26.08.2021
  193


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қожа Ахметтің ұлының өлімі (І нұсқа)

Садыр ата — Қожа Ахмет Ясауидың ағасы, ол әулие адам болған екен. Қожа Ахмет Ясауидің баласы жас болса да, аңға құмар болыпты. Қарасүйір тауын жайлаған бір рулы елмен Қасен шайық әулеті тау өзенінің суын үшке тең бөліп, егін егіп күн көріп жүріпті. Бірде Әзірет Сұлтанның баласы садақпен аң аулап жүргенде, оның садағының екі жебесі Қарасүйір руының құлақ арығына қадалып, суға бөгет болыпты. Қарасүйір руының сушысы неге су болмай қалды деп келсе, сағадан екі садақ оғын көреді. Төменгі жағында садақпен аң аулап жүрген Әзірет Сұлтанның баласына келіп:


— Мынау не? — депті. Бала:


— Мен білмеймін, — дегенде, әлгі сушы қолындағы кетпенмен баланың басын шауып, денесін сонда тастайды. Басын легенге салып, бетіне ақ шүберек жауып, Әзірет Сұлтанға:


— Мынау біздің Қарасүйір адамдарынан сауға, — деп алдына қояды.


— Ей, бейәдеп, піспей үзіпсіндер, — дейді Әзірет Сұлтан.


Сонда Садыр шайық қылышын суырып, тұра ұмтылғанда, Әзірет Сұлтан оны тоқтатып.

— Мен дуа етемін, барсаң риза емеспін, қылыш жұмсама! — дейді. Бұған Садыр шайық өкпелеп, Қойлақы ата жаққа кетеді.


— Егінің жұлма болсын, қауының алма болсын, көтеніңе құйрық шықсын, тұқымың сөйтіп құрысын! — деп Әзірет Сұлтан Қарасүйір әулетіне қарғыс айтқан екен. Содан олар азып-тозып кеткен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу