Аңыздар ✍️
Телқоңыр (ІІ нұсқа)
Дәулеті шалқыған, елге беделі артқан бір ұлықтың төскейді жайлаған қаптаған қалың жылқысының ішінде мәпелеген қоңыр тұлпары болыпты. Қоңыр ат қамыс құлақ, тік бақай, бөкен қабақ, сіңірлі, алыс адымды зор денелі аттың сұлуы атанады. Ұлық қоңыр жүйрікті кермеге байлап сылап-сипап, мәпелеп күтуші қойып, түнде күзеттіріп бақтырады. Тұлпарды ауыл арасында емес, ел ішінде бас қосатын ұлы дүрмекке ғана мініп, ру-руды қамтыған үлкен тойларда бәйгеге қосады.
Ел ішінде жылқыға арнап тартылып жүрген күйлердің бірде-бірін қоңырдың жүйріктігіне тең көрмеген ұлық: «Қоңыр аттың жүрісін күйге түсірген домбырашы болса атан түйе жетектетіп, ат мінгізіп, киіт кигіземін», — деп бүкіл елге жария шашады. Талай күйді тамылжыта шерткен күйшілер хал-қадарінше күй шығарады. Бірақ күйшілердің ойланып-толғанып шығарған күйлері ұлық көңілінен шықпайды. Ел ішіне аңызға айналған бұл оқиғаға құлақ құрышы қанған көршілес рудың ұлығы қоңыр жүйрікті ұрлап алмақ болады. Бір қу жігіттің қасына асқан шебер домбырашы қосып, қоңыр жүйрікті ұрлап әкелуге аттандырады. Ұзақ жол жүріп шаршаған екеуі ел шетіне келгенмен мақсаттарына жете алмай дал болады. «Онда не бар дейсің тәйірі! Аламыз да қайтамыз», — деген ойлар құр үміттің бұлаңы болады да шығады. Ұлық ордасының қасындағы кермеге байлаған қоңыр жүйрік күндіз-түні күзетулі. Күндіз күтуші басы-қасынан ұзамайды. Түнде қой кү-
зеткен қыз-келіншектер айнала қоршап алақанда ұстайды. Қу жігіт пен домбырашы әлденеше күн торып ала алмайтындарына көзі жетеді. Қасындағы төмен қарап мұңайып отырған домбырашыға қу жігіт өзінің ойлап тапқан әдісін айтады.
— Бөтен ел бөтен жерде бүйтіп не марқаба табамыз. Ел жатып, қыз-келіншектер қой күзетіп шыққан кезде сен ауылдың ар жағында дөңге шығып домбыраңды шерте бер. Ет-жүректі елжіретіп сезімді баурап алатын тәтті күйге құмартқан қыз-келіншектер сенің қасыңа баруы мүмкін. Жолымыз болып, олар сені қоршаса, әдемі күйлермен айналдыр. Осы кезде мен күзетсіз қалған қоңырды жетектеп алып шығайын. Екеуі осыған келіседі де, ел ұйқыға кеткенде бөлінеді. Қой күзетіп қысыр әңгімемен таңның атуын күткен қыз-келіншектер күтпеген жерден төгіле шығып бойды тербеп алған домбыра үніне құлақ түреді. Бірінен соң бірі үзіліс таппай шертілген күй даусына елегізген қыз-келіншектер жарыса тұрып, домбырашының қасына барады. Домбырашы: «Көршілес ауылдың жігітімін, жол қарап шығып ем, жолым болмай торыққан соң домбырамен сырласып отырмын», — дейді де, күйді шерте береді. Қолайлы сәтті пайдаланған қу жігіт еппен келіп кермеде байлаулы тұрған қоңыр жүйрікті жетекке алып межелі жерге тартады. «Енді алып үлгерген шығарсың», — деп топшылаған күйші домбырасын қолына ап, қыздармен қош айтысып жолға түседі. Манадан тәтті күйден нәр алған қыз-келіншектер оралса, кермедегі қоңыр жүйрік жоқ. Маужыраған тыныш түнде ұзақ ұйқыда жатқан ұлық та, ауыл адамдары да «қоңыр жүйрік жоқ», — деп айнала жүгіріп шулаған қыздардың дауысымен оянады. «Қайтып айырылдыңдар?» — деген сұрауына қыздар болған оқиғаны айтып береді.
— Домбырашы қандай күй шертті? — дейді ұлық.
— Домбырашы мынадай күй шертті, — деп күйді ұғып алған бір қыз шерте жөнеледі.
Алып қашқан ат жүрісін, сұлу шабысын суреттеген күй тыңдаушыларды баурап алады. Беріле тыңдап егіліп тұрған ұлық күй біте бергенде басын көтереді де, зор үнмен: «Қоңыр аттың шабысы мен сұлулығын аумаған қалпында қос шекте ойнатқан домбырашы бар ма еді бұл елде?! Бар болса баяғыдан қайда жүрген ол. Бұл елдің күйшісі емес. Көршілес руда бәлен деген төренің асқан шебер домбырашысы бар деуші еді. Мынау соның күйі. Атты ұрлатқан сол төре. Талай рет сұратқанда бермеп едім, егескен екен», — депті де отыра кетіпті. Ұлық күйініп аз отырады да, сенімді екі жігітін шақырып алып:
— Атқа қоныңдар да, сол төреге барыңдар. Ат басындай жамбы төреге сәлемдемем. Қолекі тапсырып сәлем беріңдер. Қоңыр жүйрікті сұрамаңдар, берсе, алмаңдар, — дейді.
Төре екі жігітті құрметті қонақ етіп, ұлықтың сәлемдемесін қуана алады. Екі жігіт жүрерде төре бұйымтайларын сұраса олар: «Ұлығымыз сәлем деді», дегеннен басқа ештеңе айтпады.
Өш-араздығы, алым-берімі жоқ, бірақ қоңыр жүйріктің қолды болғанына қынжылмай сәлем жолдаған ұлыққа риза болған төре, қоңыр жүйріктің қасына одан аумайтын тағы бір қоңырды қосып береді де: «Ұлықтарыңа сәлем де! Айыбымды кешкен екен, мен де аяғына жығылдым. Егіздей көрінетін екі қоңыр екеуімізде тұрмай, біріне-бірі сән беріп сонда тұрсын!» — деп қос қоңырды жетектетеді.
Сөйтіп, бір қоңыр ат екеу болып оралады да, ұлықтың ордасының қасындағы кермеге байланады.
Бір-бірінен аумайтын қос қоңырдың пішініне, сымбатына, жүйріктігіне құмартқан күйшілер «Телқоңыр» күйін шығарады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter