Аңыздар ✍️
Көбік шашқан
Жаздың тамылжыған ыстық күндерінің бірі. Аңызақтан шөліркеген Құрманғазы бір ауылға кездесіп, ауыл ортасынан шеткері, көгалға тігілген ақбоз үйге қарай атының тізгінін бұрады. Үй сыртына жақын келіп, ішке дыбыс береді. Үйден осы ауылдың түйешісі Жиенәлі шығып, Құрманғазыға амандасады. Құрманғазы оның сөзінен бұл Әділеке төренің отауы екенін біледі де:
— Шөлдеп келе жатырмын, сусындап шығуға рұқсат болар ма екен? — дейді. Сонда Жиенәлі:
— Жарайды, ханымға барып айтайын, — деп үйге қайта кіргенде, төрде отырған ханым:
— Үйдің қожасы жоқ, түсуге болмайды! — дейді дауыстап.
Сыртта тұрған Құрманғазы бұл сөзді естігеннен кейін ауылдың батыс жағына жағалай қонған кедейдің қараша үйлеріне қарай жүре береді. Бір үйдің жанына келіп, «осы ауыл үйінің төрін бермесе де, көлеңкесін беретін шығар» деп атынан түсіп, киіз үйдің көлеңкесіне отырады. Үй иесі жарлы болса да, өзінің шамасына қарай күйшіні күтіп алады.
Құрманғазы біраз тыныстап, енді кетпекші болып сыртқа шыққанда бие сауынынан қайтқан байдың қыз-келіндерін көреді. Қолдарында бір-бір шелек толы сүт, көбігі бұрқырап, теңселген жүрістен жерге төгіліп келеді. Мұны көзі шалған Құрманғазы домбырасын алып, бір күйді төгілте тартып жібереді. Домбыраның бұлбұлдай сайраған әсем сазын үй иесі де, шуылдасып келе жатқан қыз-келіншектер де ұйып тыңдай қалады. Құрманғазы күйін бітіргенде қасында тұрған үй иесі:
— Қонағым, бұл тартқаныңыз қандай күй? — деп сұрайды.
— Ой, ағатай-ай! Бұлар байлыққа белшесінен батып, иті май жемей отырса да, сұрағандарға сүт түгіл, бір жұтым су да бермейді. Олар сүт пен қымызды сіз бен біз секілділердің ішкенінен көрі, жерге төгілгенін жақсы көреді. Анау, сүтті жерге төгіп келе жатқан байдың ақылсыз қыз-келіндерін мазақтап, қайран қор болған қымызға шығарған «Көбік шашқан» атты күйім, — депті Құрманғазы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter