Аңыздар ✍️

  24.08.2021
  145


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Жаңабатырдың тағы бір жалаға ілігуі

Құдай рахмет қылсын! Жаңабатыр би картайған күнінде, ел қыстау-қыстауында отырған мезгілінде түйелерін қайырып, жинастырып жүрсе, бір бесатты кісі бірін-бірі қуысып, сабаласып, олай-бұлай ұйтқып шауып жүргенін: «Ел арасында жау жүре ме, ойнап жүрген бозбалалар ғой», — деп, жайымен түйесін жинастырып жүре береді.


Манағы бесеудің бірі құлап қалды да, төртеуі қашып кете барды. Ақырын аяндап «білейінші» деп Жаңабатыр келсе, өлімші қылып тастап кетіпті. Кірпігін қимылдатуға зорға әлі келіп, өкпесін соғып жатыр. Сол арада көрініп тұрған қыстаулардан көп кісілер де келіп қалды. Әлгі өлімші болып жатқан Сексен ұрпағының біреуі екен. Өз ауылдарының кісілері:


— Кім сені ұрған, соққан? — дегенде,


— Жаңабатыр, — деді де, өліп кетті дейді.


Сонан соң оның жанкүйерлері:


— Осыны өзің ұрмасаң да, ұрған кім, өлтірген кім екенін білесің? — десе, Жаңабатыр:


— Мен білмеймін, — деп, көрген-баққанын айтса да, Сексен деген ел гулесіп, шуласып, нанбайды да болмайды.


Тілеуімбет, Наурыз бірыңғай, Ақыл, Сексен бірыңғай болысып, Күлік өзді-өзі екіұдай болып, айтысып, тартысып, ұлғайып бара жатқан соң, Айдабол Шоң, Торайғырдың әкесі — Едіге би Айдаболдың ең жақсыларын жіберді дейді.


— Сіздердің замандасаңыз ғой! Бізді баласынар, ағайын арасын бүтіндеп, жарастырып келіңіздер, — деп. Бұлар барса, Жаңабатыр төсегінде теріс карап жатыр екен. Барған бұлардың сәлемін де алмады, амандық та айтыспады, керек қылмай, үн жоқ, түн жоқ жата берді дейді.


Бір мезгілде басын көтеріп, тіл қатпастан, үндеместен барып, отырған бұларға ежірейіп қарап, бір қолын бұлай керді, бір қолын олай керді. Аузын ырбитып, ернін бұлай бір шалжайтты, олай бір шалжайтты да, қайтадан теріс қарап жата кетті дейді.


Сонан соң бұл барғандар өкпелеп қайтты. Және көрген-білгенін Едігеге келіп айтты. «Ағаң алжыған екен, қартайған екен, аузын шалып, ақылынан танып қалыпты. Біздің барған-тұрғанымызды керек те қылған жоқ». Және сөйтті, қолы мен ернін қалайша қылғанын сөйледі дейді.


Сонда Құдай рахмет қылсын Едіге ағам, Едіге би:


— Алжыған жоқ екен, аузын шалып, ақылынан танған жоқ екен. «Бұл отырғандар: бірің оқ беретұғын немесің, бірің жақ беретұғын немесің, бірің бұлай керіп-созып, бірің олай шалжитып, ағайын арасын ашқаннан басқаң жоқ. Кесім жоқ, кесім жоқ, сендермен ісім жоқ», — деп, мені жоқтап жатыр екен, —  деп жалма-жан Едіге би өзі атқа мініп барып: «Бұл өзі қыстау ортасында болғандықтан, қапы калған жұмыс болды. Егер қыстаусыз жерде болса, жау ма, немене деп сезіктеніп, не арашалап, айырып қалар еді. Не шыр етіп, танып қалар еді. Көретұрып ұрғанның кім екенін біле алмай қалғандыққа қыстау жазалы болуға керек», — деп Жаңабатырдан Сексен деген елге бір қыстау алып беріпті. Сөйтіп сенбегенін сендіріп, нанбағанын нандырып, ағайын арасын тату қылып жарастырып қайтқан екен.


Жаңабатыр би жүз төрт жасқа келіп өлген екен. Өлерінде айтыпты:


— Құдайдың маған берген өмір жасы жүз он төртте өлмекші едім, он жасым кем болды. Оны Құдайдан көрмеймін, өзімнен көремін. Үш жан берген топтың ішінде болып едім. Өзім ант ішпесем де, ант ішкенмен бір топта болғандығымнан көріне он жасыма залал тиді, — деген.


Әкесі Шобалай Ағысқудай, Түндік өзенінің бойында, «Шобалай сүйегі» дейді. Қаракесек халқының өлгеніне мазарбасы болып қалды. Өзі Қызылтау бауырында Самайсопы қыстауының қақ іргесінде мазарбасы болып қалды.


Жаңабатыр балалары: Аққожа, Қосақ, Таңсық қожа, Жанақ — бәйбішеден төртеу. үлкені — Таңсық қожа, кенжесі — Жанақ. Тағы баска қатындарынан толып жатыр. Аз болса, он алты бар шығар.


Бір Жанақтан басқасын кағаз бетін былғап жаза бергеннен не түседі? Ат шығарып, әруақ шашқанды сөйлеу керек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу