Аңыздар ✍️

  24.08.2021
  161


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Жәнібектің Тіленшіге батасы

Қазіргі Арқалық, Едірей тауларының өңірі керей руының ата қонысы болған деседі. Кейіннен бұл жерлерге ақтабан-шұбырындының кезінде Қаратау жақтан келген арғын мейрам сопының, оның ішінде қаракесек Қазыбек бидің балалары тұрақтайды. Қаракесек балалары аз ата керейлерге қыр көрсетіп, көптік жасай бастаған соң, ел иесі Жәнібек батыр: «Үстімізге іргелі ел, жуан атаның балалары келіп қалды. Мен тірі тұрғанда ештеме жасай қоймағанымен, күні ертең ажал жетіп, олай-бұлай болып кетсем, бұл жерді керейге қоныс ете қоймас», — деп ойлады да, жер шолып, бірақ әрекет, ізденіс жасағаннан кейін қоныс аударады.


Жаңа қонысқа елін жайғастырып болған соң, керейдің басты адамдарын қасына ертіп, бұрын-соңды адасқан, ауысқан малдарын қайтарып алу үшін Жәнібек батыр Қаракесек еліне келеді.


Қаракесектер қаймықса да, сыйласа да, әйтеуір батырдың алдынан көлденең шықпайды, қарсы келмейді. Жәнібек болса үй тіккізіп, сойыс сойғызып, өз алдына беймарал жата береді. Сәлем бере келген адамдармен шешіле сөйлесе де қоймайды. Өзінің дегені болмаса, әйгілі «бітім жоқ» деген шешімін бір-ақ айтады да, дегенін істетеді. Сөйтіп, осылайша қаракесектер тоқыраңқырап тұрған кезде Қаз дауысты Қазыбек бидің немересі Тіленші келеді. Жәнібек Тіленшінің сәлемін алмақ түгілі, көз қырын да салмайды. Басында жастық, астында
көпшік, қисайып, қырын қараған қалпында жата береді.


Сонда Тіленші тамаған бір кернеп алып:

— Апыр-ай! «Тәкәппардың тәубасы қабыл болмайды, кеудесі көрге сыймайды» деуші еді, Мейрамның аталы төрт баласының бірінен шықсаң, бүйтпес едің. Біріміздің күңнен, екіншіміздің құлдан туғанымыз-ау, тым болмаса дұрыстап сәлемдесе алмағандығымыз, — депті.


Ақырындап келіп бір бүйірден оңдырмай атқан мыналары кім? — деген Жәнібек басын жастықтан жұлып алып, әрі қарай былай деген екен:


— Қаракесектің ері туған екен,
Елі белін бекем буған екен.
Ел шетіне жау келсе,
Мінеки, шабар тайы туған екен.
Ерлі тай құнан болады,
Ерсіз тай тулақ болады.
Кел, қасыма отыр!


Жәнібек осылай депті де, Тіленшіні қасына отырғызыпы. Содан былай қарай Тіленші биді елі де сыйлайтын болыпты. Сол күннен бастап ол ел арасында құрметке бөлене беріпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу