Аңыздар ✍️
Жетім бала
Ертеде, жаугершілігі мол заман болса керек. Бірде, қаннен-қаперсіз бейбіт жатқан ауылды жау шауып, ойранын шығарады. Ойда жоқта басталған аласапыранда бір балажан ана есейіп қалған жалғыз баласын қазанның астына жасырып үлгереді. Ауылдың қарсыласқандары ажал тауып, қолға түскендері пенде болып, жаудың айдауына кетеді. Содан, қазан астында жасырынып аман қалған бала шаң-шұң басылған соң орнынан тұрып, ойраны шыққан ауылын көреді, тірідей айырылған анасын жоқтайды. «Айналайын, Құдай-ау!» деп зар төгеді (осы тұста домбыра «Айналайын құдай-ай!» деген сөздің буын ырғағы мен үндес қайғылы сарын шығарады).
Тағдырдың тауқыметінен қашып құтыла ала ма, жетім бала жатағынан түңілген құлындай болып, иесіз жұртты артқа тастап, беті ауған жаққа жүріп кетеді. Қанша жүргені белгісіз, күндердің бір күнінде ерні шөлден кезеріп, әбден титықтаған шағында көз ұшынан қарайған аттылы көрінеді. Жай аттылы емес, соңына ерткен тазысы бар, қолына қондырған қаршығасы бар, қанжығаға байлаған дабылы бар Қошан сері деген аңшы болса керек. Құлазып келе жатқан жетім бала жүгіре дауыстап: «Ағажан-ау, ағажан, атыңның басын тарта тұр!» — деп шақырады (осы тұста домбыра «Ағажан-ау, ағажан, атыңның басын тарта тұр!» деген сөздің буын ырғағымен үндес қайғылы сарын шығарады).
Сол сәт аңшының алдынан құсы қалың отырған көл көрініп, қолындағы қаршығасы тіленіп ұшып жөнеледі. Қаршығасы кеткен соң, құстың қызығымен балаға қарай алмай, дабылын дүңкілдетіп, аңшы да шаба жөнеледі. (Осы тұста домбыраның үні соғылған дабылдың дүңкіліне, шапқан аттың дүбіріне ұқсап кетеді).
Жетім бала екі өкпесін қолына алып жүгіріп көлге жетсе, аңшы атын көл жағасына қаңтарып тастап, өзі қамыс арасына түскен қаз-үйректі жинауға кетіпті дейді. Жапан түзді жаяу кезіп жаны қиналған бала аттың тұсауын шешіп, қарғып мінеді де жүріп кетеді. Қошан сері қаз үйрегін арқалап, қамыстан шықса аты жоқ. Төңірегіне қараса, көз ұшында желе жортып кетіп бара жатқан баланы көреді. Дүние кезек деген емес пе, енді баланың соңынан жүгірген аңшы: «Балажан-ау, балажан, аттың басын тарта тұр!» — деп дауыстайды. (Осы тұста домбыра «Балажан-ау, балажан, аттың басын тарта тұр!» деген сөздің буын ырғағымен шертіледі).
Бала болса, қайтып оралсам қандай ниеттегі адам екенін кім білген, тағы да тентіреп далада қалармын, оның үстіне мендей емес қой, қолында қаршығасы, соңында тазысы бар, деп ойлайды да, тоқтамай жүре береді. Сол бетінде қара үзіп, шығандай ұзап барып, бір тақырға іркілген қақтың басына келгенде тізгін тартады. Аттан түсіп, атының ауыздығын алып, суармақшы болады. Осы сәт күрс еткен мылтық дауысы естіледі де, суарып тұрған аты жалп етіп құлайды. Жетім бала жанына араша болған атының басын құшақтап, еңіреп қоя береді. Сонда үстінде жарғағы, қолдарында мылтығы бар қос мерген келіп баланы жұбатады. «Әттеген-ай, жаңылған екенбіз! Шырағым, құлан ататын мергендер едік. Мына тақырдың қағына құланнан басқа ұшқан құс, жүгірген аң келмеуші еді. Біз байқамай жазым еттік», — деп қос мерген өкініш білдіреді.
Сол жерде жөн сұрасып, жайды біліскен соң қос мерген балаға: «Алаңдар ешкімің жоқ екен. Біздің елдің байының баласы жоқ еді, балшықтан кісі жасай алмай отыр. Сол кісіге бала боласың», — дейді. Жетім баланың бұлданар жайының жоқ екені белгілі, қос мергеннің сөзіне құлақ асып, ауылына еріп келеді. Айтқандай, баласы жоқ бай жетім баланы зор қуанышпен бауырына басып бала етіп, ұлан-асыр той жасайды.
Сонымен, күндер жылжып өте береді. Бойы өсіп, бұғанасы қата бастаған бала жүре тапқан әкесінің үйір-үйір жылқысына бас-көз болып, жылқышылардың қосағасы болады.
Күндердің бір күнінде жетім бала жылқышылардың жайын білуге келе жатса, тау арасынан түгі жетіліп үлгермеген тып-тықыр бір құлынды көреді. Бала құлынды қосқа алып келіп, бағуға кіріседі. Кешікпей-ақ, тықыр құлын тез жетіліп, ат болады. Жай ат емес, желсе желдей есетін, шапса құстай ұшатын тұлпар болып өседі.
Бір күні бала атын мініп, әкесіне көрсету үшін үйіне келіп, атын белдеуге байлап жатқанда пысқырып қалады. Сонда бай үйінің түндігі құйын соққандай желп ете түсіп еді дейді. Бай үйге кірген баласынан: «Шырағым, мынауың неғылған ат, мұндай жылқы бізде жоқ еді ғой», — депті. Бала мән-жайды айтады. Бай: «Е, дұрыс-ақ, мінетін атыңды тапқан екенсің», — деп оң шырай танытады.
Бала осы бір сәтті пайдаланып, көптен көкейінде жүрген ойын айтады. «Әке, — дейді бала, — тумасам да туғандай көріп, бауырыңызға бастыңыз. Ол үшін алдыңызда мәңгі қарыздармын. Алайда қазақ «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» демей ме? Ұлықсат етсеңіз, туған жерімді көргім келеді».
Ержеткен азаматты зорлап ұстап бола ма, бай қаншалықты балаға бауыр басып, қимағанымен, ақылға жеңдіріп ақ батасын беріп, ұлықсат етеді.
Бала қуанышы қойнына сыймай жолға шығады. Былай шыға тақыр атына қамшыны басып, талай бел-белестен өтеді. Бір мезгілде тізгін тартып артына қараса, көз ұшында жалпылдап бай әкесі қуып келеді дейді. Сөйтсе, бауыр басқан баласы енді қайтып келмей ме деп қимай, тұлпарына мініп, соңынан ере шыққан екен. Сонда баланың да жүрегі елжіреп: «Сағың сынар қайт, әке!» — деп дауыстайды. Осы тұста домбыра «Сағың сынар, қайт, әке!» деген сөздің буын ырғағын сұңқылдай қайталап тұрып алады.
Баланың алған бетінен қайтпайтынына көзі жеткен бай: «Қайтейін, қайыр қош, алдыңнан жарылқасын!» — деп, көзінің жасын іркіп, кері қайтады.
Жетім бала сол жүргеннен мол жүріп отырып, күндердің бір күнінде тау қойнауынан бұрқырап ағып жатқан бұлаққа тап болады. Бұлақты өрлеп келе жатып, көңілі тасыған бала әнге салады (осы тұста домбыра үні жан сергітер әсем сазға ойысады).
Кешікпей-ақ, жетім бала бұлақтың бастау қайнарына жақындап келсе, оның әсем әнін елти тыңдап бір қыз тұр дейді. Жөн сұрасып, тілдесе келе бала қызды ұнатып қалады. Сол жерде бала: «Маған өмірлік жар болсаң, алдыма мінгізіп алып кетер едім», — дейді. Сонда қыз: «Әніңді естідім, тегін жүректен шықпайтын ән екен, атыңды көрдім, қашса құтылып, қуса жететін ат екен. Тағдырдың жазуы осы шығар, айтқаның болсын», — деген екен. Сөйтіп, көңілдері жарасқан екі жас тықыр атқа мінгесіп жолға шығады.
Сол уақытта қыздың артында қалып бара жатқан шешесі мен Ер Көбен деген бір ағасы бар еді дейді. Шешесі күндік жерден жыланның күйсегенін біліп, иісін сезетін қазық аяқ қара кемпір болса керек. Су алуға кеткен қызының кешіккенінен секем алып, тың тыңдап жібереді де, болған жайды біледі. Сол-ақ екен, аттанды салып: «Ер Көбен, әлгі жүзіқара жалғыз қыз көлденеңді көк аттыға мінгесіп, күндік жерде кетіп барады, жылдам жете гөр!» — деп байбалам салады. Ер Көбен де намысқа басып, тұлпарына мініп, қуып береді. Келесі күні дегенде қараларын көреді. Сонда Ер Көбен: «Қашпа, батыр, қашпа, тоқта, батыр, тоқта!» — деп дауыстайды (осы тұста домбыра «Қашпа, батыр, қашпа, тоқта, батыр, тоқта!» деген сөздің буын ырғағына ойысады).
Сол жерде жанындағы жетім балаға қыз: «Біз мінгесіп қашып құтыла алмаймыз, мені түсіріп кет. Ағамның алдынан зорлықпен ілескендей болып шығайын да, «асқар таудай пана болған ағам-ай» деп, құшақ жайып жылаған болайын. Біраз бөгелер, сонда қара үзіп, ұзап кет», — дейді. Бұған жетім бала: «Е, мен неге қашайын, зорлық-қиянатым жоқ. Ағаң ет пен сүйектен жаратылған адам шығар, мән-жайды айтармыз», — деп көнбейді. Алайда олай болмай шығады. Ашу буып келе жатқан Ер Көбен тықыр атты бір айналып өтеді де: «Ой, әттеген-ай, кінә сенен емес, қарындасымнан болған екен. Сен ісің ақ болған соң қашпаған екенсің. Әйтпесе, атың қуса жететін, қашса құтылатын жануар екен. Енді өткен іске өкінбей, маған ер. Атыңның төрт тұяғына төрт табақ жамбы берейін», — дейді. Жетім бала: «Алтының маған ат болар ма, ат болса да тықыр атымдай болар ма?!» деп ермейді. «Ендеше өзің біл, мен саған «қыз алып қаш» дегенім жоқ», — деп, Ер Көбен қарындасын мінгестіріп жүріп кетеді. Жетім бала болса: «Берген жомарт емес, алған жомарт. Мен көрдім, ол ерді, сен жеңдің. Қайсымыздың ісіміз ақ екені бір тәңірге аян!» — деп жетім бала қала береді.
Содан, есіз далада ер-тұрманын арқалап жалғыз қалған жетім бала тағдырына мұңын шағып, зар төгеді (осы тұста дом-
быра ерекше мұңды сазға ойысады).
Есіз далада ұзақ еңіреп, сілесі қатқан жетім балаға бір мезгілде ой келеді. «Қой, мен бүйтіп езіле бергенмен іс бітпес. Әрі жаяу-жалпы қалып, әрі жазықсыз жапа шегіп, сүйгенімнен айырылғаным жараспас. Бір амалын қарастырайын», — деп орнынан тұрады да, Ер Көбеннің ауылын бетке алып жүріп кетеді. Сол бетінде тоқтамай жүріп отырып, түннің бір уақытында ауыл іргесінде жусап жатқан Ер Көбен жылқысының үстінен шығады. Ақырын көз үйретіп қараса, ағаш саясында бір жылқышы қалғып тұр дейді. Жетім бала еппен басып келеді де, шылбырын тұзақтап жылқышының мойына салып, ағаш бұтағынан асырып тартып тұра қалады. Сонан соң: «Жан керек болса шыныңды айт, жылқы ішіндегі ең жарамдысын ата!» — дейді. Шыбын жанын сауғалаған жылқышы: «Айтайын, айтайын! Ер Көбеннің жұма сайын бәйгеден келетін егіз күрең аты бар. Бірін кеше қинап мінген екен, үйінің жанында таңасып тұр. Екіншісі — мына менің астымдағы ат. Шыным осы!» — дейді жылқышы.
Мұнан әрі жетім бала шылбырды ағаш бұтағына орай тартып, жылқышыны байлап тастайды да, оның астындағы атына мініп алады. Сол бетінде өзін ұнатқан қыздың ауылына келіп, қыз үйінің тұсынан кешегі бұлақ басында айтқан әніне салады (осы тұста домбыра үні әсем сазға ойысады).
Әнді естіген қыз бұл әннің кешегі бұлақ басында жетім бала салған ән екенін бірден таниды. Таниды да ойға қалады. «Бұл келіп тұрған жетім бала болар. Жетім де болса сертке берік екен. Сол сертінде тұрған соң, есебін тауып егіз күреңнің бірін қолға түсірген ғой. Қолға түсірген соң маған ат басын бұрып, белгі беріп тұрғаны болар, тәуекел!» — деп, қыз еппен киініп, затын салған қоржынын қарына іліп, сыртқа шығады. Сыртқа шыққан соң алаңсыз болайын деп, есікке қамыттай қара құлып салады. Сонан соң таң асып тұрған күрең атқа мінеді.
Мұның бәрін көз жазбай бағып тұрған жетім бала қызға келіп: «Тағдыр жолымызды оңғарсын! Сен жылқыға барып, айдап кете бер. Мен ағаңмен қоштасып қайтайын!» — дейді. Қыз мұны жөн көреді.
Жетім бала Ер Көбеннің үйінің тұсына келіп: «Ау, Ер Көбен, Ер Көбен! Сен ер екенсің. Кеше қарындасыңды қалыңсыз бергің келмей алып кетіп едің. Бүгін егіз күреңді мінгізіп, бір табын жылқыны алдымызға салып бердің. Мәрттігіңде шек жоқ екен, тәңірі жарылқасын!» — деп дауыстайды. Мұны естігенде Ер Көбен: «Өй, мынау не дейді ей!» — деп, орнынан тұра жүгіргенде құлыптаулы есікке соғылып, шалқасынан түседі.
Мұны естіген жетім бала: «ұрит соқ-соқ!» — деп іштей күліп жүріп кетеді.
Осылайша жетім бала мол жасауымен сүйгенін алып, туған жеріне жетіп, ел болып кетіп еді дейді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter