31.08.2021
  210


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Шақырмаған тойға амалын тауып бару

Бір күні Жұқа әйелімен ұрсысып қалып, әйелін таяқпен төпештей жөнеліпті. Әйелі ойбайлаған қалыпта көршісінің үйіне қашып барыпты. Осы кезде бұл үйде той болып жатады екен. Жұқа той болып жатқан жерге әйелін артынан қуа келіпті. Үй иесі мен қонақтар оған басу айтып:


— Өзіңіз бізге әйел адамның ақылы қысқа болады деуші едіңіз ғой, қойыңыз, қайтесіз оны, — депті. Жұқаның біртіндеп ашуы басылыпты. Үй иесі Жұқаға қарап:


— Жұқа мырза, сізге қатты ұяттымын, бүгінгі тойға сізді шақыра алмай қалдым. Бүгін кілең жастар келеді, олардың шуы көп, мазаңызды алар деп ойладым. Келіп қалған екенсіз, тойдың тағамынан ауыз тиіңіз, — депті.


Тағамдар тартылыпты, Жұқа төрге отырып алып, тағамдардан тартынбай жей беріпті. Алдына палау келгенде арт-артынан қарбыта асай түсіп, табақтың өзіне қараған жағын бір демде тақырлап жіберіпті. Сонан соң табаққа тесіле қарап отырып:


— Япыр-ай, әлгі қатын қайда бұғып алды екен, қолыма түссе құлағынан ұстар едім де, мына табақтай айналдырар едім-ау, — деп табақтың тақырланған жағын тайқытып жіберіп, желінбеген жағынан тағы асағалы тұрыпты. Көпшілік күліп кетіп:


— Жұқа мырза ашуланғанда да қалжыңын тастамайды екен-ау, — депті. Жұқа тамақтанып болып бір шыны шайды қолына алып, көпшілікке:


— Мен бұл жерде бүгін той болатындығын, тойда мен ең жақсы көретін тағамдардың да әкелінетінін білуші едім. Бірақ бұлар мені тойға шақырмады. Сонан соң әйеліммен ақылдасып осы амалды тапқан едім. Әйелдер отырған үйдегі әйеліме айтып қойыңдар, мен әбден тамақтанып болдым, енді қайтып кетейін, — депті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу