Аңыздар ✍️
Хан әз Жәнібек пен қыз
Әз Жәнібек хан тоғай ішінде аң аулап жүргенде жолдастарынан бөлініп оқшаулау жүріп бір күркеге кез болады. Хан атынан түсіп, күркеге кіріп келсе, шашын тарап бір қыз отыр екен. Қыз:
— Апыр-ай, ауыз демей кірген соң қапаланып қалдым-ау! — деп, орнынан түрекеледі.
Хан:
— Атаңыз қайда? — деп сұрайды. Қыз:
— Алты аяқтымен аңға кетті, — дейді. Хан:
— Анаңыз қайда? — дейді. Қыз:
— Сегіз аяқтымен дәмге кетті, — дейді де:
— Өзіңіз кім болдыңыз? — деп сұрайды. Хан:
— Мен әз Жәнібек хан боламын, — дейді.
Екі арадағы әңгімеден кейін әз Жәнібек хан үйіне келіп билеріне айтады. Өзі де, оның билері де қыздың бұл сөзіне түсіне алмайды. Сол кезде Жиренше жас жігіт екен. Хан бұл сөздің шешуін Жиреншеден сұрайды. Жиренше:
— Қыздың әкесі бір құс, бір тазы ертіп аңға кеткен екен. Шешесі буаз інген мініп тұзға кеткен екен, — депті. Хан қызығып, қызды алмақ болып жаушы жібереді. Әкесі қызды ханға бермек болады. Қыз әкесіне:
— Беріңіз, тек қалың малымды өзім сұраймын. Менің қалың малыма он бес лақ теке, жиырма бес қошқар, отыз бес бұқа, қырық бес айғыр, елу бес бура, алпыс ақ бас атан берсін! — дейді. Жаушы қыздың осы сөздерін айтып қайтып келеді. Хан сөзге түсінбей, қыздың сұрағандарын әзірлетіп жатады. Бұл хабарды естіп ханға Жиренше келеді. Жиренше:
— Қыздың сөздері мағыналы сөздер. Оның мағынасы он бес — лақ текедей едің, жиырма бес — қойды иірген қошқардай едің, отыз бес — өкіретін бұқадай едің, қырық бес — азынайтын айғырдай едің, елу бес — күркіреген бурадай едің, алпыс — атан болдың дегені, — депті. Хан бұған түсініп, Жиреншеге бір тұлып алтын апарып беріпті деседі кәрі құлақ қарттар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter