Әңгімелер ✍️
Үйдің ауасы
Шілде айларының шыжыған ыстық бір күнінде иттер шабаланып қоя береді. Кедей үйінің киізінде жыртық тесігі аз болсын ба? Болат тесігінен сығалап қараса, бір топ салт аттылар үй сыртына жақындап қалған екен. Қасында ауылдың би, шоралары бар старшинасы екенінін танып, жалма-жан алдарынан шығып, аман-саулық сұрасқаннан кейін:
— Қош келдіңіздер, үйге түсіңіз, — дейді Болат.
Бұлардың ішінде бейтаныс, жасы елулер шамасында біреуі болады. Киіну әлпетіне қарағанда, сұлтан тұқымынан екені байқалып тұр. Ол ақ жібек орамалмен желпіп тұрып, қабағын тыржита Болатқа қарап:
— Сіздің үйдің ауасы жақсы ма, салқын ба, — деп мошқал сұрай бастапты. Қасында тұрғандар да бұған «Болат не деп жауап берер екен» дегендей Болатқа қарасады.
Болат:
— Жер мен көкке көз тастап тұрып, мына біз тұрған жер мен сонау көк аспанның екі ортасы менің жыртық үйімнің кеңдігінен аумақты болу керек. Соншама кеңшіліктің ауасын сізге тапшылық етіп тұрғанда, менің үйімнен не рахат таппақсыз, — деп мырс етіп күліп жіберіпті.
Бейтаныс әкім өзінің кеудіреген шалдан сөз таппай жеңілгендігіне қатты сасып, әрі ыза болып:
— Біз сенің үйіңнен қонақасы жеп қарқ боламыз деп те келгеніміз жоқ еді-ау. Жол сұрап келдік, — дей салыпты жалтара сөйлеп.
Болат беттеріне таңдана қарап:
— Сіздер сияқты ұлықтар сұрағанда амал қанша? Мына төккен күлдің ар жағында екі сары қасқа жол бар, таңдауын алыңдар, — депті.
Бейтаныс әкім төре руынан, управитель екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter