01.09.2021
  205


Автор: Алмас Алматов

Ақселеу ағамен соңғы кездесу.

Қорқыт ата университетінің ректоры Байұзақ Көпірбайұлы Момынбаев ағамыз телефон шалып, амандық-саулықтан соң:


 


- Айналайын Алмасжан! Елге Ақселеу, Қойшықара ағаларың келіп жатыр. Қонақтардың кешкі асын жігіттер, «Жігер» мейрамханасында дайындаған екен. Бірге болайық. Ағаларыңа сәлем бер, елдің азаматтарын көрсін - деп, отырмын. Сонда жолығамыз! - деп, қысқа қайырды.


 


Мамырдың соңы, бітіруші студенттердің Мемлекеттік емтихан тапсырып жатқан уақыты еді. Ол кісілер филология және тарих факультетіне мемлекеттік емтиханның төрағалары болып шақырылғанын білдім. Ойланып қалдым... Айтқан уақытына келсем, қонақтар дастархан басына енді жайғасқалы жатыр екен. Бұрыннан таныс, өзім сыйлайтын жазушы, ғалым бұл кісілер көңілімде ерекше орын алатын. Сәлемдесіп, жай-күй сұрасып дастарханға жайғастық.


 


Ахаң басталған әңгімесін аяқтауға бейімделді. Өздерін қарапайым да, тәулсіз ұстайтын жандардың айтар ойлары да еркін, тыңдарманға ұғымды, сөздерінің халықшылдығы басым, бірінен-бірін артық-кем деуге келмейтін ділуәр, шешен. Байекең мен Ахаң Алматыда жұмыстас, сыйлас дос болған жандар. Отырыс оңынан болып, талай әңгімелер айтылды. Қалған кеңестерді алдағы күндерге қалдырып, қонақтарды шығарып салған соң жігіттерден:


 


- Ал, азаматтар бұл кісілерге басқа қандай бағдарламаларың бар? - деп, сұрадым. Жігіттер күнделікті жұмыс жағдайындағы іс-шараларын айтты...


 


Үйге келгесін қонақтардың жағыдайын апама (анамыз Төлеу Төремұрат қызы, 1925-2014 ж.) баяндадым. Оның себебі, 2006 жылы желтоқсан айында үлкен ағамыз Серік Алматов (1952 ж.) кенеттен қайтыс болып жатқанда, облыста іссапармен жүрген Мырзатай Жолдасбеков, Ақселеу Сейдімбек, Жүрсін Ерман, Несіпбек Айтов ағаларымыз отбасына кіріп, апама көңіл айтып шыққан еді. Мырзатай ағамыз сөз бастап:


 


- Ал, жеңгей. Балаңыздың артының жақсылығын берсін. Қайғыңызға ортақпыз. Туған анасынан жақын балаға жан бар ма? Берік болыңыз. Қалған балалары мен отбасына амандық берсін! - деп, кідірді.


Апам:


 


- Алланың жазуы, айналайындар, рахмет! Көшке ерген бір нар тайлақ мерт болды. Біз баладан айрылсақ, сіздер ініден айрылдыңыздар. Сіздерге де қайырлы болсын. «Төгілген – топырағымен толмайды» шырағым, тәуба дейміз. Жылағанмен қайтып келген жан жоқ... Бүгін қонақ асы. Ауыз тиіп аттанарсыздар - деп, апам маған қарады. Басымды изеп: «Бәрі дайын», - дегенді білдірдім. Қонақтарды Қазбай Құдайбергенов ағамыз бастап арнаулы үйге кіргізіп жайғастырдық. Дастархан басына жайғасқан соң Мырзекең:


 


- Ойпырмай мен елдің ішінен талай аналарды көрдім. Мына кісінің бітімі бөлек жан екен. Өз анам мен Әбіштің анасы мен үшін биік тұлға болып қалып еді. Бұл кісі де соның қатарындағы жан екен. Қайғысын ішіне жұтып, бізге көңіл айтып, өзімізді жұбатып отыр-ау десе, Ахаң:


 


- Ол кісінің қайғы түсіп, қара жамылып отырғанда айналасын қас-қабағымен басқарып отыруы қазақ әйелдерінің бойындағы асыл қасиеттері - деп. жатыр... Сол күндерден соң Ахаңның Сыр бойына келуі...


Апам:


 


- Не ойың бар? - деді.


 


- Отбасынан қонақасы беру керек болар?- дедім.


 


- Онда, аса жұрттан келе жатқан сыйлы адамдар, дайындығың сай болсын. Шырағым, біреудің ойына келмейді, біреудің қолынан келмейді. Әкеңнің «Бастабағын» - жаса! - деді... Әкеміз 1975 жылы қайтыс болған. Ол кісінің нені мегзегенін түсіндім...


 


- Мақұл! - деп, келіні мен екеуміз таң ата іске кірістік. Әйелдің өз шаруасы басталды, өзім қонақ шақыруға кеттім. Ертелетіп ректордың қабылдауына келдім. Байекең есіктен кіргеннен:


 


- Ай, айналайын жырауым! Кеше ағаларың жырыңа риза болды. Рахмет! - деп, жатыр. Ал, шаруаңды айт, - деді.


 


- Байеке, Сізден қонақ сұрап келе жатырмын. Ахаң мен Қойшекеңе арнап жайылған дастархан, кімді қосасыз ол өз билігіңізде, - дедім. Екі қолын құлаштай жайып, рахаттана күлген асыл аға:


 


- Алмасжан-ау, маған бұны осы уақытқа дейін ешкім айтқан жоқ қой?! Кәне, қанша адамға дайындығың бар? - деп, жатыр.


 


- Байеке, тоғыз қанат киіз үй. Отыз адамға дейін кең жайғасады. Толық дайындықтамыз - дедім.


 


- Онда, ағаларыңа айтайын - деп, телефонға қол созды.


 


- Байеке, Сізбен келістім. Ел азаматтарын өзіңіз шақырыңыз. Ол кісілерге, өзім барып айтайын. Сонда, мазмұнды шығады, - деп, тоқтаттым. Факультетке соғып, үзілісте ағаларыма жолығып, келісімін алдым. Өзім басқарып отырған дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының өнерпаз қыз-жігіттерін толық шақырдым. «Келіңдер, ел ағаларының жақыннан әңгімесін тыңдаңдар. Өнерлеріңді көрсетіңдер», - деп.


 


Жұмыс аяғына қонақтарды алып Байекең келді. Апам жасауланып киініп, киіз үйдің оң қапталында дастархан басында отырған. Қонақтар сәлем беріп, төрге орнықты. Іле-шала Сейілбек Шаухаманов, Мұрат Мұхамедов бастаған облыстың азаматтары келіп, ордалы кеңестің көрігі қыза жөнелді... Ақселеу ағамыз ағыл-тегіл әңгіменің тиегін ағытып, ән мен жырға ұласқан думанды кешке айналды... Дастарханда қадірлі қонақтарға қарама-қарсы жайғасқан өнер саңлақтары Шолпан Биімбетова, Мақпал Шакирова, Күнсұлу Түрікпенова бастаған қыз-келіншектер ағаларына шәй құйып отырып, түннің түндігін әнмен серпіп, жырмен желпілдетіп жатыр. Серік Жақсығұлов, Қайрат Жәлімбетов, Руслан Ахметов, күйші Алдияр Шағдаров, Нұртілек Ақтаев бастаған жігіттер тобы өнерлерін ортаға салмаққа жүйрік аттай жұлқынып білек сыбана кірісті. Өзіміз, босағада тұрмыз. Ризашылығын жасыра алмаған Ахаң:


 


- Ойпырмай Алмас! Бүгінгі кеш Қояндының жәрмеңкесіндей әсерге бөледі-ау. Біздің де, іздеп келгеніміз осы еді. Сырдың елі дегенде, алдымен қаймағы бұзылмаған мың жылдық өркениеттің мұрагер ұрпағы, Қорқыттан өздеріңе жеткен киелі жыр өнерінің бүгінгі жәй-күйі қалай екен деп, ойланушы едім, рахмет! Бұл өнер – өлместің кебенегін киген екен. Бұл сенің талмай ізденісіңнің жемісі. Алмас, Құдайдың өзіңді бізден артық жаратқан жері бар - деп, босағада тұрған маған найзадай шаншылып, төрден тіке қарады. Әр сөзіне қарауыл қойып сөйлейтін, сұңғыла жанның салмақты ойының ақырын күттім...


 


- Біз, қалаға ерте кірдік. Оқыдық-тоқыдық. Балаларымыз да қалалық болып өсті. Қалалық болып қаламыз. Сенің бағың – өз еліңнің ортасында, Сырдың бойында өстің. Біз, Қойшекең екеуміз халқымыздың тарихын, өнерін, этнографиясын жазамыз. Сен, ол туралы айта да білесін, жаза да, сол айтқаныңды жасай да білесін. Өзіңнің ортаңда - өмір сүресін. Неткен ғажап көрініс! Тоғыз қанат ақ орда, жас өркен жыршы, жыраулар. Белдеуде ат, құмай тазы... Қазақ өмірі – осылай болған. Өзіңді, 1990 жылы Алматыдан Қызылордаға қайтып кеткеніңде, бекер жасады-ау деп, ойлап едім. Көп жұмыс бітіріпсің. Университеттен кафедра ашып, 0621-«дәстүрлі өнер-жыр» мамандығының мемлекеттік стандартын жасап, классификаторға енгізу, (Авторы: А.Н.Алматов.1998 ж.) бұл – бүтін бір, институттың жұмысы. Біз, оны Байзақ екеуміз білеміз. Рахмет! Шәкірттеріңе ырза болдым, - деп, сөзін қорытты. Үлкен астың тартылатын уақыты келді. Інім Ораз, құлағыма сыбырлап:


 


- Алеке, «Бастың табағын» өзіңіз көріп өтіңіз, «генералдан» (апамды айтады) ескерту алып қалмайық, - деп, жатыр. Көріп өттім, бәрі жақсы.


 


- «Бастың табағын» өзің көтеріп, екі кісінің ортасына қой. Қалған табақтарды жолы мен қонақтардың ыңғайына қарап тартарсың - деп, тапсырма бердім. «Бастың табағына» сүрленген түйенің жамбасы, қалақ өркеші және сүр жылқының жамбасы, бүтін қазысы, жал-жаясы мен қойдың жамбасы, кәрі жілігі мен үстіне құйрығын бүтін салып, оның үстіне бас қойылдып, «бастың табағы» осылайша, қонақтарға бөлек тартылды. Ахаң мен Қойшекең табаққа назарын салып, Ахаң:


 


- Алмас, мынау не табақ? Мәнісін түсіндір - деді.


 


- Ақселеу аға, Қойшықара аға, қош келдіңіздер! Жарықтық әкеміз:


- Қу табаққа бас қойып, қонаққа ұсынбаңдар. Астың кәдесі, бастың қасиеті қашады! - деп, отырар еді. Сіздерге «бас табақты» жасатып отырған – анамыз Төлеу Төремұратқызы, - деп, апамды нұсқадым. Көз қиығым апамда, ол кісі де ризашылығын білдіріп, қабағын керіп қойды.


 


- Табақтағы түйенің жамбасы, өркеші ол – сіздерге апамның сандығында сақталған соғымнан сыбаға. Жылқының жамбасы мен жал-жаясы келініңіздің соғымнан сақтаған сыбағасы. Үстіндегі қойдың жамбасы мен құйрық, басы өздеріңізге арналған қонақасы, - деп, түсінік бердім.


Ахаң:


 


- Ойпырмай Алмас, шынында келілеме етке үйреніп, басты жетім қалдырып жүр екенбіз-ау!? Біздің Арқада... әңгімесін айта отыра асқа қол созды. Үй толы қонақтар үлкен астың кәдесіне кірісті. Қонақ күту, біздің шаңырақтың Алла бұйыртқан несібесі. Бүгінгі қонақтың бас қолбасшысы – біздің анамыз. Сол сыннан мүдірмей өту үшін әйеліміз екеуміз босағада аяғымыздан тұрмыз. Бүгінгі тәртіп солай. Ордалы төріңді толтырып отырған құрметті қонағың мен дос-жараның тірліктің салтанаты ғой.


 


Әкеміз Нұрмахан қожа (1900-1975 ж):


- Шырағым, арнайы қонақтың үш түрі болады. Той қонағы. Қой қонағы. Ой қонағы. Құдайы қонақ – қайыр, сахауатыңның мейманы. Той қонағы – шақырушы жібересің, болмаса біреуден-біреу есітіп келе береді. Жарты бауырсақтан ауыз тисе риза, «тойдан ауыз тидік», - деп, батасын беріп тарап жатады. Қой қонағы – «Қожекеңе сәлем берейік», - деп арнайы келеді. Бір малыңды сойып қонақ асын беріп, батасын алып аттандырасың. Ой қонағы – шырағым, ел ішінде ғұлама ишан, молла, шежіреші қария, ақын-жыраулар бар. Отыңның басына олар келсе, босағаңнан ырыс-несібе бірге кіреді. Олардың айтқан сөздерінде бүтін мұсылман баласының еншісі бар. Соның ішінде өзіңнің де, сыбағаң бар - балам! - деп, жіктеп түсіндіріп отырар еді...


 


Сол айтқан, «ой қонағы» – Ақселеу аға мен Қойшықара ағаның әрбір сөзінен енші алғандай, ғылым мен өнер жолында жүрген жастардың қуанышы айрықша сезіліп отыр. «Бас табақтан» әр табаққа үлес таратып отырған Ақаңның әңгімесі, қазақтың салт-дәстүрінің айналасында болып жатыр... Ас желініп болған тұста Ахаң:


 


- Алмас жан, рахмет! Табақ алынсын, - деп, ыңғай білдірді.


 


- Ақселеу аға, табақтың сәл кідіретін реті болып тұр. Біздің елде «хан сарқыты» кәдеміз бар. Сыртта он жігіт, он келіншек, қыздар ағалардың қолынан ет асасақ деп дәмеленіп тұр, - дегенімде, қолын сүртіп қойған Ахаң сылқылдап күліп:


 


- Ойпырмай Алмас! Бұл кәдені біз, ертеректе Сәбеңнің үйінен көретін едік. Мынау тамаша болды- ғой деп, оңтайланып отырып, табаққа қолын созып:


 


- Келсін! - деп, жүзі нарттай жанып, мейрімін төгіп тұрды қайран аға.


 


Қыздар да сымға дізілген қарлығаштай кезекке тұра қалды. Қойшықара аға алпауыт жігіттерге қарыштатып, ет асатып жатыр. Соңы, немерелерімізге дейін асыл ағалардың қолынан ет асадық.


 


- Қасиетіңнен айналайын, Сыр елі! Осы ниетің-ғой, көгеріп-көктеп отырғаның! - деп, Ақаң қолын сүртіп отырып тебірене сөйледі... Әулеттің келіндері өздерінің жол-реттеріне сай табақ алып, иіліп сәлем жасап жатты... Апама қарасам, ол кісі де ризалық күйде отыр екен. Қол жайып бата алдық. Бұл, Ахаңның бізбен сол жаздағы қоштасу сапары екен... Әкеміздің: «Оһ, дарих! Қадірін білген жанға, адам қымбат-ау!», - деп, отыратын әпсанасы ойыма түскен сайын, өзектегі сағыныштың өксігі алқымыңа тіреледі.


 


Білгенге ажал мирас, арман қиғаш,


Пенденің екі ортаға басы сыймас.


Қайтпас жол, қараңғылық қадам басып,


Оһ, дарих! Кетіп жатыр небір қимас...


 


- дегендей, Ақселеу, Байзақ ағаларымыз бірінен соң бірі, өмірден озды. Асыл анамызды мәңгілік мекеніне аттандырғанымызға да, жыл толды. Алла, ол кісілерді иман сауабынан жарылқағай да!


Астана. 29.08.2015ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу