26.08.2021
  208


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қоныс бөлу

Сыр бойынан бері жылжып, ежелгі атамекендері — Балқаш бойына көшіп келген: Бәйшегір, Арық, Тыным балалары «Қауіп қайдан болса, қатер содан» деген сөзді малданып, қалмақтардан қорқып, Сыр бойына қайтадан үдере көшіпті. Оған Бақай батырдың әкесі Мықтыбек би қарсы шығып көрген екен, үрей қысып, үріккен ел оны тыңдамай, көшіп кетеді. Мықтыбек өзіне қараған жеті үйменен жалайырдың белді адамы Балпық бидің қасында қалып қояды. Кеткен елін сағына бастаған кезінде ол түс көреді. Түсінде өзі білетін сегіз жасар Тілеуғұл он сегізге толып, қолына шашақты найза ұстап, елін ертіп, көшіп келеді. Жақсыға жорылған түс ақырында қуанышқа ұласады. Тілеуғұл шын мәнінде батыр атанып, ата қонысына келіп, туын тігеді. Алыстан арып-ашып ағайындары жеткен соң, ел ағалары жатсын ба, жалайырдың сол кездегі аузы дуалы арыстары — Қабылиса, Жолбарыс, Ескелді, Балпық, Қарымбай сынды әулиелер алдарынан шығып, «Көш көлікті болсын» айтады.


Бапекең қашанда батыл қимыл, шұғыл шешімнің кісісі екен. Соған орай аңғалақтығы да болыпты. Билік айтып, ақыл-кеңес беріп отырған сәттерінде айналасындағы адамдардың әрекет-қарекеттеріне көңіл бөле бермейді екен.


Мықтыбек, Тілеуғұл араларында әңгіме бірден қоныс жайынан қозғалады. Сөйтіп, Құдыке деген байдың ауылынан басталған әңгіме аттың үстінде жалғасуға айналады. Атқа қонар алдында Тілеуғұл үш дүркін артына бұрылып, жолбарыс жонды құм қойнауларына қадала қарапты. Мұны Қабылиса әулие ғана байқайды.


Салт аттылар содан желе-жортып отырып, Балықтының басына жетеді. Көк майса, көделі маңға көз тастап тұрып Балпық би:


— Қары қалыңдау түседі демесек, ел жағдайына қолайлы-ақ жер екен, таяғыңды шаншимысың, Тілеуғұл? — дейді.


Тілеуғұл басын шайқайды. Содан бұлар Сардоңғал асып, Қараталды кешіп өтеді. Сарноқайдың етегіне жетеді. Масатыдай құлпырып, түкті кілемнің түгіне ұқсап жатқан жасыл жон, бетегелі беткейді нұсқап тұрып Бапекең:


— Қауға тартып, қауқар жұмсап жатпайсың, сай-саласы толы бастау екен, суаттары бейне астау екен. Табындап сиыр, келелеп түйе өсірсең де, түңілмессің, бәлкім, осы маңды еншілерсің, Тілеуғұл? — дейді.


Тілеуғұл тағы да басын шайқайды.


— Неге алмайсың? — деп Бапекең сәл даусын қатайтады. «Сабыр, сабыр!» дегендей ғып, Жолбарыс әулие бірер рет жөткірініп қояды. Ал Қабылиса әулие болса, мырс етіп:


— Әй, Балпық-ай, бұның Балқаш бойындағы «үш қамаудан» басқа жерді жерсінбейтіндігін Құдыкенің ауылынан аттанғанда-ақ аңғармап па едің? — дейді.


Елең ете қалған Балпық:


— Онда қайтіп еді? — деп шалт бұрылады.


— Атқа мінер алдында артына үш қайырылып қарамады ма?


— Қараса қараған шығар, онда не тұр? — дейді Бапекең.


— Тілеуғұл арыны ойлайтын ақылды жас екен. үш дүркін артына бұрылып қарауымен: «Ағалар, атқа мініп, арнайы келген екенсіздер, соңдарыңызға ілесейін. Бірақ қойнауы құт, қысы жұмсақ осы маңды бізге қисаңыздар жетеді» дегенді ишараттады, — дейді Қабекең.


— Оу, маса-сона, шыбын-шіркей, сор-батпақтан аулақтап, неге төскейде жатпайды бұл Бәйшегір? — деп Бапекең қамшыны тағы да басып көреді. Сонда барып Тілеуғұл:


— Алда әлі атыс-шабыс көп секілді көрінеді де тұрады маған. Біз бәйшегірлер «отыз үй обыр, қырық үй тобыр» дегендей, ат төбеліндей аз ғана ел едік, қырылып қаламыз ба деп қорқамын, — деп сәуегейлік айтыпты.


— Оу, мынау не деп тұр? — дейді Бапекең сапарластарына.


Жолбарыс қысқа сөйлейтін адам екен. «Тілеуғұлдыкі дұрыс!» дегенді жылы жүзіндегі ишаратпен байқатады. Ал Қабылиса әулие болса:


— Онысы рас, Тілеуғұл көреген екен, алысты болжап тұр. Біз емес, біздің ұрпақ басынан кешетін және олар қараған патша тағынан құлап, атыс-шабысты, қан төгісті кез болады әлі. «Бәйшегір тұқымы содан шалғайлау, құм ішінде-ақ жата берсе, өсіп-өнгеніне тәуір болар еді» деп тұр ғой Тілеуғұл, — дейді.


Аға сөзінен асып көрмеген Бапекең осы сәтте барып сабасына түсіп:


— Баршаңыз бірауызды болып, болашақты да ойлауды жөн көрген екенсіздер, Құдай берекесін берсін. Ал Тілеуғұл:


— Қоныстарың құтты болсын,
Малдарың сүтті болсын,
Балаларың жұпты болсын.
Құдай оңлап, қыдыр қолдап,
Еліңе дәулет, басыңа бақ берсін.
Қарындарың тоқ болып,
Қайғыларың жоқ болып,
Аталарыңның әруағы тыныштықты ап келсін,
Әумиін! —


деп, төменгі Қаратал — Балқаш бойын бәйшегір, арық, тынымдардың еншілеріне бөлгізіпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу