30.08.2021
  167


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Сүйіндік Жақан қудың қулығы

Жақан қу елден шыққан кедей болады. Былайша айтқанда бар адамдар ол кезде оны өте жек көреді. Ол өзінің жоқтығына, нашарлығына қарамастан өте пысық, елден шыққан қу болады. Жақан қазіргі Павлодар облысы, Баян ауданы, бұрынғыша Ақбет тау болысы, төртінші ауылда туып-өседі. Руы — сүйіндік, оның ішінде айдабол, арғы атасы — жолан. Он тоғызыншы ғасырдың соңғы жартысында өмір сүрген адам. Бұл Жақан өте қулықшыл, тақпақшыл, сауыққой жайдары адам болды. Жақанның әкесі өзі де нашар, кедей болғанымен ескі патша саясаты заманында үлкен жерлерде, үлкен жиындарға қатынасып жүреді.


Бір кезде Жақан Омбы қаласына барады. Бұл кезде Омбыда болған жиналысқа қатынасқан адамдардың күтушісі болады. Жақан атқосшы болып еріп барғанмен, қолы бос уақытында Омбының қаласын аралайды. Базардан бір қалайы ожау сатып алады. Бұл кезде осы қалайы ожаудың халыққа тарап шықпаған кезі. Сонымен Жақан елге қайтып келіп, күздігүні ел тауға қонған соң, Жақан өзінің қасына үлкен баласын ертіп алып, Қаржас Үкібайдың үйіне келеді. Қонып отырғаннан кейін Жақан Үкібайға айтады:


— Мен сізге сыйға Омбыдан ақ күміс ожауды әдейі тартуға алып келіп отырмын. Осы ожауды ешкімге апармай, сізге алып келіп отырмын. Сондықтан амандық болса, бәйбішеңізге тықтырып қойыңыз, — деп ожаудың мақтауын жеткізеді. Осымен Үкібай ожауды салдырып қояды. Ешкімге бергізбейді, келген кісіге де көрсеттірмейді.


Ал Жақан қайтар уақытта Үкібай:


— Не айтатының бар? — дейді.


— Мен не қалаймын сізден? Біздің шаруаны білесіз. Хал-жай белгілі. Балаларға соғым керек. Басқа не айтайын, —  дейді.


Сонда Үкібай тұрып:


— Қой берсем, тайынша берсем, азсынарсың, астымдағы атымды ал, — деген екен дейді.


Сонымен Жақан өте риза болып, Үкібайдың атын алып, еліне қайтады. Келесі жылы жазғытұрым ел таудан көшіп жатқан кезде тоғай бойынан шыққан, ел аралаған Апайдың бақалшылары әлгі Жақан тартуға алып келген күміс қалайы ожауды бақалшы қыдыртып, жүн-жұрқаға сатып жүргенін Үкібай көреді. «Ақшалай болса, ожаудың құны 5 тиын, болмаса бір уыс қойдың жүні» дейді. Сонда Үкібай айтқан екен:


— Әлде Құдай-ай, мынау Жақан мені алдап, өтірік айтып, астымдағы атымды алдап соқты-ау! Күміс ожау дегені қалайы ожау боп шықты-ау, — деген екен.


Сөйтіп, Жақан қу Үкібайды қулығын асырып алдаған екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу