Аңыздар ✍️

  24.08.2021
  208


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Жезкиік

Көктемнің шуақты күндері бел алып, Арқаның Бетпақдала мен жапсарындағы Ақтау, Ортау, Қызылтау деп аталатын сілемді таулары ерекше шұрайланған кез екен. Ел жазылып жайлауға шыққан, көңілдері көтеріңкі, мәре-сәре.


Осындай бір табиғат пен адам қауышып, жайлаудың қызық күндері басталған шақта дәулескер күйші Сайдалы Сары Тоқаның үйінде Арқаға даңқы жайылған күйші-домбырашылардың басы қосылып қалса керек. олар: «Сары Тоқаның інісіндей» болып кеткен қобызшы Ықылас, ән мен күйді тел меңгерген Дайрабай, домбыраға тіл бітіретін Қыздарбек. Бұлардың бәрінің де ауылдары Сары Тоқа ауылына жапсар. Сонсоң да, Тоқаның жасының үлкендігін сыйлап, ел жайлауға шыққан кезде арнайы келіп сәлем беруді әдет еткен.


Орайы келген сәтте бас қосу, сырлы сұқбат, кезек-кезек тартылған әсем күйлер бұлардың көңілін көтеріп, шабыттарын шалқытады. Осындай бір шақ болса керек, көгалға сары ала сырмақ төсетіп, сары қымыз сапыртып, сұхбат құрып отырғанда ауыл іргесіндегі жоннан асып төгілген алтындай болып қалың киік көрінеді. Ғажайып көрініс әркімді-ақ қайран қалдырады. Сонда, қашаннан ұшқыр ойлы, шалт мінезді Тоқа отырып: «Мынау бір, көз алдыңнан кетпесе деп тілейтін сұлу сурет екен. Шыныменен сұлулықты дыбыс етіп саусақтарыңа ілгендерің рас болса, осы суретті күй етіп көріңдерші!» — дейді ғой.


Табиғаттың еркін өсіп, желмен жарысқан ерке киігін тамашалап отырғандардың ішінде Тоқаның әлгі өтінішіне алдымен Ықылас елеңдеп, аз-кем абыржи толқып отырады да, қара қобызына қол созады. Іле қыл қияқты құшырлана шалып, әлгі бір сұлу суреттен бірде кем емес сырлы сазды құйқылжыта төгеді. Күй бір тыңдауға ойнақы болып көрінгенмен, осынау даланың мұң-сырын тұяғына ілестірген арман-киіктей болып, азаттықты дәріптейді.


Күй де бітеді, қалың киік те қыр асып, көзден таса болады. Сонда, көкірекке қуаныш өксігі болып кептеліп, жанары жасаурап отырған Дайрабай алдымен тіл қатады. «Апыр-ай, ықам-ай, адам жанын айтқызбай түсінетін жампоз екенсіз ғой! Тусаң ту! Әлгі сырлы саз қырдың қызыл киігін қиялдағы жез киікке айналдырып жіберді-ау!» — деген екен.


Сол жерде «Жезкиік» деген атпен тұсауы кесілген күй кешікпей-ақ байтақ қазақ даласына тарайды...


Бұл — қазіргі Жезқазған облысына қарасты Жаңаарқа ауданының жерінде қыз бұрымындай Көктал деп аталатын өзеннің бойында 1880 жылы жаз айларының бір мамыражай шағында болған оқиға.


Ел ішінде «Жезкиік» күйіне қатысты мұнан басқа да бір аңыз айтылады. Ықыластың үлкен әкесі Алтын бармағы майысқан зергер болыпты дейді. Сол кезде тамалармен жапсар Қоңыр төренің ауылы отырады екен. Бұл — әйгілі Құдайменде төренің бел баласы. Құдаймендеден Қоңыр, одан Бегалы, Жаналы деген екі бала болған. Бегалыдан Жәңгір туған. Осылардың қай-қайсысы да төрелігіне қоса төңірегіне байлығымен де даңқы жайылған, жуансіңір шонжарлар болған.


Бірде Қоңыр төре өзінің бой жетіп отырған қызының жасауын келістіру үшін Алтын зергерді арнайы шақыртып, жаз бойы зер бұйым жасатады. Алтынмен бірге ер жетіп қалған немересі Ықылас еріп келеді. Жай еріп келмейді, жасы ұлғайып қалған атасының бірде көрігін басып, бірде көмірін тасып, қолқабыс тигізеді. Қоңыр төренің қызы өзіне арнайы зергер бұйым жасалып жатқан соң, күн сайын ұстаханаға келіп, бірде саусағын, енді бірде білегін өлшетіп кетіп жүреді. Сөйтіп, жүріп Ықылас екеуі жақын танысып, сөздері жарасып, бір-біріне көңілдері құлайды. Әсіресе, Ықылас тұңғыш рет бозбала сезіммен құлай беріліп, жан дүниесі жалынға оранғандай күй кешеді. Оның үстіне Қоңыр төренің қызы атастырған жігітіне салқындау болса керек. Бұл да Ықыластың қабырғасын сөккендей жүрегін сыздатады. Аз уақытта танымастай өзгеріп, мұңая тұйықталып жалғыз ғана қобызымен сырласқандай ертелі-кеш күй шалады.


Мұнің бәрін зерек атасы Алтекең сезіп жүреді. Немересінің уыз сезімін аяп, іштей күйзеледі. Бірақ амал бар ма?!


Содан, күндердің күнінде төре қызының зер бұйымдары да жасалып бітеді. Қоңыр төре мейлінше риза көңілмен: «Алтеке, қолың құтты болсын, мынау қол майың», — деп, алдына екі үйір жылқы салады.

Сонда Алтын алғысын айта отырып: «Көңілің зерек, құлағың түрік төресің ғой, баламның күйін тыңда», — деген екен. Мұнысы, төремен сүйек боламын деп дәмесін зорайтпаса да, екі жастың бір-біріне ынтық сезімін емеурін еткені еді дейді.


Қоңыр төре бұл емеурінді түсінеді. Түсінбегенде ше, атасы иек қағуы мұң екен Ықылас жаз бойы жас жүрегіне жұбаныш болған күйін лекіте шалып жөнеледі. Сырты сұлу тың сарын естір құлақты елең еткізіп, жүрдек ырғағына еліктіре үйіріп жөнелгенімен, күй астарындағы мұңлы сезім жүректі шымырлатып сығымдағандай болады.


Сонда, Қоңыр төре де іштей мүжіліп, өзінен-өзі шөгіп, үн-түнсіз отырып қалған екен...


Кейін, арада жылдар өткенде Ықылас жолаушылап келе жатып қалың қорым, моланың арасынан әлдекімнің мұңлы даусын естіп, ат басын бұрады. Жақындап келсе үсті-басы өрім- өрім, ағара бастаған шашы ұйысқан, есі кірерлі-шығарлы бір бейбақ әйелді көреді. Бұл баяғы Қоңыр төренің Ықылас ғашық болып, өзінің әйгілі «Жезкиік» күйін арнаған қызы еді дейді.


Ықыластың әйгілі «Қоңыр» күйі осы Қоңыр төреге арналып еді деген сөз бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу