24.08.2021
  148


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Дүйсенбі туралы

Әңгімесінің айтуына қарағанда, бұл адам өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында сексен жас шамасында қайтыс болған. Орта жүздің Керей руынан шыққан Дүйсенбіні ел-жұрты әзілқой, жампоздығының өзімен-ақ төбесіне көтерсе, оның ат емес-ау, адам сынайтын ғажайып қабілетіне таң қалған. «Дүйсенбі айтыпты» деген сын өмірлік басқан таңбадай болып, елге тұтас тарап кететіндіктен, батылдығы мен батырлығы жеткендер болмаса, көбі сыната бермейді екен. Өзгені қойып, өз баласы Ділдебайды жұрт «сынаңызшы» деп тілек еткенде Дүйсембі:

— Өздерің көріп отырып, маған несіне сына дейсіңдер. Мүйізі түскенше сүзісуден қайтпайтын «қара бұқа» деген жігіт осы емес пе? — деген екен. Жұрт ду күліп, риза болады. Баласы әкесіне ыза болып, үйден шыға жөнеледі. Ділдебай расында мойны тұп-тұтас бұқа тұлғалы, алып қайраттың иесі — батыр адам екен. Бірақ Дүйсембі баласының ақыл иесі емес, қара күштің иесі болғанына ризалығы жоқ.


Дүйсембіге бірде Омар деген кісі он екі жасар баласы Сағындықты сынатуға әкеліпті. Алдымен қозысын сойып, қымызын құйып, замандасын күтімге алады. Екеуі әуелі бала сынау жайында емес, өткен-кеткен оқиғалар жайында мәслихаттасып отырады. Ара-кідік Дүйсембі баланың отырыс-тұрысын, барлық қимылын, әңгімеге құлақ қойысын қадағалаудан жазбайды. Өйткені бұл баланы сынауға әкелгенін біледі.


Әңгіме арасында:


— Омеке, мынау балаң қулық биенің құлыны сияқты, құс болса, ұябасар дейтіндей қағылез де шымыр, тынымсыз ба қалай? — деп бір қалады.


Қозының еті желініп, аттанар шақ болады.


— «Айран сұрай келіп шелегіңді жасырма» деген ғой, Дүйсеке. Аузың дуалы, көзің қырағы едің. Бұл баламды сізге сынатқалы келіп едім, — дейді Омар.


— Менің көріпкелім жоқ, бақсы емес екенімді өзің білесің, Омар. Көргенімді айтсам, көңілің қалса, қайтемін. Балаң үшін менен жақсы сөз естігелі келгеніңді жасыра аласың ба?


— Жасыра алмаймын, Дүйсеке. Бірақ көргеніңізді айтпасаңыз, мен де сізді қайтып көрмеймін, — деп жаратылысынан жалған намысты білмейтін Омар морт кетеді.


— Айтайын, батыр, айтайын, — деп Дүйсембі кеңк-кеңк күліп алады да, балаға сұстана қарап көп отырады.


— Тұмсығы шақпақтай, құлағы жарғақтай, ерні қаймақтай екен өзінің. Бұл сылдыр көмей, жез таңдай, сиыр жорға, қу таяқ деген жігіт. Лақты, ешкілік дауды атқа сатып алып, өмірі өзіне де, өзгеге де тыныштық бермей өтетін, елді ұйытушы емес, ірітуші адам болады, — деп баға береді.

Омар ренжімейді. Рахмет айтады. Аттанып кетеді. Сағындықты кейін көзбен көріп, үзеңгілес болған адамдар оның тап осындай жан болып өткенін айтады.


Міне, бұл — Дүйсекеңнің адам жайлы айтқан бір ғана сыны. Бірақ біздің айтқалы отырғанымыз Дүйсекеңнің ғаламат қалжыңдары жайлы.


...Дүйсекең сексен жасқа келіп, жайлау үстінде көкірек аурумен қайтыс болар шағына жетеді. Ел-жұрт аса сыйлап, қасиеттеп, қадірлейтін қартқа ақылды, атқа мінер азамат деген адамдардың бәрі жиналып келіп, көңілін сұрайды. Төсекте жатқан Дүйсекең мырс етіп күліп жіберіп:


— Білем ғой, туыстарым, білем ғой. Егер, Керей, қолдарыңнан келсе, мені алатын Құдаймен соғысуға қорықпайтын халықсыңдар ғой. Бірақ мен ел-жұртым сендермен қош айтысар шаққа жеттім, білем. Бар тілегім — қателігім болса кешіріңдер, қарақтарым! — деп қарт көзіне жас алады.


— Қасиетіңізді білмеген, қадіріңізге жетпеген ағаттығымыз бен ақымақтығымыз болса, өзіңіз кешіріңіз, ағаеке! — деп жиналған жұрт ағыл-тегіл жылайды. Ақыры сол кеште үйлеріне тарар болып:


— Құдайға тапсырдық, Дүйсеке, — деседі. Сонда Дүйсекең:


— Жұртым-ай, қызық екенсіңдер. Түбіме тап сол тапсырып отырғандарыңның өзі жеткелі тұр емес пе? — депті.


Жиылған жұрт күлісіп алады да, бірақ қайтып қайран Дүйсекеңді естеріне алып, егіліп аттанады.


Қарттың халі нашарлай бастайды.


— Ажал айлакер палуандай адамды аяқтан алады ғой, бәйбіше, аяғымнан өрлеп келеді, — дейді басында отырған бәйбішесіне:


— Өмірі не қолың, не тілегің тиіп көрмеп еді. Мені ала кет, Дүйсекем, асылым! Сенен айрылып, артыңда қалып қайтемін, — деп Қамқа шешей қатты егіліп, жылап кетеді. Сонда Дүйсекең:


— Бәйбіше-ай, құдекең қонаққа сені емес, мені шақырып отыр ғой. Екі ат жіберсе, бірге кетпегенде, қайтеміз. Ал жалғыз атқа мінгесіп, бұ дүниеден о дүниеге жеткенше қанша заман десеңші, — деп сау кезіндей қарқ-қарқ күле алмай, езу тартып қана бәйбішесінің арқасынан қағыпты. Дүйсекеңнің қайсарлығы мен қайраттылығы сондай — осындай ажал аранына жеткенге дейін «қыңқ» еткен дыбыс шығармайды. Бірақ салқын тартып бара жатқан қол-аяғын қайта-қайта ұстап отырған ауыл-аймағы уақыттың таянғанын біліп жылай бастайды. Жалғыз баласы Ділдебай еңкілдеп жылап:


— Қайран әке, қасиетіңізді елің білсе де, менің білмей қателескен жерім болса кешіріңіз. Сіз болсаңыз ол дүниеге кетіп барасыз, біз болсақ бұл дүниеде қалып барамыз. Ақылсыз ұлыңызға ақылыңызды, өнеге-өсиетіңізді айтып кетіңіз, — дейді. Сонда:


— Балам-ай, сені бар-жоғын, аш-тоғын ескермейтін батыр да батыл ғой деп ойлаушы едім. Саған не өсиет, не ақыл айтайын. Сен өзің айтқандай, өз елің, өз жұртың, ағайын-туғаныңның арасында қалып барасың. Мен болсам, көрмеген жерге, көрмеген көр дүниеге кетіп барамын. Не істеп, не қоюым керек. Қайта ақылдарың болса, бәрің маған айтуларың керек емес пе? — деген екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу