Әңгімелер ✍️
Молдабай мен Ақжігіт
Басында темір ноқтасымен, шынжыр бауынан ұстаған он кісіні сүзгілеп, сүйретіп, күрес алаңына алып келген қытайдың алып түйе палуанын жыққан деген даңқы жер жарған, Молдабай палуанның даңқына құмар болып, қызай елінен Ақжігіт палуан іздеп келеді.
Бұл да ата-бабасымен батыр, палуан, даңқты болған әйгілі түйе балуан жігіт екен. Молдабаймен кездесіп, достасып, үйінде бірнеше күн қонақ болып қоштасады. Кетерде:
— Достым, сіз де келіп біздің елді де көріп қайтыңыз, — деп шақырып кетеді.
Молдабай да досының үйіне қонаққа барады. Ақжігіт қарсы алып, қысырдың тайын сойып, күтіп жата береді.
Бір күні сол елде бір байдың үлкен қыз ұзатар тойы болып, Ақжігіт пен Молдабай да сол тойға барады. Бәйгі аттар жіберілгеннен кейін екі рулы ел екіге бөлінісіп отырысады. Енді палуан күресі болу керек. Ақжігіт жақтың ақсақалдары Ақжігітке палуандыққа шығуды сұрады. Ақжігіттің күреске түскісі келмеп еді, ел басшылары болмай, ақыры Ақжігіт ел көңілін қимай, шешініп күрес алаңына барып отырады. Оған батылы барып ешкім шықпады. Молдабай палуанның бүйірі қызып кетті ме, әлдекім шығады деген дауысқа ешкім шықпаған соң, намыстанғандай бір сезім биледі ме, Молдабай күрес алаңына шыға келді.
Ақжігіт қараса өзінің Молдабай досы:
— Ой, достым, мен сенімен күреспеймін, ана бас палуан бәйгесін сен ал, — деді.
Халық шулап, «күресіп алсын, жайдан-жай ала ма? Кім болса да күресіп алсын» деп шулап болмады. Ақыры екеуі күресуге тура келді де, күресті. Молдабай Ақжігітті жықты. Халық Ақжігітті жыққан қандай палуан деп таң қалысты. Бас бәйгені Молдабай алды. Ел тарады. Молдабай Ақжігіттің үйіне келді, Ақжігіт бұрынғыдай қарсы алмады. Молдабай да өз қылығын өзі біліп, қатты ұялып, аттанып жүріп кетті.
Ен далада жалғыз келе жатыр еді, арт жақтан бір салт атты жанаса өте береді, қараса, ер тұлғалы, келбетті келген, бір жас келіншек екен. Амандасып жөн сұрасады.
— Мен Молдабай деген кісімін. Сіз кім боласыз?
— Мен Мыңбай деген байдың келінімін, атым — Ақжібек, — деді, — ауылымыз кеше көшіп еді. Жұртта сандықтардың кілті қалып қойыпты. Бұл жақ иен боп қалған жұрт, қауіпті болған соң өзім келіп алып кетейін деп келе жатыр едім, — деп астындағы бозжорғамен ағызып келеді.
— Анау көрінген біздің жұрт. Ана көз ұшында томпайып көрінген біздің кілт.
Барып жеткеннен кейін, қоржын басындай кілттерді жерден іліп алып, қанжығасына байлады. Келіншек кері еліне қайтуға бетін бұрып тұрып:
— Ал, жігітім, қош-сау болыңыз, — деп амандаса бергенде Молдабай келіншектің атының шылбырынан ұстай алады.
Келіншек айтты:
— Жол үстінде шылбырдан ұстамаңыз, жолыңызға кесір болады, — десе де Молдабай босатпады, — олай болса, жігітім, өз обалың өзіңе, — деді де, Ақжібек Молдабайдың жауырынынан қапсыра ұстап, атынан жұлып алып, алдына тоқты өңгергендей, өңгеріп алып, енді еңкейіп Молдабайдың атының шылбырын алам дегенде, ердің қасы мен келіншектің тақымы арасында қысылған Молдабайдың екі жақ қабырғасы күйреп, сынғандай болады. Молдабай қатты қорланып, қапаланып жата береді.
Молдабайды алдына өңгерген қалпында атын жетекке алып, айдап келеді.
Молдабай ішінен: «ер, ердің еріне кездессе, тақымында күлер деген осы екен-ау! Тым болмаса еркектің тақымында емес, әйелдің тақымына түскенім өлім болды-ау» деп қатты күйініп келеді.
Біраз жүріп ауылға жақындаған кезде әйел тоқтап, Молдабайды жерге түсіріп, атына мінгізеді. Келіншек:
— Ал, жігітім, мынау біздің ел. (Өзен жағалай қонған қалың ел екен). Сен ерлікпен, иә серілікпен, не батырлықпен, не болмаса көңілің жақындықпен ат басын ұстаған шығарсың. Енді біріміздікін біріміз кешірісейік, сен маған бауыр бол. Аз күн жатып, қонақ болып, тынығып қайтарсың, — деп аулына ертіп келді. Құрметтеп, үйге кіргізіп, атасына, ауыл адамдарына Молдабайды:
— Мына жігіт — менің бауырым. Көріспегелі көп болды, амандасайын деп іздеп келе жатыр екен. Жолда кездесті. Аты — Молдабай, — деп баршасына таныстырды.
— Е, құда екен ғой, — деп бәрі де құрметтеп, амандасып, қой сойылып, қонақасы беріліп, жақсы қарсы алып жатыр.
Ертеңіне ауылдың бір атан түйесі апан құдыққа түсіп кетіп, ауыл жігіттері жабылып шығара алмай жатқанда бір ақсақал:
— Ей, жігіттер, сендер шығара алмайсыңдар. Ана Ақжібек келінді шақырыңдар, — деп, бір кісіні жібертті. Сонда Ақжібек айтты:
— Ол түйелеріңізді мына менің бауырым-ақ шығарып береді, — деп Молдабайға қарады.
Молдабай бұрын құдыққа құлаған түйені талай шығарған еді: — Жарайды, мен-ақ шығарып беремін, — деп, түйе жатқан құдыққа келіп, түйенің екі өркешінен қапсыра ұстап, суырып сыртқа шығарады. Ауыл адамдары:
— Ой, келіннің бауыры да бауыр-ақ екен, — деп сүйсініп таң қалысады. Ауыл ақсақалдары Ақжібекке келіп:
— Келін-ау, бұл бауырың осы уақытқа дейін біз көрмеген қандай бауырың? Құда қай жақта болған, күші тура өзіңе тартқан екен. Шіркін, жігіт-ақ! Құдамыз жарайды, — деседі.
Ақжібек:
— Бұл менің немерелес бауырым. Бізден алыстау тұрады. Көрмегелі көп болды. «Сағындым Ақжібегімді, бір көріп амандасып қайтамын» деп, іздеп келе жатыр екен. Ескі жұртта кездесіп, алып келдім.
— Өте жақсы болған, шырағым, — деп жұрт разы болып, үй басы бір қой сойып, күнде шақырып, бір жұма жіберместен сыйлап күтеді. Ақжібек өз отауына жатқызып, сұхбаттасып, сырласып, жөн сұраса келгенде, Ақжібек палуан Ақжігіт палуанның тетелес апасы екен. Молдабайды сый-құрметпен аттандырады.
Молдабай: — Өмірімде екі рет қаталық жасадым, — деп өкінеді, — біріншісі — досы Ақжігітпен күресіп, оның жұрт алдында беделін төккені, екіншісі — Ақжібектің шылбырына жармасып, оның тақымында кеткенім өкініш те және өлім де емес пе?! — дейді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter