Аңыздар ✍️
Руының атын «Қазақ», ұранының атын «Алаш» деп атауы (ІІ нұсқа)
Әбубәкір Күлбабаның заманында «Отыз екі баулы өзбек» атанған деседі. Өзбектің үш баласы болған: Мың, Жүз, Қырық. «Адам Атадан бұ заманға шейін пәленнің баласы пәлен, түгеннің баласы түген», — деп сөйлеуші өтірікші, жалғаншы болса керек. ...Қай тұқымнан, қай нәсілден шыққандығын айырып, дәлелімен айтып отырса, оның өзі де — толық білім.
Әуел басы «Тоқсан екі баулы Қыпшақ» атанған Еділ, Жайық, Ертіс, Сыр — төрт өзеннің аралығында, сондықтан «Дешті Қыпшақ» атанған, онан соң «Отыз екі баулы өзбек» атанған.
Өзбек заманында отырықшы халық болған. Өзбектің үш баласы болған. Заманындағы бір ханға біреуі мың ділда берген, біреуі жүз ділда берген, біреуі қырық ділда берген. Сол себепті: «Мың, Жүз, Қырық» атанған. Мыңнан өрбігендер отырықшы халық болған. Жүзден өрбігендер көшпелі халық болған. Сол жүздің ұрпағынан Қазақ шыққан.
«Жүз» деген де аталарының аты болған. «Қазақ» деген де аталарының аты болған, «Алаш» деген де аталарының аты болған. Сонымен келіп Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болған заманда руының атын «Қазақ» қойып, ұранының атын «Алаш!» қойып, «Ұлы жүз», «Орта жүз», «Кіші жүз» деп үшке бөліп, «Үш жүз» атанған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter