27.08.2021
  364


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Майлаяқ кетті де...

Исатай — байсалды, ұқыпты, әрі істе тыңғылықты жігіт. Ол қай жағынан болсын, өзіне тең адам алып, отбасын құруды мақсат етті. Ойлағаны болды. Бірсыпыра уақыт ел-елді аралап жүріп, өзі сүйген бір жас әйелге үйленді.


Сүйісіп қосылған екі жас шаруашылық құрастыра білді, аз уақытта байсалды шаруалардың қатарына қосылды. Исатай сырттан құрастырса, оның жас жары Ақсаусақ үйдің ішкі тұрмысын келісімді ұстап отырды.

Төрдегі жүкті, жердегі төсенішті, төсек орын мен киім-кешекті жинастырып, тәртіпті ұстауға соншалықты ұқыпты болса да, Ақсаусақ қазан-ошақпен, ыдыстармен айналысуға жас шағынан-ақ икемсіздеу болатын. Жеке үй болса да, сол әдеті өзгермеді, сүйріктей аппақ саусағын аяқ-табаққа малып, кірлі саусақ бола алмады. Солай бола тұрса да, неліктен екені белгісіз, ол үйдің ыдыстары үнемі тап-таза болып тұрды.
Бұл құпияның сыры кейінірек ашылды. Малға, үйге абай болсын деп Исатай бір күшік асырап өсірген, оны Майлаяқ (майлы аяқ) деп атаған болатын. Майлаяқ иесі ойлағандай сенімді күзетші болды: мал қорасына, үй маңына бесеубет адамдарды жолатпады. Ит болса да сенімді серік болған Майлаяққа күндіз де, түнде де үйдің есіктері ашық тұрды. Ақсаусақ оған арнаулы ас берген жоқ, бос тұрған қазандағы қалдықтар мен аяқ-табақтағы сарқындарды ішіп-жеп, жалап, тойынып жүре берді, тіпті түгін тартса, майы шығатындай болып семіріп алды.


Сол Майлаяқ кенет ауырып, өлді. Аяқ-табақ жуылып, сүртілмеді. Соған налыған Ақсаусақ: «Майлаяқ кетті де, осы үйден тазалық кетті», — депті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу