Аңыздар ✍️

  31.08.2021
  413


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Ханшайым

Бір жылы Кенесары қалың қолымен Арқаның Бетпақдала жақ жапсарындағы Болат, Тайатқан, Шұнақ, Мұңлы, Қулы тауларын тұрақ етеді. Бұл жерлер Шұбыртпалы, Тарақты, Тама руларының іргелес қонып жайлайтын мекені.


Сол жылы Кенесары інісі Наурызбайдың жанына қырық жігіт қосып, Кіші жүздің Тілеуқабақ деген ірі байына аттандырып, жасағына жұмсайтын мал алдырмақ болады.


Наурызбайдың от пен судан қайтпай жалындап тұрған кезі. Оның үстіне қаһарлы ағасына арқа сүйейді. Сонсоң да батыл қимылдап, Үшбурыл өзенін қиып өтіп, Тілеуқабақтың үш қос жылқысын айдап, жөнелсе керек. Сол кезде Тілеуқабақтың ер жеткен Әлі, Мұса деген екі ұлы, Қаншайым атты ақылына көркі сай қызы болады екен.


Қолды болған малының соңына түскен Әлі мен Мұсаны Наурызбай жалғыз өзі қарсы алып, екеуін де қуып тастайды. Сонда, намысқа шыдамай Қаншайым атқа мініп, Наурызбайды жекпе-жекке шақырады. Күш-қайратына сенімді Наурызбай қызға қол көтеруге намыстанып, Қаншайымды сөзге тартады. «Қол көтеріп қарсыласатын емес, құшақ ашып жар ететін жан екенсің», — депті Наурызбай. Сонда Қаншайым: «Құшақ ашып жар етсең, басыңа басым тең, Наурызбай! Бірақ ата салтынан үлкен емессің, өлетін мал мен тозатын дүниенің жолында аруаққа шет болмағайсың!» деген екен.


Сол жолы Наурызбай Қаншайымның ақыл-парасатына тәнті болып, көңілі құлай беріліп, жылқыны өз өрісіне кері айдатады. Сонан соң Тілеуқабаққа кісі салып, құдалық сөйлесіп, ақыры Қаншайымды алып қайтады.


Қаншайымның келін болып түскен жері Болат, Тайатқан, Шұнақ тауларының Бетпақдала жағындағы Майтөккен деген жер. Кенесары соңынан ерген жалғыз інісінің бас құрауына ұлан асыр той жасайды. Көп мал сойылып, ақ май ағып, майлы сорпа көп төгілген осы жұрт кейін Майтөккен аталып кеткен.


Наурызбайдың үйлену тойы дүрілдеп өткен соң, екі жасқа арналып алтын үзікті ақ отау тігіледі. Ел-жұрт Наурызбай мен Қаншайымға ақ тілеу айтып, оң аяқпен босаға аттатады.


Жортуылда жүрген елдің ұйқысы сергек, етек-жеңі жинақы болатын әдеті ғой. Бірде, Наурызбай ерте тұрып, жасақ қосын аралауға кетеді.


Сонда, сыртта жүрген Кенесары отау үйдің жанынан өтіп бара жатып жабықтан қарап еді дейді. Бұл кезде Қаншайым отау ортасына қойылған жез леген үстінде суға түсіп тұрса керек. Кенесары өңі жылып, жымия күлген қалпы бұрылып кетеді.


Ханның осынау тосын қылығын байқап тұрған бәйбішесі «мұның не?» деп сұрағанда, Кенесары: «Бір шүйкебасқа бола құр қол келгені қалай деп пұшайман болып жүр едім, Науанымның қосағы үш қос жылқыға тұрады екен!» — депті.


Бұл сөзді естігенде ханның ырымшыл бәйбішесі: «Апыр-ай, көзің жаман еді, сұғың өтер ме екен, түкір, түкір!» — деп шырпыр болады.


Айтқанындай, арада үш күн өткенде ару Қаншайым аз сәтте қарайып дүние салады.


Ел-жұрт күні бүгінге дейін Қаншайым сұлуға Кене ханның көзі тиіп еді дейді...


...Осы оқиғаны бала кезінде жалықпай тыңдап өскен Ықылас есейген шағында күй етіп тартып, оны «Қаншайым» деп атаған. «Қаншайым» десе дегендей, күй мейлінше нәзік сырлы, сұлу бітімді. Қарапайым ғана қайырымдары тыңдаушы көкірегіне тез қонақтап, бірер толғамда тез жатталып, күй тынған соң да әсем сарыны қайта жаңғырығып соңынан қалмайды. Әсіресе, жалқы ішекпен сыза қайыратын тұстары Қаншайымдай арудың ойлы мұңға батқан парасатты тұлғасын санаңа ұялатқандай болады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу