. Ығыбай ақсақал сол құбырдың ішімен жеті қат жердің астына қарай құлдилап бара жатты...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter