Аңыздар ✍️

  30.08.2021
  1058


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Сырымның анасының неге жерік болғаны жөнінде (III нұсқа)

Сол Сырым батыр бір күндерде тумаларына ренжіп, не себеп болса да мамасына (анасына) айтқан көрінеді:


— Әй, анам, сен мені кімнен тудың? Былайғы балаларыңнан байқаса, құлқым өзге көрінеді. Қалайда менде бір шүбә бар деп ойлауға болады. Дұрысыңды айт, жасырма! — депті. Сонда анасы:


— Шырағым, Сырым, әуелі дәрет алып келейін, соңынан айтайын, — деп, түрегеліп құман алып, дәретін алып болып:


— Ал, балам, сен тыңда, мен айтайын, сені басқа адамнан туғаным жоқ, осы әкеңнен болған адамсың. Бірақ өзгеріс мынадай: саған жерік болып талғап жүргенімде, ел Сауран айналып алысқа көшті. Елдің көптігінен кездескен құдықтың суы жетпей, халық таласып, дағдарып малға да, адамға да болмай, ақырында боқтасып төбелесер болды. Сонда астында күрең жорға аты бар, лайықты киімі бар бір орта жастағы
адам келіп айқайлап: «Халқым, тыңдаңыз, сіздерден бір ауыз сөз тілегім бар», — деген, халық тоқтап: «Ал айт», — дегендегі сөзі мынау. Халықтың ортасына кіріп, төбелесті тоқтатып, мынадай жолбасшылық ақыл айтқан: «Құдықтың суын ең әуелі адам баласына ішуге алынсын, таласпай кезектесіп, сонан соң мінген ат, жеккен көлік суғарылсын, неге десең, басқа тамағы жоқ болар, олардың көші тоқтамасын, жүріп кетсін. Алдағы құдықтан тағы барып суғарып, бұларға босатар, сонан соң орта шаруаның малы ішіп болар да көшсін, қалғанын өндіріп байлар малын суғарсын!» деген. «Ал солай етсеңдер суға мұқтаж болмассыз, шөлдемессіз» деген. Бұл сөзге халық разы болып, ұрыс-талас қойылып, «рахмет айтқан ақылыңнан!» деп халық көніп солай еткен, суға қанық болған. Сондағы манағы адамның ақылына, халықты тоқтатқанына, суға қандырғанын көріп: «Әй, жаратқан Құдайым-ай, осындай күйеуі бар әйелдің арманы барма екен, болмаса осындай бала туған қатынның арманы бар ма екен?» деп налып едім. Шырағым, сол налығаныма Тәңірім сені сол адамнан артық етіп берді, халқың аузыңа
қарайды. Досың көрген көңілін ашты, дұшпаның хабарыңнан қашты. Сол тілекке сені солай етіп берді, — депті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу