Аңыздар ✍️

  30.08.2021
  240


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Тепеңкөк (І нұсқа)

Тепеңкөк әу баста бір байдың қойға салған шабан аты екен. Мың салса бір баспайтын шабандығына бола Тепеңкөк атанса керек.


Күндердің бір күнінде тақымында жүрген Тепеңкөкке жұрттан асқан бір сыншының көзі түседі. Сыншы Тепеңкөктің алды-артына шығып, сұқтана қарап тұрып: «Апыр-ай, осы заманның жылқысы азды ма деп жүрсем, жоқ, менің көзім тозған екен ғой. Мына жануар бүйірімді қыздырсаң, бәйгеден келем деп тұр ғой!» — дейді.


Бұл сөзді естіген қойшы: «Бәрекелді, қойға да жете алмайтын Тепеңкөкке қайдағы бәйге!» — деп күледі.


Сыншы сол бетінде ат басын байдың үйіне тірейді. Сөз арасында сыншы: «Байеке, қырық жылда бір туатын ерен жүйрікті қор қылып, қойға салып қойғаныңыз қалай?» — деп сұрайды байдан.


Бай бұл сөзді көңіліне алып, сыншы келеке етіп отыр-ау деген оймен: «Шын жүйріктің қырық жылда бір туатыны рас болса, сол қырық жылда ортаймайтын дәулетім бар. Менен жүй рік жылқы көргің келсе, қырық жылдан кейін кел!» — деп қырыс қабақ танытады. Сонда сыншы: «Байеке, көңіліңізге алмаңыз, мен шынымды айтып отырмын. Шыққыр көзім шықпаса, қойшының астындағы Тепеңкөк алдына қара салмас жүйріктің өзі. Тек, бабын білмей жүрсіздер. Тепеңкөк бүйірі қызбай шаппайтын, арқасы қозбай арындамайтын ат. Сол үшін, бәйгеге қосарда екі қоржын басы құм теңдеп алу керек. Әрі-бері шапқан соң құлағының түбінен тер білінер. Тер білінген соң-ақ Тепеңкөктің бауыры жазылып, созыла шабуға тиіс. Сол кез де қоржын түбін өткір кездікпен тіліп жіберіп, құмын төксе, сонан соң аруағын көтере ұрандап, айқайға салып отырса, Тепеңкөк сақпанның оғындай заулар еді!» — дейді.


Сыншының айтқан сөзіне бай құлақ асып, бәйгеге қосады. Жай қоспайды, аяққаптай ала қоржынға құм теңдеп қосады. Айтқанындай, сол жолы Тепеңкөк небір желаяқ жүйріктерге шаң қаптырып, жалғыз қара болып бәйгеден келіпті. Осыдан кейін бабы табылған Тепеңкөк бәйгенің алдын бермейтін болыпты дейді.


Мына күй сол Тепеңкөктің шабысын келтірген, арасында ат үстіндегі баланың ұрандаған айқайын білдіретін күй екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу