30.08.2021
  161


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Сыпайы тоңбас, қалтырар

Баяғыда Қалшабай деген сыпайы кісі болған екен. Ол бір жолы сапар шегіп келе жатып, бір үйге қонады. Қара күз, күн қытымыр суық болса керек. Алайда Қалшабай сыпайы, жеңіл-желпі киінген екен. Оның үстіне, әлгі үйге ол кештетіп, ел орынға отырған кезде келеді.


Қонақ үй ішімен амандасады, жөн сұрасып біліседі. Үй иесі әзілкеш адам екен. Ол сыпайыны бір сынайын деген оймен:
— Сыпайы, қазан көтеруге кеш. Қауын-қарбыз жеп жататын боларсыз! — дейді.


Сонда Қалшабай:


— Тамағым тоқ, сусындыққа қауын-қарбыз да жетеді ғой, — дейді.


Қауын-қарбыз жеп болған соң үй иесі:


— Қалша-еке, атыңызға көз-құлақ болып, далада жататын боларсыз? — депті.


— Иә, далада жатқаным теріс болмас, — дейді Қалшабай.


— Бірақ көрпе-төсек жағынан ұяттымыз...


— Оқасы жоқ. Ештеңе керек емес. Өз киімім жетеді ғой, —  деп сыпайыгершілік етеді...


Түн ортасында үй иесі сыртқа шығады. Ер-тоқымның сылдырлаған үнін естиді. Байқаса, Қалшабай тоңған соң үстін ер- тоқымдармен бастырып, қалтырап жатыр екен.


— Сыпайы тоңбас, қалтырар! — депті әзілкеш үй иесі күліп.


«Сыпайы тоңбас, қалтырар» деген мәтел сонан қалған екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу