Аңыздар ✍️
Жалғыз жігіт (ІІ нұсқа)
Ертеде ешбір туыс-туғаны жоқ бір жалқы жігіт болған екен. Жалғыздық мұңын ешкімге айта алмағандықтан домбыра мен сыбызғыны ермек етіп, ішкі дертін шығарады екен.
Ол шерткен күйлерінде ылғи бір зардың сарыны білініп тұратындықтан, ел де бара-бара көп тыңдайтын болыпты. Әйтсе де, олар мұңлы-зарлы күйдің нендей күйініштен туғанын білмек болып, жігіттен:
— Бұл немене деген күй? — деп сұрағанда, жігіт:
— Өзім де білмеймін, — деп құтылады екен. Бірақ ол күй шерткенін қоймапты. Ел іздеп келіп тыңдауын тоқтатпапты. Кейін келе ел оның осындай атсыз көп күйлерін тыңдай беріп, ақыры «Жалғыз жігіттің күйі» немесе «Жалғыз жігіт» деп атап кетіпті.
— Мұңлы-зарлы бұл күйлерді ел бірден-бірге таратып кетіпті. Күндердің бірінде бір байдың күйге құмар қызы естіп, әлгі күйші жігітке ғашық болыпты. Уақыт өте келе қыздың ғашық екенін білген жігіт, жалғыз деп кемсітпей ғашық болған қызға ынтық болыпты. Бұл оның жалғыздық
мұңына тағы бір қасірет болып қосылыпты. Қызға сөйлесуге жалғыздығы, байға сөйлесуге кедейлігі тұсау болған соң, ол тағы домбыра, сыбызғысымен сол арманын күйге айналдырып, шерлі жүрегінен «Делдал» деген күй шығарыпты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter