Аңыздар ✍️

  30.08.2021
  203


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Соқыр Есжан

Өткен ғасырда Есжан деген атақты күйші болыпты. Есжан бала жасынан әділетті, бірбеткей болып өскен. Кішкентайынан өзінің еңбегімен күн көріп, азаптың ауыр жүгін арқалайды. Бірақ он саусағынан өнері тамған домбырашы-жігіт халық алдында қадірлі болады.


Бір күні Есжан байдың ауылына келіп, одан еңбегінің ақысын сұрайды. Әңгімеге құлақ қою былай тұрсын, бай сөзге келместен, нөкерлерін шақырып, Есжанды қызыл жон етіп сабатады. Таяқ етінен өтіп, салы суға кетіп қайтқан Есжан қалайда кегін қайтаруға бел байлайды. Араға біраз айлар салып, бір күні жаңағы байдың жылқысынан бір жақсы атты ұстап мініп кетеді. Бұл қылығы үшін бай Есжанды ұстатып, екі жылға соттатады.

Екі жылдан соң Есжан еліне қайтады. Жаздың аңызағында тілі аузына сыймай, сусап келе жатқан жаяудың алдынан бір ауыл кездеседі. Бір ақ үйдің есігін ашып кіріп келсе, үйде жан жоқ екен, сабадан өзі бір зерең қымызды құйып алып ішеді. Кепкен таңдай жұмсап, көзі шырадай ашылған кезде жан-жағына қараса, керегенің басында ілулі тұрған домбыраға көзі түседі. Есжан домбыраны алып бірнеше күй шертеді. «Би келіп қалған екен» деп даладан асып-сасып үйге бәйбіше мен бикеш келсе, нашар киімді бөгде адамның домбыра тартып отырғанын көреді...


— Бидің домбырасын рұқсатсыз неге аласыз, қандай адам едіңіз, енді ол мына бізді де, сізді де жазалайды, — деп екі әйел зар қағады. Есжан үнсіз ғана «жаздым-жаңылдым» дегендей ишарат білдіріп, үйден шығып кетеді. Көп ұзамай үйіне оралған би домбырасының бұрынғы орнынан қозғалғанын сезіп, қолына алып қағып көреді де:


— Мына домбыраны кім ұстады, әлде бөтен біреу келді ме? — дейді.


Бәйбіше мен қыз оқиғаның шынын айтады. Би дереу шауып-келдерін жіберіп, ауыл шетіндегі қараша үйде отырған Есжанды сүйрелеп алып келеді. Жолшыбай Есжанды қамшының астына алып сабаумен болады. Бірге-бір келгенде есесін жібермейтін Есжан, бұл жолы да шабарманның біреуін қағып жібереді. Бірақ осы арпалыстың кезінде бидің екі сойыл соғарының сілтеген қамшыларының ұшы Есжанның бір көзіне тиіп, содан көрмей қалады. Би де кәріне мініп отыр екен, Есжанды көрген соң бұрынғыдан жаман қатуланады. Есжан өзінің белгілі домбырашы екенін, бір жаламен екі жыл түрмеде болып, содан күні бітіп шығып келе жатқанын, онда домбыраны, әнді, күйді сағынғанын айтып, бидің домбырасын байқаусыз ұстағанына кешірім сұрайды. Би бұрынғысынан босағандай болып:


— Осы айтқандарың бәрі рас болса, маған бірнеше күй тартып бер, сонда ғана сенемін, — деп домбырасын Есжанға ұсынады...


Домбыраны сағынған саусақтар перне бойлап жорғалайды. Қаншама қатулы болғанымен, күйді түсінетін би, мына домбырашының тартысының ерекше екенін сезеді. Домбырашы жаңа күйге көшкен сайын ол екі көзі Есжанда, құлағы күйде болып, басқа дүниені ұмытқандай болады.


Есжан өнер иесі адам екенін би білген соң, оған өзінің істеген озбырлығы үшін кешірім сұрайды. Есжанды қонақ етіп сый көрсетеді. Оны өз қарауына қалдырғысы келеді. Бірақ би қаншама жалынғанмен, күйші байдың ауылында қалғысы келмейді. Қанша жібиін дегенімен, мына бір түскен өмірлік таңба, оны келісімге келтірмейді, бидің құл домбырашысы болып жүруді ар көреді. Есжан соқыр көзін бидің қызының берген жібек орамалымен таңып, қош айтысып, Жайыққа қарай жол тартады...


Есжан сол жүргеннен жүріп отырып Жайыққа жетіп, ардақты анасы, сүйікті қарындасымен көріседі. Күйшінің еліне оралуы бұл аймаққа тез тарайды. Халық бұрынғысындай жиналып, оның күйін тыңдайды. Алыс сапардан, ауыр жолдан қайтқан Есжан енді бұрынғы күйінің үстіне күй қосады. Айдау, түрме, байдан жеген таяқ, биден көрген қорлық, туған жер, ұшқан ұяны сағынған жүрек — бәрі қосылып, домбыраның көмейінен күй болып төгіледі. Қаумалап отырған әлеуметіне Есжан:


— Елге аман-есен оралғаныма қуанамын, сендерді көріп, алдарыңа күй тартқаныма мақтанамын, өмірдің талай тас өткелін кештім, талай ауыртпалықты да бастан өткіздім, сендерден кеткенде Есжан едім, енді бір көзді бидің ашуы алып, «Соқыр Есжан» болдым, оған налымаймын, халқым тұрғанда, он саусақтың өнері тұрғанда Есжан әлі де Сіздермен бірге болады, болаттай бір күй шығып та қалып еді, соны тыңдаңыздар, — деп домбырасын тарта жөнеледі. Сондағы Есжанның сол са парда шығарғаны — «Соқыр Есжан» күйі екен деседі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу